Өмірімізге сапалы өзгерістер тек соған ұмтылғанымызда ғана келеді

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жарқайың ауданында болып, білім беру, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және көлік салаларының ахуалымен танысты.

Сондай-ақ, өңір тұрғындарымен кездесіп, оларды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жолғы жұмыс сапарының мәні бөлек. Аймақ басшысы әуелі аудан орталығы Державинск қаласындағы көпқабатты үйді жаңарту жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрге жуықтайтын үй 60 пәтерден тұрады. Жауапты мекеме – «Мега Строй Групп» ЖШС жөндеу жұмысын қараша айында аяқтауға ниетті. Әр шаршы метрдің құны – 198 мың теңге. Бұл турасында аудан әкімінің орынбасары Ербол Мұқашев баяндады. Мән-жайды тыңдап, жөндеу жұмыстарын өз көзімен көрген аймақ басшысы үйдің инфрақұрылымы лайықты түрде жасалып, ішкі-сыртқы жұмысы талапқа сай орындалып, тіпті, балалардың ойын алаңына дейін сапалы түрде салынған кезде ғана үйді қабылдайтынын жеткізді. Айта кетейік, тұрғын үй әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілетін болады.

–Болашақ қоныстанушылардың арасында әлеуметтік осал топтың санатындағы азаматтар бар. Олар көп балалылар, зейнеткерлер, жетімдер. Сондықтан, барлық жұмысты сапалы әрі уақытында орындау маңызды. Бұл ретте, аула абаттандырылып, көгалдандырылуы тиіс, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
***
Аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында облыста ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Иә, Жарқайыңға сапар кезінде де көлік саласы көзден таса болмады. Керісінше, көңіл қуантарлық жаңалық күтілуде. Мәселен, алпыс жыл тарихы бар Державинск вокзалының орнына енді су жаңасы бой көтереді. Әрі салынып жатқан вокзал маңынан саябақ жаңаша кейіпке енеді. Бүгінде «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша салынатын ғимаратқа «Интегро Констракшен» ЖШС бас мердігер. Ол жалпы құны 93,1 миллион теңгеге бағаланған жобаны жыл соңына дейін аяқтауға ниетті.

–Ескі ғимарат бұзылып, жаңа нысанға қазаншұңқыр әзірленді. Жалпы аумағы 214 шаршы метр болатын жаңа вокзал барлық норма мен талаптарға сәйкес салынады. Онда жолаушыларға да, «ҚТЖ» өкілдеріне де қажетті бөлмелер қарастырылған. Алдағы күндері жобалық шешімдер тапсырыс берушімен келісіліп, содан кейін ғимараттың іргетасы мен қаңқасына құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жаңа вокзалдың қасбеті мен инженерлік желілері жаңартылып, тұрғындар мен жолаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасалады, – дейді жауапты басшы Архат Айбабин.
***
«Судың да сұрауы бар» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған. Оны үнемдеу қаншалықты ауадай қажет болса, оған қол жеткізу де соншалықты маңызды. Ырыс көзіне қолжетімділік – әрбір тіршілік иесінің өмір мәні.

Осы орайда, аймақ басшысы су тазарту мекемесінің жұмысымен танысты. Державинскіде су тазарту құрылыстарының жобасы жүзеге асырылуда. Жауапты мекеме – «Байсын-А» ЖШС. Жобаның құны 1,6 миллиард теңгені құрайды. Су тазарту ғимаратында жерасты сорғы станциясы қарастырылған. Қаланың тәуліктік қажеттілігі 3,5–4 мың текше метрді құрайды, ал, су тазарту құрылысы болашақты ескере келгенде, 4,8 мың текше метр су береді. Құбыр желісі жуылып, жобалаушылар ескертпелері толық ескерілді. Мұнда 6 жұмыс орны ашылған, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 200 мың теңге.

Станция қазіргі таңда 2,5 мыңға тарта жеке тұлға мен 165 заңды тұлғаға қызмет көрсетуге арналған. Жоғарыда айтқанымыздай, берер суының көлемі бұдан артығы да жақсы. Нысан үш ауыз су сорғысымен, екі өртке қарсы сорғымен және екі дренаждық сорғымен жабдықталады. Заманауи жабдықтар арқылы Есіл өзенінен келетін су екі сатылы тазартудан өтеді.
***
Жасанды интеллект дәуірінің маңызын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ескертумен келеді. Биылғы Жолдауы да осыған арналды. «Цифрлық Қазақстанды» құрудағы негізгі мақсаттың бірі – қауіпсіздік. Себебі, кез келген қуатты мемлекет үшін оның егемендігін айқындайтын алғышарттардың бірі осы. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Олардың екінші ортасы – мектеп. Бұл тұста Жарқайың ауданының білім басқармасы заманауи жүйелерді енгізуде үлгі көрсетіп келеді.

Марат Ахметжанов іссапар аясында Державин қаласындағы Н. Крупская атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Сонау 1961 жылдан жұмыс істейтін мекемеге осыдан бес жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы білім беру бағыты бойынша жұмыс істейтін бұл мектепте бүгінде 600-ге жуық оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Дегенмен, мемлекеттік тілде білім беретін сыныптар саны ұлғайтуды қажет етеді.

Мектеп директоры Гүлшат Нұрпейісова оқу үдерісімен, мектептің жаңа материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Жағымды жаңалықтардың бірі – «Алақан» жүйесімен жабдықталған құрылғылар. Мұндағы оқушылар мектепке алақанды сканерлеу арқылы кіріп-шығады. Оқушылар сенсорлы құрылғыға алақанын қойған кезде турникет автоматты түрде ашылады. Себебі, турникет әр баланың алақаны мен тамыр суретін анықтауға қауқарлы. Олар алақанын құрылғыға жақындатқанда күзетшіге монитордан оқушының суреті шығады. Арнайы тіркеуден өткен барлық оқушы жүйеге қосылады. «Алақан» жобасы мектептің кіре берісіне, кітапханасына және асханасына орнатылған. Тың технология мектепке бейтаныс тұлғалардың кіруіне жол бермейді.
***
Аймақ басшысына «Алтын Дән КЗ» ЖШС астық қабылдау пунктінде астықты қабылдаудан бастап қоймаға жөнелтуге дейінгі жұмыс кезеңдері көрсетілді. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін бидай қабылдайды. Оның 30 пайызы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен түседі. Дән сапасын бақылау зертханасы жедел талдауға арналған барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, ауданда орақ науқаны 20 тамызда басталған. Қазір қызу қарқынмен жүріп жатыр.

«Бағалай білгеннің бағы болады, қуана білгеннің құты болады». Нысандарды аралап болған соң, аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесуде өз сөзін осылай түйіндеді. Кездесу барысында келушілердің көкейкесті сауалдарына жауап беріп, салмақты сұхбат құрды. Жиынның ерекшелігі сол, әкім өңір тынысын «құрғақ есептен» емес, тұрғындармен диалог орната отырып, танып-білді, аймақта атқарылған істерді баяндады. Кейін тұрғындарды жеке қабылдап, көкейтесті мәселелеріне назар аударды.

Өміріміздегі сапалы өзгерістер соған бәріміз мүдделі болғанда ғана қолымыздан келеді. Сондай мүдделілік өңірде жоқ емес, бар. Демек, істер де қазіргіден көбейеді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар