«Байтақ» – жасылдар партиясы  табиғатты  қорғайды

Көкшетауда Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Ақмола облыстық филиалының кезекті IV конференциясы өтті.

Конференцияда облыстық филиалдың саяси кеңесінің жаңа құрамы мен төрағасы сайланып, алдағы жұмыс жоспары бекітілді.

Партия белсенділері, өңірлік делегаттар, эколог-сарапшылар, жастар ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым мен жергілікті ардагерлерді қатыстыра отырып, елдің жасыл болашағын айқындауды мұрат тұтқан бұл басқосуда партия төрағасы Азаматхан Әміртаев сөз сөйлеп, филиалдың алдағы кезеңге арналған бағыт-бағдарын айқындады. Жиында жаңа құрам сайланып, партияның өңірлік құрылымы толықтай жаңарды. Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып Асылбек Байжұма сайланды. Сондай-ақ, саяси кеңес, атқарушы хатшылық пен тексеру комиссия жасақталды.

Конференцияның күн тәртібі тек кадрлық өзгерістермен ғана шектелмей, аймақтың ең өзекті мәселелері талқыланды. Әсіресе, Астана маңындағы қоқыс қалдықтарының облыс аумағында шоғырлануы халық тарапынан наразылық туғызып отырғаны айтылды. Бұл жайында партия төрағасы:

– Астана маңындағы тұрмыстық қалдықтар түгел Ақмола облысының Талапкер ауылының аумағында үйіліп жатыр. Ал, астаналықтардың қоқыс әкету үшін төлеген төлемақылары елорданың бюджетіне түседі, ақмолалықтар неге осының зиянын көруі тиіс?! Сондықтан, біз Ақмола облысы мен Астана арасында агломерациялық жобалық офис құрып, әділ шешім қабылдауымыз керек. Мұндайда Астана сол қаржыны Ақмолаға бөлуі қажет, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, конференцияда Көкшетау қаласындағы Копа көлінің экологиялық ахуалы, Бурабайдың тұмса табиғатын қоқыстан арылту, сондай-ақ, Астананың медицина мекемелерінен шығатын қалдықтарды өңдеу мәселелері де талқыланды. Бұлардың барлығы Ақмола облысы үшін шешімін күткен  маңызды мәселелер.

Азаматхан Әміртаев өз сөзінде экологиялық бастамаларды жүзеге асыруда халықпен бірлесе әрекет етудің маңызы зор екенін де ерекше атап өтті.

–Кейде таза экологиялық жобалардың өзіне қарсылық туындайды. Сондықтан, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жасалып жатқан ізгі қадамдарды қолдауымыз қажет. Табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет,– деді бұл ретте, Азаматхан Сайлауұлы.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы бұған дейін Алматы облысы мен Алматы қаласы арасында агломерациялық жобалық кеңсе құрған болатын. Ендігі кезекте оны Ақмола облысы мен Астана арасында құруды көздеп отыр. Бұл жоба ортақ мәселелерді шешуде үйлесімді қадам болары анық.

Басқосу барысында №13 «ЭКОС» мектеп-лицейінің жұмысы таныстырылып, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызына назар аударылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар