«Күз сыйлары» көңілден шықты

Мектеп жәрмеңкесі

Көкшетау қаласының №6 мектеп-лицейінде «Күз сыйлары» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Жәрмеңке адал еңбекті дәріптеу, балалар арасында дұрыс тамақтануды насихаттау, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп, оқушыларға экологиялық тәрбие беру мақсатын көздейді. Жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келген жәрмеңке оқушыларды да қызықтырды. Олар да бұл игі шараға ат салысып, оған жазғы каникулда ата-аналарымен бірге өсірген саяжай, бау-бақша өнімдерімен өздерінің үлестерін қосты. Осы жәрмеңкенің өтетіндігінен құлақтанған жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да бұл жәрмеңкеден жайбарақат қалмай, қызыға тамашалады. Тіпті ондағы өнімдер мен бұйымдарды сатып алушылар қатарынан табылды.

Саяжай өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынуда педагогтар Салтанат Тасымова, Александра Наумова, Елена Штепенко, Гүлмира Казбекова, Елена Антипова, сондай-ақ, Бессергеновтар әулеті ерекше белсенділік танытты. Әсіресе, кәді, қызанақ, қияр, картоп, сәбіз сынды өнімдер тез сатылып кетті.

Биология пәнінің мұғалімі Елена Бардадамованың нубиялық ешкі сүтінен жасалған йогурттары жәрмеңкенің көркін келтірді. Оның дәмді әрі емдік қасиеті мол осы өнімдері көпшіліктің үлкен сұранысына ие болды.

Он саусағынан өнер тамған шебер мұғалімдер мен ата-аналардың қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары да көрмеге қойылды. Барлық қатысушылар мектеп директоры Гүлнәр Әбдіқасымованың қолынан мақтау қағаздарын алды. Сөйтіп, жәрмеңке осы оқу орны мұғалімдерінің тек білім бағбандары ғана емес, сонымен бірге, күнделікті өмірде әртүрлі қызығушылықтары бар қабілет иелері екендіктерін де жақсы көрсетіп берді.

Мерекелік көңіл-күйді музыка пәнінің мұғалімі Ержан Есімовтің Отан, туған ел туралы әсем әндері тіпті жандандыра түсті. Жәрмеңкедегі көкөністер, маринадталған қияр, жемістер, компоттар, джем, аспаздық және кондитерлік өнімдерден түскен қаржының бір бөлігі көп балалы отбасыларына көмек ретінде бағытталды. Ізгілікті іспен ұштасқан бұл шара мектеп-лицей ұжымының бірлігін, мейірімділік пен қамқорлыққа деген ақадал ниетін  танытып, көпшілікті риза ете түсті.

Мадина ҚАДЫРБЕК,
Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар