Әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіледі

Меморандум

Ақмола облыстық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы компаниялары атынан «Самұрық-Қазына Tраст» қоры аймақта әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, адами капиталды дамыту мен кәсіптік-техникалық мамандықтарға қолдау көрсету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  

Екі тараптың кездесуінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова аталмыш меморандумның маңыздылығына тоқталып, құжаттың аймақ инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік бастамаларды ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Қазақстанның экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі өте зор. Компания елімізде ірі ұлттық басқарушы холдинг ретінде танылған. Қай саланы алатын болсақ та, энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым салалары бойынша біраз ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Енді біздің облысымызда да әлеуметтік саланы одан әрі дамыту үшін сіздермен бірлесіп, біраз жобаларды жүзеге асырамыз деп үміттенеміз, –деді кездесуде облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен, аталмыш қордың біздің аймаққа келудегі мақсатын жан-жақты түсіндіре кетсек, елімізде соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдер өкінішке орай, көбейіп жатыр. Сол себепті,  республиканың түкпір-түкпірінде ерекше балаларды қолдау мен білім беру  мақсатында инклюзивті кабинеттер ашылуда. Ақмола облысында мұндай ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны өткен жылы шамамен 11800-дей болса, биылғы жылы олардың саны 13500-ге жеткен көрінеді. Сонымен бірге, бүгінде өңірде инклюзивті білім беруді қолдаудың 126 кабинеті болса, онда 2500-ден астам бала оқып, олармен 470 педагог жұмыс істейді. Ендігі арада «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы облыс аумағында осындай балаларды қолдап, арнайы инклюзивті кабинеттер ашуға атсалысатын болады. Сонымен қатар, меморандум шеңберінде қор «Тәлімгер» жобасы бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды жұмысқа орналастыру сияқты сауапты істермен де айналыспақшы. Бүгінгі күні аталмыш жоба аясында облыста осындай санаттағы 6 бала  жұмысқа орналастырылған.

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы ретте, аталмыш қор техникалық білім мен кәсіби даярлықты қолдауға айрықша назар аударып отыр. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, бүгінде компания құрылымында 190 мыңға жуық жұмысшы маман еңбек етуде. Бұған қоса, соңғы бес жылда Ақмола облысында 14 қайырымдылық жоба жүзеге асырылған. Енді меморандум аясында қор аймақтағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттерін дуальді оқыту аясында тәжірибе жинақтайтын кәсіпорындармен қамтып, келешекте жұмыс табуларына қолдау көрсетпек.

– «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші. 20 өңірде жұмысшыларымыз бар. Ақмола өңіріне келсек, бұл жерде 10 мыңнан астам жұмыскерлеріміз еңбек етуде. Жергілікті колледж, университеттермен, кәсіпорындармен байланыс орнатылған. Олармен дуальді оқыту бойынша жұмыс істеп, кейін жастарды жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. Бізде қазір жаңа бағыттың бірі, ол аралас орталықтарды ашу. Биыл пилоттық жобаға 5 өңірді алып отырмыз, – деді «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Алдағы уақытта осы меморандум аясында облыста оңалту орталықтарын ашу, инклюзивті білім беруді қолдау, бұқаралық спорт пен білім беру саласындағы бірқатар әлеуметтік жобалар іске асырылады. Меморандум шеңберінде қолға алынатын жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Басты мақсат – жастарды қолдау мен адами капиталды нығайту.

Кездесуден кейін жиынға қатысқан екі тарап өкілдері Көкшетау қаласында орналасқан №13 «Экос» мектеп-гимназиясына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы, Baquatty Aimaq Qory, ANSA, ESEN Foundation, «Болашақ» қорларының қаражаты есебінен инклюзивті практикаларды енгізу жөніндегі ресурстық орталықтың ресми ашылуына қатысты. Бұл  ресурстық орталықта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар