Облыс орталығында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл, батыр музейінің ашылғанына 30 жыл толуы салтанатты түрде аталып өтті.
Сөз басында оқырман есіне сала кететін бір жай, жерлес батырдың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес және сол кездегі Көкшетау облысы әкімдігінің қолдауымен 1995 жылдың 4 қыркүйегінде аталмыш музей туған жұртына есігін айқара ашып, ендігі арада тәлім мен тағылымның, білім мен ғылымның, ерлікке тәрбиелер, батырлыққа баулыр орда болатындығына сендіріп еді. Бұл үшін алдын ала музейді ұйымдастыру тұрғысында қыруар іс атқарылып, оның бастауында Мәлік ағамыздың немере інісі, белгілі қаламгер Жанатай Бекенов пен зайыбы, ұлт жанашыры Мәриям Кенжеахметова тұрған еді. Әрі қарай өз жұмысын осы кісілердің жетекшілігімен жүргізген Мәлік музейі. Содан бері отыз жыл бойы жас ұрпаққа рухани нәр беретін, патриоттық сезім отын шарпытатын ұлағатты орынға айналып келеді.
Салтанатты рәсімнің шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова өз сөзінде музейдің отыз жылғы табысын тұшымды етіп жан-жақты айтып берді. Кемелдену, толысу жылдарындағы ел ісіне қосқан қомақты үлесі де тілге тиек етілді.
Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» екені ескеріле отырып, ұзақ жылдар бойы осы ұжымда еңбек етіп келе жатқан Таим Исахметқызы, Ақылбай Қажыбайұлы, Жәзит Серікұлы, Тоқтар Әшімұлы облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Көкшетаулық дәстүрлі әншілер Төлеубай Райымбек, Сәрсенбай Хасенов, Аслан Мұхамедияров, Жанар Ахметжаровалар әуелете ән шырқап, салтанатты рәсімнің шырайын келтіре түсті. Отыз жылдық музей ғұмырында талай тақырыпты қамтыған игілікті шаралардың куәсі болған және сол елдік мәні бар, мазмұны терең істердің ортасында жүрген ел ағалары да сөз сөйлеп, рухани қазынаның қайнар көзі жас құрақтай жарқырап өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына парасат, адамгершілік қасиеттермен қоса ерлікке баулитын, елдікке шақыратын жұмыс жүргізіп отырғандығына тоқталды. Өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов, Қаратай Төлекеев тәрізді азаматтар мерейлі мерекемен құттықтай отырып, музейдің әлі де толыса түсуі үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру керектігіне тоқталды. Осы музейге басшылық жасаған кезінде ауқымды шараларды жүзеге асырған, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып отырған Құдайберлі Мырзабек те Мәлік Ғабдуллиннің ерлік істерімен қатар, елдік бағыттағы баға жетпес үлесін тереңінен талдап, салмақты ой айтты.
Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау Азаматтық қорғау академиясының басшысы, полковник Жұмабек Хасенов музеймен бірлесе тәрбие бағытында атқарылып жатқан он сан шара туралы ұтымды сөз сөйлеп, орынды пікір білдірді. Әскери адамдардың батыр Мәліктің ерлік істерін білсе де жазушылық қырын, ұстаздық ұлағатын, қоғамдағы келісті шаруасын жете біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыруда музейдің орасан зор еңбек етіп келе жатқанын айта келіп, ұжым басшысы Мұхамед Қоңқаевқа сый-сипатын табыс етті.
Отыз жылдық мереке ордалы ойлармен астасып, келешектің көкжиегін нұрландырар қуатпен ерекшелене түсті.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
![]()

