Қаз-қалпында
Ана бір жылы қызыл қырманға ат басын бұрдық. Астық мол, халықтың да көңіл-күйі көтеріңкі. Қырман басына бір қауым жұрт жиналып қалыпты. Әуелі пай иелерінің үлесін таратып жатқан шығар деп ойладық. Шынында да солай екен, әркім өз үлесін алып жатыр.
Таңдауларына орай, біреуі бидай, біреуі арпа дегендей. Шеткерек тұрған шоқша сақалды жігіт ағасы шаруашылық басшысына жағдайын айтып жатыр.
–Өзіңіз білесіз ғой, таяуда ғана көшіп келдік. Азын-аулақ малымыз бар. Шөпті күзде жинадық. Нәрі кеткен соң. Енді жемсіз болмайтын түрі бар, – дейді жігіт ағасы.
–Қалағаныңызды алыңыз, – дейді шаруашылық басшысы, – биыл көктен беріп, жерден иді. Арпа аласыз ба, әлде сұлы аласыз ба, қанша керек еді?
Міне, осы жөн деп әңгімеге араласты шеттеу тұрған ақсақал. Ертеде бауырмал, бір-біріне қамқор ел ішінде осындай жиын-терін кезінде ағайынға көмектесетін кеусен деген дәстүр болған. Қазір мына жігіттер сол дәстүрдің анық атын біле қоймағанымен, жалпы нобайы, ішкі мазмұны сақталып отыр. «Елде болса ерніңе тиеді» деген халқымыздың даналығы осы емес пе? Жаз бойы күннің қабағына қарап ел-жұрт шөпсіз қалмаса екен, кәсіп қылып жүрген азаматтардың еңбегі жанып, еккені шықса екен деп тілек тіледік емес пе?
–Уа, ақсақал, көп тілеген соң көл болып жатқан шығар, тиесілі сыбағаңыздың үстінен тағы бір тонна алыңызшы, ақ түйенің қарны жарылып тұр ғой, – деді шаруашылық басшысы.
–Міне, азамат! – деп жадырап қалды ақсақал бір ауыз сөзіне бір тонна астық бұйырғанына қуанып, – былтыр қыс қатты болды. Мына іргедегі «Қараөзек» серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов көктем шыға жұрттың жылқысы жұтауға жақындағанда әлі екпеген келесі жылдың пайын таратты емес пе? Осындай ел қамын жеген ерлер барда ел жүдемейді ғой. Нағыз кеусен сонда болды.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, бір тонна тұрмақ бір шелек жемге зәру болып отырған елге жанашыр болған қандай жақсы. Сол өнегені көрсетіп кеткен елдегі дәстүр жоралғы. Кеусен деген бір ауыз сөздің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын қаншама мағына, ыстық ықылас жатыр десеңізші.
***
Шөміш қағу
Зәуі бір себеппен ауылға барғанбыз. Биыл біздің өңірде жаңбыр жиі. Әйтсе де көк аспанды қаптап, түнеріп келген тоқтының жабағы жүніндей ұйысқан бұлт біткен шоқ жұлдыздай шағын ауылды айналып өтеді екен. Ауыл ақсақалдары табиғаттың осы бір тылсым мінезінің сырын таба алмай айран асыр. Ауылды айтасыз, алақандай қаланың өзінде жауын ала-құла жауатындығын көзіміз көріп жүр. Орталықта бие сауым уақыт қорғасын бұлт түйдектеле түнеріп келіп шелектеп төге салғанда, шеттегі шағын ауданға тамшы да тамбайды. Келесі күні дәл сондай көрініс. Бірақ керісінше, шеткі аудан батпаққа батып жатса, орталық құп-құрғақ. Елдегі көрініс те құтты осы сияқты. Әйтсе де ақсақалдар себебін іздеп әуре-сарсаңға түсіп отыр. Кейбіреулерінің айтуына қарағанда, Ақтастың етегіндегі баяғы жоңғар шапқыншылығынан қалған көне зираттың кейбір қабірі ашылып, сүйектері қабірден шығып қалса керек. Әне бір жылдары ел адамдары Ақтастың етегінен іргетас құятын тас аламыз деп едәуір жерін қазып тастап еді. Қабірлердің ашылып қалу себебі де сол. Әр нәрсеге мұқият ақсақалдар жауынның жаумауы содан деседі.
–Шөміш қағып көрейік, – деді Есенбай ақсақал.
–Аға, ол қандай ырым? – деді алқақотан отырған жұрттың етегін баса отырған Айдарбек. Ел назары өзіне ауған соң Есенбай ақсақал бар білгенін қотарып салған.
–Ертедегі қазақ дәстүрі, – деді Есенбай ақсақал, – көктем келіп жер-ана бусанып, бәйшешек гүлдеп жатқан уақытта жып-жылы жауынның бір құйып беретіні бар. Шөп пен егінге нағыз керек ылғал. Егін егіліп болған, ендігісі шөптің жайы. Жауын жаумаса үлкендер «күн күркіресін, көк дүркіресін» деп тілек тілеген. Қолдарына ағаш сапты ожау алып, маңдайшаға тигізіп, «ағарған мол болсын» деген ізгі ниеттерін жаратқанға жеткізіп жалбарынған.
Жаратқан өз пендесін таршылықта сынамайды. Көп ниеті қабыл болып, Арқаның ақ жауыны апталап құйып беретін оқиғалар көп кездескен. Көпті көрген көнекөздің ұсынысын қабыл алған жұрт бағзы замандағы ырымды орындауға кірісті.
Біз ауылдан аттанып бара жатқанда теріскейден жылжыған шөкімдей бұлт әуеде жібек орамалдай жайылып, баданадай-баданадай жауын шөліркеген даланың төсіне құйыла бастады. Осы бір ғаламат көрініске таң қалғанымыз бар. Ескінің есті ырымын сақтасақ, ел ырысы да мол болады екен-ау.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
![]()

