Жаңашыл мұғалімнің жарқын асулары  

Ұстаздан жақсы із қалар

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп атақты қолбасшы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқанындай, бүгінгі мақаламызда мұғалім мамандығын абыроймен арқалап жүрген білікті де ұлағатты ұстаз, Целиноград ауданының Софиевка ауылының жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Төңкерқызы туралы әңгіме өрбітпекшіміз.

Оның бала жүрегіне жол тауып, білімнің жарық шырағын жағып, саналы тәрбиеге баулитын ұстаздық жолы қашан да үлкен жауапкершілік пен ізденістерді  талап еткені анық. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, біздің кейіпкеріміз  Айгүл Төңкерқызы осы үдеден шығып жүрген, қазіргі заманға сай білім беру жүйесін бес саусағындай меңгерген беделді оқытушы деп айтар едік.

Бұлай дейтініміз, ол өзінің әр сабағына ерекше дайындықпен келетін, оқушыларын жаңа тақырыпқа қызықтыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана білетін және бүгінгі күні ел болып көшіп жатқан жасанды интеллектіні өз сабағында тиімді пайдаланатын жаңашыл, жасампаз ұстаз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін тәжірибелі педагог көркем шығармаларды меңгерту кезінде оның мазмұнына, сюжеттік желісіне байланысты оқушыларға жасанды интеллектімен сурет салдырып, талдатады екен. «Оқушылар белгілі бір әңгіме, повестке қатысты суретті салу үшін міндетті түрде оны оқып, мазмұнын білулері тиіс. Сондықтан, осы әдісті пайдалану балаға кітап оқытуға ыңғайлы» дейді кейіпкеріміз. Оқушыларды әдебиетке қызықтыру үшін жаңа технологияларды, әдіс-тәсілдерді қолданудан қорықпау қажеттігін жастарға үнемі айтып отырады.

Отыз жылға жуық педагогикалық тәжірибесі бар шебер ұстаз Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келген. Әкесі Төңкер Тұрапұлы 40 жыл медицина саласына еңбек сіңірген белгілі кардиолог, өз заманының мықты дәрігерлерінің бірі болған тұлға. Бүгінде 85-тің белесін бағындырған ақсақал екі ұл, екі қызынан көрген немере-жиендерінің қуанышына кенеліп, шөберенің қызығын қызықтап отыр. Дәрігер отбасында тәрбиеленген төрт баланың тұңғышы Айгүл Төңкерқызы ақ жаулықты ардақты анасы Мәруа Асхабылқызының он саусағынан өнер тамған шебер болғанын мақтана айтады. Анасы қазір сексеннен асса да, немерелерін тазалық пен тәртіпке баулып, тиянақтылыққа үйретіп отыр. Қыздарын жастайынан қолөнер шеберлігіне бейімдеп, іс тігіп, тоқыма тоқу, қазақтың тұскиізін құрастыру, керме бау жасаудан бастап, текемет басып, сырмақ сыруға дейін үйретіпті. «Осы үйреткен ісмерлігі сіңілім екеуімізге әлі күнге үлкен сабақ. Қазіргі уақытта ұл-қызына мұндай өнеге көрсететін, ұлттық қолөнер мен дәстүрлерімізді жастарға жеткізетін аналар саусақпен санарлық, тіпті тапшы деуге болады» дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық «Ауылдың үздік мұғалімі» байқауының жеңімпазы және жүлдегері, «Жыл ұстазы» атанған Айгүл Төңкер Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің филология факультетінде білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған. Кейін тұрмыс қамымен елордамыз – Астана қаласына қоныс аударып, онда да бірер жыл қалалық мектептердің бірінде еңбек еткен. 2009 жылдан бері Ақмола облысына көшіп келіп, Целиноград ауданының Софиевка орта мектебінде осы күні ұстаздық жолын жалғастырып, шәкірт тәрбиесімен айналысып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен кісілік қасиеттерді сіңіріп, ұлттық құндылықтар мен  салт-дәстүрге қанықтырып келеді. Өмірлік серігі Лаукел Дәріпханұлы да ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген дене шынықтыру мұғалімі, әрі ауыр атлетикадан спорт шебері. Екі қызының үлкені Аяулым мен ұлы Нұрсұлтан да ата-анасының жолын қуған ұстаздар. Келіні  Қызғалдақ Әскербекқызы да білім саласында қызмет етуді жөн санаған, мұғалім мамандығының құлағын ұстаған педагог.

– Айгүл Төңкер – әдіскер мұғалім ретінде барлық біліктілік арттыру курстарынан өтіп, республика деңгейінде өз іс-тәжірибесімен бөлісіп жүрген бірнеше әдістемелік нұсқаулық пен авторлық жұмыстың авторы. Ол жас мамандарға тәлімгер болып, желілік қауымдастықта да оқу мен тәрбие мәселелерін талдап, үнемі шығармашылықтағы креативті, заманауи ұстаз ретінде танылып жүр. Өзінің  білімімен,  ашықтығымен, алғыр да, пысықтығымен, жан-жақты шығармашыл, педагог әрі спортшы ретінде де көзге түсіп келеді, – дейді Софиевка орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Нұрпейісова.

Айгүл Төңкерқызы Ы.Алтынсарин ұлттық ғылыми академиясы жұмыс тобының мүшесі, «Мұғалім – мектептегі көшбасшы», «Тәжірибедегі рефлексия», «БЖБ және ТЖБ тапсырмаларының сарапшысы», «Мектеп тренері», «Аналитик» секілді біліктілікті арттыру курстарына қатысқан әдіскер педагог, мектеп үйлестірушісі. Әр   сабағын заманауи үлгідегі  акт сервистерін қолдана отырып,  қызықты да, өте тартымды өткізіп, мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық көлемде тәжірибе алмасып, түрлі семинарлар, вебинарлар және курстар ұйымдастырады. Аудандық, облыстық әр түрлі байқаулар мен олимпиадаларда қазылық жасап, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Ол республикалық, облыстық деңгейде ұстаздарға курстар өткізіп, лектор болып, тренерлік міндеттерді де қоса атқарады. Оқушылары жыл сайын түрлі олимпиадалар мен байқаулардың, ғылыми жобалардың жүлдегерлері, «Алтын белгі» иегерлері атануда.

Тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаз жастар тәрбиесінде театрландырылған көріністер қоюдың маңыздылығына ерекше мән береді. Өзі шәкірттерін театр өнеріне баулып, сабақ барысында өткен шоқтығы биік әдеби шығармалардан, атап айтқанда, М.Әуезовтің «Қарагөз» драмасынан, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісінен», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан үзінділер қойып, шығармашылық ізденістерге баруларына мүмкіндік беріп жүр.

«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты»  демекші, Айгүл Төңкерқызының шәкірттері де республиканың әр түкпірінде бірі мұғалім, бірі журналист, бірі актер, енді бірі тіл саласында абыроймен еңбек етіп жүр екен.

Кейіпкеріміз салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа да көп көңіл бөлетін жан. Ол аудандық үстел теннисі жарысынан 29 мәрте жеңімпаз болса, бірнеше рет облыстық деңгейде екінші, үшінші орындардан көрінген. Ал, волейболдан спорт шеберіне кандидат дәрежесі бар.

Айгүл Төңкерқызының жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жүрген өлшеусіз еңбегі мен шығармашылық ізденістері аудандық білім бөлімінен бастап, облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің тарапынан жоғары бағасын алған. Биыл Қазақстан Республикасы «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.Ұстаздың жетістіктер қорында Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары, түрлі дипломдар мен сертификаттар тұнып тұр. Біз соның соңғы екі жыл ішіндегі жетістіктеріне ғана тоқталуды жөн санап отырмыз. Ол 2024 жылы республикалық  «Педстарт» олимпиадасына, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығының «Үздік сынып жетекшісі» республикалық байқауына, «Халықаралық  ұстаздар саммитіне» қатысып, алғы лектен көрінсе, республикалық «Үздік сынып жетекшісі» байқауының 1 орын жүлдегері атанған. Сол сияқты биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған халықаралық  байқауда «Жаңашыл педагог» аталымын иеленген. Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық «Ақбота», «Жарқын болашақ», «Ақберен» секілді байқаулар мен олимпиадаларда, шығармашылық жобаларды қорғау жарыстары мен оқуларда үнемі алғашқы орындардан көрініп жүр.

– Өмірлік ұстанымым – қазақ елінің болашағы деп үміт күтіп отырған жас ұрпақты адал және өзінің ұлтын сүйетін азаматтар етіп тәрбиелеп шығару. Бүгінгі технология дамыған заманда балаларға білімнен гөрі тәрбие көбірек қажет. Сондықтан, мен сабақ барысында оқушылардан әр шығарманың мазмұнын сұрап қана қоймай, оның тәрбиелік мәнін, маңызын, бүгінгі қоғаммен ұқсастықтарын салыстыртып оқытамын. Тақырыпты түсіндіру бір бөлек болса, тәрбиенің жөні тағы бір басқа, –дейді өмірін жас ұрпақ тәрбиесімен байланыстырған ұлтжанды ұстаз.  Айгүл Төңкерқызының арманы, елімізде қазақ тіліне көп көңіл бөлініп, жастар кітапқұмар болса. Соңғы кездері мемлекет тарапынан қозғалған жаппай кітап оқу жобасы кеңінен қолға алынып, ауыл-аймақта да кеңінен тарағанын қалайды.

Ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Осы міндетті бар жан-тәнімен атқарып жүрген Айгүл Төңкерқызына биылғы жаңа оқу жылында жаңа ізденістер мен шалқар шабыт тілейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: Айгүл Төңкерқызы жүлдегер шәкіртімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар