Белгілі балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайым – 70 жаста
Серік Негимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері «Еркешора», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Аюқұлақ», «Аққоянның үйшігі», «Жалқаулыққа кім үйір?», «Алабұға аулаған күн», «Ағыл-тегіл», «Құс қанаты», «Тағдыр сыйы», «Дала әуені», «Ақ кептер», «Құс ұясы», орыс тіліндегі «Летят журавли» атты прозалық жинақтардың авторы Толымбек Әбдірайымның қаламынан 150-ден астам әңгіме, 25 ертегі, 5 хикаят туындапты.
Баланы әлпештеп-мәпелеп, әдептілікке, ізгілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, оның сана-сезімін, ой-қиялын, арман-тілегін жетілдіру – ата-ананың абзал борышы, қасиетті ісі. «Бақыт қайда барасың? – Балбыраған бесікте, Қайыры бар есікте, Балалы үйге барамын» дегенде бал буынға деген ынтызарлық пен қамқорлық, бал дәурен балалыққа деген құрмет пен көзқарас бар.
Иә, нарық заманында ұлттық-рухани құндылықтарға негізделген ежелгі қағидаттар әлсіреп, қоғамды берекесіздіктер жайлап алғаны, ойран салғаны қынжылтады.
Жазушы Толымбек Әбдірайым «Тұнжыр» дейтін хикаятында қорлық пен зорлықтың тұзағында шырмалған Рауанның қасіретті тағдыры көрсетілген. Тасбауыр етжеңді қарасұр келіншектің, яғни, өгей шешенің Рауанға зіркілдеуі оқырманды шошындырады.
Тыңдайық:
–Доғар сөзді! Жаның барда жылдам киін! Ағаш жар, көмір кіргіз! Кірін жу ана бөпеңнің! Осы жұмыстарды атқарсаң, соңыра, біз ұйқыға жатқанда оқисың сабағыңды. Ұқтың ба?
Көргенсіз бейпіл ауыз өгей шешенің сөз саптасы: «Қу жүгірмек», «көзіңе көк шыбын үймелетем», «қолының сумақайлығы бар» секілді тікенек сөздер, шайтанның дұғасындай өрескел жалған айыптаулар. Осылармен қоса-қабат Рауанды теуіп жіберу, жақтан ұру сияқты.
Ақырында, безбүйрек өгей шеше мен тасжүрек әкенің теперішіне шыдамай Рауан мешіт, базар, автомойка маңын төңіректеп, нәпақасын табады. Бейнет-мехнат шегеді, далада түнейді, мектептен шығады, алданады, арбалады.
Бірде ол түсінде «аспанға көз тіксе, дөңгелек ай күлімсірегендей, тілдескендей көрінді». Сонда ол: «Ей, Ай! Естимісің мені? Сен жердегі тіршілік иелеріне, сонау көктен, дәл төбеден қарап тұрсың ғой! Айтшы, білсең? Ата-анам бола тұра, неге мені сыртқа тебеді? Тәтем, неге жек көреді. Бар жазығым одан тумағандығым ба? Әлім келгенше, айтқанын істеп жүрмін ғой… Өмір неге күрделі?! Өмір неге көңілсіз?». Мінеки, Рауанның көкейкесті құпия сыры.
Рауанның тағдырын сипаттай отырып, жазушы Толымбек Әбдірайым «Адам баласы із-түзсіз жоғалатын ине емес. Әр адамның өз орны бар. Адам атаулы бір-бір тұлға. Жазылмаған кітап» дейтін философиялық түйін жасайды.
Рухани мүгедектіктің сыры неде?
«Т.Әбдірайымның қазіргі қоғамда күн кешкен «кішкентай» адамның тағдыр-талайы туралы қозғаған повесін оқығанда, әйгілі Әуезовтің «Жетім» әңгімесі ойға оралады, – деп жазады Франц Кафка атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай. – Сол бір заманда адамдардың әділетсіздігінен, мейірімсіздігінен мерт болатын бала тағдыры мен Толымбек повесіндегі Рауан атты баланың өмір жолы, өмір үшін күресетін жетімдік талайы желілес. Әлбетте, Төкең кейіпкері – қазіргі қоғамдағы қазақ халқының өзгерген, кері кеткен десек те артық емес, қатыгездікке бейім кейім-кеспірін ашатын бейне… Бұл бейне оқырманды ойға қалдырады, қоғам ойсыздығын бетке басары анық. Тұнық емес, тұнжыр өмір суреті сұстылығымен тіксінтеді…»
***
Жазушының «Мұжығын», «Хат», «Ұшқалақ», «Апат», «Шерлі жүрек», «Құс қанаты», «Уайым», «Пешене», «Шайтан шал», «Өкпек», «Қасқырлар қамаған түн», «Қара ешкі», «Түнгі жол» дейтін әңгіме-новеллаларында жаһандану заманындағы орасан жөнсіздіктер мен қайшылықтар (азғындық, жезөкшелік, имансыздық, екіжүзділік) әшкереленеді. Соның бірі «Мұжығын» новелласы ертегілік сипатта жазылған. Оқиғасы да төтенше қызықты, таңғажайып, баяндау тәсілі, композициялық және сюжеттік құрылысы жинақы, шымыр, идеясы, көркемдігі жоғары. Тарқатып айтар болсақ, ерте, ерте, ертеде бір байдың жалғыз ұлының анасы жазылмайтын дертке ұшырапты. Сонда бір қария адам аяғы жетпеген алыста кең жазық пен аласа таулы жерлерде, сайлардың табанында мұжығын деген көпжылдық өсімдікті тапсаң, анаң дертінен құлан-таза айығады дейді. Нартәуекел деп бала ұзақ сапарға шығады. Нешеме азаптарға, қиындықтарға жолығады. Олар: аң бейнесіндегі құбыжықтар, мыстан кемпір… Баланы қолдап-қорғаушылар да бар. Олар: ақ сақалды абыз-қария, Ана – қарлығаш, тасбақа. Көк жүзінде ақ бұлттардың ішінде жүзіп бара жатқан ақ сәлделі ақсақал: «Анаңның сырқатына шипа іздегенің сауапты іс! Тәңірі жарылқасын! Алған бетіңнен қайтпа! Анасын ардақтаған перзент сендей-ақ болсын!» — дейді.
Жазушы сәнді, құлпырған және азған-тозған сұрқай шаһарлардың халқын салыстырады. «Жаратушысын ұмытқан ел оңушы ма еді?! дейді. Ал Жаратушыға деген сенім мен имандылық – елдің қорғаны, келешектің кепілі». Жазушы Т.Әбдірайым жанды-жансыз құбылыстарды әсерлі сөйлетеді. Бұл орайда ол түйірдей дәннің ой-толғамын былайша жеткізеді:
– Адамда екі рух бар. Біріншісі, рух – сұлтани. Ол Алланың көркем сипатымен жаратылған. Екіншісі, рух-и – хайуани. Бұл Алла тағаланың құдірет сипатының араласуымен жаратылған. Денеде осы екі патшаның бір-бір уәзірі және адамның рухани басшысы бар. Рух – сұлтанидің уәзірі ақыл және періште. Ол солармен ақылдасады. Алланың әміріне бағыну, жақсылық жасау, кісілікті болу, Отаныңды сүю. Әрі Алланың тыйымдарынан қашу.
Негізінде, балалар жазушысы Т.Әбдірайым олардың жас ерекшеліктеріне, қабылдауына, ұғым-түсініктеріне орай жатық, қарапайым тілмен суреттеп жеткізеді. Бұған орай, «Мақтаншақ сары сағат», «Тәкаппар піл», «Ине мен жіп», «Дәптер мен әліппе», «Сабыр түбі – сары алтын», «Ақ қайыңның ақылы», «Бақыт деген не?», «Алданған бай», «Шөптің қателігі», «Кітап мұңы», «Әділ бөрі» дейтін ертегілері мен мысалдарында жанды-жансыз құбылыстарды сөйлетеді, тәмсілдерді әрі шебер, әрі келісті қолданады.
Мәселен, «Бақыт деген не?» атты ертегісінде бір байдың баласы не ішем, не кием демейді. Үріп ішіп, шайқап төгіп сайранды, салтанатты дәурен өткізеді. Сөйтіп шалқып-тасып жүргенде ата-анасы дүниеден озып, өзі азып-тозып, малы таусылады, тұрмысы нашарлайды. Содан ол бақыт іздеп ит арқасы қиянға сапар шегеді. Жол үстінде алдымен сал болып жартастың үстінде жатқан жыланға жолығады. Ол айтады: жай-күйімнің емін сұрашы деп тапсырады. Мұнан соң құрғақшылықтың шырмауында, жоқшылықтың шылауында қалған ырғалған қалың елге кезігеді. Осы бір апаттан құтылудың жолын сұрашы деген ел тілегін өтініш етеді.
Одан әрі бір шаһарға келіп, оның ханы былай дейді: Жарты ғасырдан бері ұры-қары көбейіп, бей-берекетсіздік жайлады. Осының мәнісі не екенін тексерші дейді. Мұнан соң тағы бір шаһар алдынан шығады. Сондағы бір ұстаханаға бас сұқса, бір қария жөн сұрайды.
–Е-е… бақыт іздеп шықсаң, келген ізіңмен кері еліңе қайт. Бағың тосып тұр – дейді де, ақылды қарт жолда кезіккендердің тілектеріне былайша кеңес беріпті:
Бірінші. Ол жылан ең ақымақ адамның миын жесін. Сонда сырқатынан құлан-таза айығады.
Екінші. Құрғақшылық жайлаған елдің іргесінде бастау – бұлақ бар. Көзінде ат басындай алтын жатыр. Соны қопарып алса, бұрқырап су шығады.
Үшінші. Сен сөйлескен шаһар ханы тұрмыс құрмаған қыз. Сондықтан, ерге шықсын. Бір бастың екі бас болғаны жақсы. Күйеуімен ақылдаса отырып ел басқарса, дұрыс болады. Жолаушы жас науша қарияға дән разы болып, тұп-тура келген жолымен кері қайтады. Алдымен ханшаға келіп, қарияның кеңесін жеткізеді. Қыз патша онда екеуіміз бас қосып, елді бірге басқарайық дейді. Жігіт елде бақ күтіп тұр деп азар да безер болады.
Енді құрғақшылық құртқан елге келіп, қарияның сәлемін айтады. Расында да солай екен. Ел ат басындай алтынды жігітке ұсынады. Ол оны ауырсынып қалдырып кетеді.
Бағыты ел. Жылан жатқан жартасқа соғады да, қарияның «дүниедегі ең ақымақ адамның миын жесе, тәуір болады» деген ақылын айтады. Бақыт іздеген, шартарапты шарлаған, әбден шаршаған жігіт қалың ұйқыға кетеді. Жылан терең ойға шомып, қыз-патша тақ берді, анау ел ат басындай алтын ұсынды, байлықтан да, бақтан да бас тартты. Шын ақымақтың өзі екен деп, дәу тасты құйрығымен жылжытып-сырғанатып, басын мылжа-мылжа етіп, миын жейді.
Мінеки, алақанына қонайын деген бақ құсын жолатпаған ақылы тайыз ойсыздың тағдыры осылайша қиылған.
Қандай әсерлі, көркем, мағынасы терең тәмсіл!
«Сабыр түбі – сары алтын» дейтін ертегісінің де ғибрат-өнегесі де өзгеше. Алты жыл айтулы шаһарда білім алған жігіт еліне бара жатқан жолда жалғыз қызы, 5-6 қойшысы бар ақылы асқан, көпті көрген, көңіліне түйген Рақым қартқа жолығып, дидарласады. Ол: «Сөздің атасы не, анасы не?» деп сұрайды. Оқыған азамат ләм-мим демейді. Содан не керек, қария сенің бір жылдық оқуың кем екен деп, жүз саулық беріп бақтырады. Қара қозы менікі, ақ қозы сенікі дейді. Бір жылдан соң қария жігітке қос ат беріп, қозыкөш жерге шығарып сап тұрып: «Жадыңа тұт! Сөздің атасы – ақыл, анасы – сабырлылық!» – дейді.
Сондай-ақ, «Тәкаппар піл» ертегісінің де оқиғасы қызықты әрі ғибратты. Таудай піл жеті балапаны бар Тоқылдақтың ұясын аяусыз басып-жаншып өтеді. Жан дауысы шыққан Тоқылдақ Сауысқан мен Қарғаға пілдің қорлық-зорлығын айтады. Олар Тоқылдақтың қайғысына ортақтасып, пілдің көзін шұқып тастайды. Құлағына сенген піл су ішу үшін, орға жығылмау үшін құрбақаға жалынады. Құрбақаның бақылдауымен су ішіп, ордан, жардан құтылып біраз уақыт ғұмыр кешеді. Сөйтіп жүргенде Тоқылдақ Құрбақаларға болған жайды жан-жақты тәптіштеп түсіндіреді. Ақырында құрбақалар пілді елсізге әсем сазды даусымен әкеліп, терең сайға құлатып сулатып, менмен, кеудемсоқ, ожар пілді өлтіреді.
Ертегі бүлдіршіндерді қиянат жасамауға, өктемдік көрсетпеуге шақырады.
Жазушы Т.Әбдірайымның «Адалдық», «Тапқыр бала», «Ала жіпті аттама», «Алтын алма, алғыс ал», «Сынықшы», «Мөлдір бұлақ», «Бағың нұрлансын, балам!», «Екі достың ерлігі», «Әбестік», «Көкіректегі көз» әңгімелерінде ғибрат аларлық оқиғалар жеткілікті. Айталық, «Бағың жансын, балам» атты әңгімесінде Әбуталап атаның Асхатқа амандасу, сәлем беру, ізет-ілтипат жасау мәнісін жаттықтырып үйретуі, білімді, білікті, ұлтжанды, иманды, мәдениетті болуға шақыруы, қандай ғанибет. Я болмаса «Қатарыңнан озған өрен бол, Теңіздейін терең бол!» деуі соншалықты мәнді де, мәнерлі де. «Адалдық» атты әңгімеде Әйіп пайғамбардың Алла алдында адалдығы сипатталады. Оған Әзәзіл қандай сұмдықтарды кезіктірсе де көнбістігі, көнтерлілігі қайран қалдырады.
Толымбектің «Ағыл-тегіл» атты деректі әңгімелері мен эсселер жинағы Қазақстанның Еңбек Ері, танымал музыка зерттеушісі, көркем сөз шебері, композитор Илья Жақановтың шығармашылық еңбегіне, өнерпаздық тұлғасына, кісілік келбетіне, интеллектуалдық мәдениетіне арналған. Оның халықтың дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтары турасындағы, телегей ой-толғаныстарындағы жаңалықты құбылыстарды, жаңаша танымды, тарихилық пен деректілікті, шығармашылық зертханасындағы қызықты жәйттерді, әннің шығу төркініне қатысты түбірлі себептерді түбегейлі көрсеткен.
Жазушы Толымбек Әбдірайым Ілекеңді «ұлы дариялар» жыршысы деген ой айтады. Оның суреттеуінше, орыс халқы – Пушкинді, Кюхельбехерді, Дильвигті суға теңейді екен. «Мәселен, Пушкин асып-тасып, шалқып жатады. Ол буырқанған асау толқын! Дильвиг жай ғана толықсып, Есіл сияқты ағады. Ал Кюхельбехер көгалда секіріп-секіріп жүгірген күміс бұлақ сияқты! Ілекеңнің әндері де тынысты, кең. Арқаның даласындай керіліп жатыр. Ішкі тегеуріні Пушкинге келеді. Ал сырты… мамыражай толықсып ағатын ерке Есілдей… Дильвигке ұқсайды! Тыңдап отырып демаласыз! Рахат сезімге бөленесіз! Алайда іштегі екпін, темперамент мықты! Буырқана толқиды, аласұрады. Ол өмірге ынтызарлық, ыстық махаббат!..»
Расында Илья әндерінің көркемдік жүйесі – рух байлығынан, сезім байлығынан болса керек.
Академик Ахмет Жұбановтың: «Көшелі әңгімені тыңдай білу өнер. Музыкалы новеллаңызды жиі тыңдаймын» дегені бар екен. Ахаңның тәлімгерлігін көрген Илья ағамыз оның асыл үмітін де ақтады.
Көңілім дария болғанда, қолым – қайық,
Өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық, –
деп, Мәшһүр Жүсіп айтқандай, қашанда көкірегі көк мұхиттай толқып, ой-қиял кеңістігінде шарлауды машық-дағдыға айналдырған ел серкесі, ән еркесінің өрен тұлғасын Толымбек Әбдірайым «Ағыл-тегіл» жинағында шынайы сомдаған, әрбір әннің шығу тарихын қағылездікпен бақылап, бажайлап толғаған.
«Ағыл-тегіл» кітабына Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының алғысөз жазуы да жайдан-жай болмаса керек.
***
Бала жанының жанашыры болған жазушы интеллектуалды оқырман – үлкендерге арналған шығармалар да жазып келеді. Бұл салада да автор өз қолтаңбасын танытып келе жатқаны айқын.
Кейінгі жылдары жарық көрген «Тағдыр сыйы», «Түнгі жол» кітаптарына енген «Жұдырық», «Оралу», «Ұшқыш кілем» повестері жайлы айтсақ, сөз сорабы ұзап кетер. Бұл повестерде де Т.Әбдірайым көктемде жауар құс қанатындай жаны мөлдір, ары ақша қардай кейіпкерлерімен оқырманын сусындатары анық.
Толымбек 1992-1997 жылдары Көкшетау облыстық телевизиясында бас редактор болды. Мен оның «Абай тағылымы», «Дін және біз» атты хабарларын бірнеше рет көргенім бар. Оның сол жылдары көкшетаулық зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер Көкен Шәкеев, Ибраһим Салахов, Естай Мырзахметұлы, Төлеген Қажыбаев, Жабал Ерғалиев, Баянғали Әлімжанов, Нұрмияш Көбенов, ән дүлділдері Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, олардың бүгінгі ізбасарлары Кәрім Ілиясов, Иран Тасқара шығармашылығы жайлы жасаған теле хабарлары алтын қорға енетін дүниелер деп есептеймін. Халық жазушысы, Сәкен сері Жүнісовтің 60 жасқа толуына байланысты хабары да шебер түсірілген.
Толымбек жастайынан ән-күйге, өлең-жырға әуес болған. Домбыра мен гармонда ойнаған. Сергек мінезді ол он бес жасында «Мылтық» атты оймақтай әңгіме жазғаны бар. Он жылдықты бітірген ол зауытта жұмысшы, токарь, ауылдық Кеңесте хатшы және әскери өмірдің көрігінде шыңдалған, алуан-алуан қызметтер атқарған еңбек торысының көргені де, көңілге түйгені де есепсіз, дүниетанымына да, өмір-тіршілік көріністерін зерделеуге де, суреттеуге де терең әсер, телегей сыр дарытқан.
Астана.
![]()

