Жолдауға — қолдау
Саланы мемлекеттік қолдаудың мәні белгілі. Ең бастысы, жаңа деңгейге көтеріп, тиімділікті арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына зор міндеттер жүктеліп отыр.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр» дей келіп, қаражатты тиімді пайдалану туралы өте орынды мәселе көтерді. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған қаражат мол. Мәселен, ағымдағы жылы 242,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 63,3 миллиарды қайтарымсыз субсидиялар. Сәл таратып айтатын болсақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 26,6 миллиард теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 5,7 миллиард теңге, инвестициялық субсидиялар мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау 30,4 миллиард теңге, терең өңдеуді субсидиялауға 0,6 миллиард теңге бөлініп отыр. 179,4 миллиард теңгеден астамы жеңілдетілген несиелендіруге бағытталған. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы 13,3 миллиард теңге, «Кең дала-2» бағдарламасы 104,7 миллиард теңге, форвардтық сатып алу 4,1 миллиард теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 миллиард теңге, инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелендіруге 17 миллиард теңге, өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелендіруге 2,3 миллиард теңге қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы және уақытылы көрсетілуі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көп көмек болып, саланың қарқынды дамуына мейлінше оң серпін беріп отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдар келтіре кетелік. Өңірде биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында көктемгі және жазғы дала жұмыстары іркіліссіз, сапалы жүргізілді. Диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында бітік егін өсірілді. Ақмолалық диқандар биыл да рекордтық өнімнен дәмелі. Күзгі жиын-терін уақытылы, ысырапсыз жиналса, 7 миллион тонна өнім жиналмақ. Тағы бір айта кетерлігі, майлы дақыл алқаптарынан алғаш рет 650 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарында нәтижелі еңбек жүзеге асырылуда. Ет өндірісі 2024 жылмен салыстырғанда 6 пайызға асты. Сүт өндірісі де төрт пайызға көбейді. 166 миллиард теңгенің азық-түлігі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,6 пайызға көп.
Инвестицияның тартылуы да оң сипатқа ие. Агроөнеркәсіп саласына 60,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Үстіміздегі жылдың жеті айы бойынша өткен жылмен салыстырғанда бұл көлем 1,5 есеге көбейді.
Дала жұмыстарының тиянақты жүргізілуі материалдық-техникалық базаның мықтылығына байланысты екені белгілі. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл басынан бері 1430-дан астам ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, қуатын арттырды. Бұл бағытта 47 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда, ол 33 пайызға көбейді. 2024 жылдың 8 айында 35,4 миллиард теңгеге 1053 техника алынған болатын. Анықтама үшін айта кететін болсақ, жеңілдетілген лизингпен 1023 техника алынды. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы 26,4 пайызға өсіп, 310 мың теңгеге жетті.
Басты міндет — ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге арттыру. Ол үшін әрине, саланы қарқынды дамыту қажет. Міндет биігіне жету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және агротехника деңгейін арттыру міндеті қойылып отыр. Оның ішінде майлы дақылдардың көлемін ұлғайту, өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды батыл енгізу мәселелері бар. Ендігі арада ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында алдымен астықты өңдеу мәселесін дұрыс шешетін ауқымды, ірі жобаларды іске қосу керек. Салаға серпін беретін инвестициялық жобаларды жүзеге асырған ләзім. Облыстағы ірі агрофирмалардың толық өндірістік циклын құрып, тәжірибесін кеңейту қажет. Бұл арада ғылымның жетістігі де көп көмек болар еді.
Алдымызда ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығару көлемін көбейту және жаңа нарықтарға шығу міндеті тұр. Осы уақытқа дейін пайдаланылмай жатқан және бір кезде заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, оны кәдеге асыру мәселесі де бар.
Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бір дақылды жүйені – бидай алқаптарын кезең-кезеңімен қысқартып, жоғары рентабльді – майлы дақылдардың көлемін көбейту жоспарлануда. 2028 жылға дейін майлы дақылдар көлемі 603 мың гектарға дейін жеткізілмек. 2025 жылы бұл көлем 495,4 мың гектарды құрап еді. Агротехника деңгейін өсіру үшін минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ғылыми негізделген нормаға дейін жеткізгеніміз жөн. Ол 627 мың тоннаны құрайды. Гектар берекесі элиталық тұқымға да байланысты. 2025 жылы элиталық тұқым көлемі 13,5 пайызды құраса, келесі жылы 15 пайызға жеткізіледі.
Мемлекет басшысының Бурабайда өткен ІV Ұлттық құрылтай отырысында міндеттелгеніндей, елімізді он жыл ішінде астықты терең өңдейтін әлемдік өндірушілер мен жеткізушілердің үздік ондығына енгізу үшін өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі ретінде Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлесіп, астықты терең өңдейтін ірі зауыт салу жобасы. Бірінше кезеңдегі инвестиция көлемі 650 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы құны шамамен 1,8 миллиард АҚШ доллары. Зауыт «Aqmola» инвестициялық аймағында үш кезеңмен салынады. Кәсіпорын толық қуатына енгенде жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдей алады. Зауытта сұранысқа ие глютен, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі.
Салада алдағы үш жылда импорттық алмастыру және экспортты көбейтуге басымдық бере отырып, жалпы көлемі 963 миллиард теңгені құрайтын 86 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылады. Инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономикалық өңін жақсартатыны сөзсіз. Шикі сүт өндірісі 1,5 есеге, барлық түрдегі ет өндірісі 1,2 есеге, тауық жұмыртқасы өндірісі 13 пайызға өседі.
Суармалы жерлердің көлемі 2,7 есеге ұлғайтылмақ. Осы шаруалардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Елорданы азық-түлікпен қамту көлемі көбейеді. Сүт 30 пайыздан 50 пайызға, ет 30 пайыздан 40 пайызға, жұмыртқа 80 пайыздан 100 пайызға дейін өсер еді.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өсіруден бастап оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтамасыз етіп, табысты әрі тиімді жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Олардың қатарынан Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы және Жақсы ауданындағы «ТНК» агрофирмаларын атай кетуге болады. Олардың жұмыс нәтижесін бір гектар егістік жерге түсетін салықтық жүктемеден көруге болады. Мысалы «Родина» Агрофирмасында бұл көрсеткіш 19,7 мың теңгені құраса, облыс бойынша орташа деңгей 3193 теңге.
2024-2025 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 49 миллион теңге есебінен инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты өнімділікті 10-15 пайызға арттыруға бағытталған ғылыми-инновациялық технологияларды сынақтан өткізу және қолдану.
Ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту және жаңа нарықтарға шығу мақсатында өңірде халықаралық өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Эстонияның «Muga Grain Terminal» астық терминалымен жасалған екі жақты меморандум аясында Эстония және Еуропа елдеріне шығарылатын бидай экспортының көлемі едәуір артты. Ағымдағы жылдың сегіз айында 155,6 мың тонна бидай экспортталды. Астық өнімдерін ішкі нарыққа жеткізудің көлемін арттыру үшін облыс орталығындағы әуежай базасында авиаагрохаб құру қажеттігі бар. Катар еліне әуе арқылы қой етін экспорттау бойынша оң тәжірибе қалыптасып отыр. Бұл шешім тасымалдау қатынастарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қордағы жердің жалпы көлемі 1 миллион 027,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер көлемі 849,6 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұза отырып берген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Қайтарылған жер көлемі 759 мың гектарға тең. Бұл жерлер қордағы жер құрамына енгізілді, болашақта ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін әлеуетті ресурс болып табылады. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ішінен қазіргі уақытта 393,1 мың гектар қайта пайдалануға бөлінді, қалған 155,1 мың гектар қайтарылған жер бойынша қайта бөлу жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы қойып отырған талап деңгейінен шығу үшін, ел игілігін еселеп арттыру бағытында облыс бойынша осындай ауқымды шараларды мүлтіксіз атқаруымыз қажет.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы
және жер қатынастары басқармасының басшысы.
![]()

