Алдымызда әр салаға жаңа технологияларды енгізу міндеті тұр

Жолдауға – қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жылдағы дәстүр бойынша биылғы қыркүйектің басында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жолдап, Үкімет пен Парламент алдына бірқатар маңызды міндеттерді жүктеді.  

Биыл баршамыз бірігіп іске асыратын маңызды құжаттағы жоспарлар елімізді одан әрі көркейтіп, дамытуға, қай салада болсын, ақпараттық технологияларды барынша енгізіп,  айтулы қадамдар жасауға бағытталып отыр. Бұл ретте, Президент Жолдауында инвестициялық саясат және қаржы секторын, кәсіпкерлік экономиканы, адами капиталды дамыту, өнеркәсіптік қаңқаны нығайту, ауыл шаруашылығына жаңа серпін беру, көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және су инфрақұрылымын жаңғырту бағыттарына аса мән берді.  Соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылды.

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден бастап, оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклды жүзеге асырып жүрген бұрыннан бар агрохолдингтердің тәжірибесін таратуды тапсырды. Әр өңірде дайын өнім өндіруден бастап, оны дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі бірыңғай тізбектер құрылуы керек. Бұған жаңа инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді белсенді түрде тарту маңызды.

Биылғы жылы баршамыз басшылыққа алатын маңызды құжатта жерді стратегиялық ресурс ретінде пайдаланудың маңызы айтылды. Бұл ретте, 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты айналымға тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тетігі өзгертіліп, шешімдер электрондық конкурстар негізінде цифрлық форматта қабылданатын болады.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің спутниктік мониторингісінің тиімділігі жердің сапасын, өнімділігін, жай-күйін және ауыл шаруашылығы дақылдарының таралуын талдау үшін жасанды интеллекті қолдану есебінен арттырылады. Кадастрлық деректерді, жер қойнауын пайдалану және инфрақұрылым жөніндегі мәліметтерді интеграциялай отырып, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы жасалады.

Ендігі арада қолданбалы аграрлық ғылым жылдам дамымай, агроөнеркәсіп кешенінде ұзақ мерзімді серпінді өсуі мүмкін емес. Осыған байланысты, серпінді технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған агрономияны дамыту жоспары дайындалады.

Мемлекет басшысы Жолдауында жаһандық цифрлық трансформация жағдайында технологиялық жаңартуларсыз және барлық салаларға жасанды интеллектіні енгізбей елімізді тұрақты дамыту мүмкін еместігіне назар аударды.

Азық-түлік қауіпсіздігінің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар, экономиканың инновациялық дамуының драйвері болуы тиіс аграрлық секторға да ерекше назар аударылды. Бұл жерде агроөнеркәсіптік кешенде және экономиканың басқа секторларында стратегиялық міндеттерді табысты іске асыру адами капиталға сүйенбей орындала қоймас. Білікті мамандарды даярлау және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру бұл бағыттағы мақсаттарға жетудің негізгі жолы. 2025 жылды Президент «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Бұл, ең алдымен, өндіріс орындарында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың беделін арттырып, елге, адамдарға үлкен пайда әкелумен байланыстырылды. Соған қарамастан, жоғары жалақы белгіленген мыңдаған жұмыс орындары бос тұр. Ал, мемлекет есебінен білім алған инженерлер, құрылысшылар, ауыл шаруашылығы мамандары секілді бірқатар жұмысшы мамандықтарының өкілдері меңгерген мамандығы бойынша жұмыс істемейді, олар арнайы білім беруді қажет етпейтін жылдам жалақы алатын орындарды таңдайды.

«Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылған жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деп атап өтті бұл орайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент туризм саласында елеулі әлеуеттің болуына назар аударды. Сонымен қатар, бұл саланың тежеуші факторы ретінде сапалы кадрларға қажеттілік атап өтілді. Осыған байланысты орталық және жергілікті атқарушы органдар туризмді дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуі тиіс.

Мемлекет басшысы бұл ретте, құзыреттерді саралау қажеттігін тапсырды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды кешенді дамытуға назар аударып, соған жауапты болуы тиістігін, орталық мемлекеттік органдардың шетелдік туристерді тартып, ұлттық туристік саясатты құқықтық қамтамасыз етумен айналысуы керектігін айтты. Мұндай тәсіл туризмнің әлеуетін жүйелі және жан-жақты ашуға мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жыл сайынғы кезекті Жолдауында жаһандық цифрлық трансформация жағдайында Қазақстанның нақты даму векторын белгілеп берді. Ел агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіптен бастап, көлік, туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына дейінгі барлық негізгі салаларға жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды интеграциялауға бәс тігуде.

Сонымен қатар, басты құжатта азық-түлік қауіпсіздігі мен инновациялық дамудың драйвері ретінде аграрлық секторға, сондай-ақ, адами капиталға ерекше назар аударылатын болады, онсыз ауқымды міндеттерді іске асыру мүмкін емес.

Осылайша, Жолдаудың стратегиялық басымдықтары тұрақты, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайтуға бағытталып отырғаны айқын. Осы жолда біздің әрқайсымыздан өз қызмет және жұмыс орындарымызда осы Жолдауды нақты іс-қимыл өзегіне айналдыру үшін жанашыр көзқарас пен тың серпіліс қажет деп білемін.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар