Өңірлік коммуникациялар қызметінде мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Рауан Шаймерденов БАҚ өкілдерін қаңтар-тамыз айларында атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстырды.
Ол алдымен, басқарманың негізгі міндеті өңірде салынып жатқан нысандардың сапасын бақылау, сондай-ақ, лицензиялау мен аттестаттау саласында мемлекеттік қызметтер көрсету екендігін атап өтті.
Өткен сегіз айда жоспардан тыс 74 тексеріс жүргізіліп, 67 нұсқау берілген. Пайдалануға 844 нысанның қабылдау актілері қаралып, олардың 428-і қабылданды. Сонымен қатар, 1063 құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама тіркелді. 132 әкімшілік іс қозғалып, жобалық құжаттарға және сапаға сәйкес келмегені үшін 9 мердігер ұйым мен 5 техникалық қадағалаушы жауапкершілікке тартылды. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін 2 мердігерге айыппұл салынды. Жобалық-құжаттамасыз жұмыс жүргізген 37 құрылыс субъектісі де жауапқа тартылды. Барлығы 45 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді, сотқа 39 іс жолданды.
Соңғы 8 айда 65 лицензия беріліп, қайта рәсімделген көрінеді. Сондай-ақ, 18 сарапшыға аттестат беріліп, жобаларды басқару саласында 3 ұйым аккредиттелді. Алайда, біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен 91, өтініш қанағаттандырылмаған.
Былтырғы жылдың 1 қарашасынан бастап құрылыс және жобалау саласында лицензияларды автоматтандырылған түрде тоқтату немесе күшін жою ережелері енгізілді. Енді компанияларда аттестатталған инженерлік-техникалық мамандар және тіркелген өндірістік база болуы міндетті. Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда лицензия 6 айға тоқтатылады, ал түзетілмесе біржола жойылады.
Облыста үлескерлік нысандар саны үшеу. «Шоколадта» тұрғын үй кешенінде 100 үлескер, «Құрылтайда» 190, «Даймонд Паркте» 141 үлескер бар. Бұған дейінгі «Сирень бағы», қазіргі «Ынтымақ» кешенінің мәселесі шешіліп, 103 үлескер пәтер кілттерін алған. Қазір «Даймонд Парк» бойынша жобаны әзірлеуге және құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта бастауға дайындық жүріп жатыр. Барлығы 141 үлескердің құқығы қорғалады деп күтілуде.
Биыл 30 маусымда қабылданған жаңа заңға сәйкес, үлескерлік құрылыста алдын ала келісім-шарттарға тыйым салынды. Ал, жарнама үшін «Қазреестрде» тіркелу міндеттеліп, төлемдер қолма-қол емес негізде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, заңнамаға енгізілген түзетулер көп қабатты үйлерге де таралады.
Құрылыс саласы – ел экономикасының маңызды драйверлерінің бірі. Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындардың қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз етуге, үлескерлердің құқықтарын қорғауға және құрылыс сапасына қатаң бақылау жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
Тек сол жұмыстардың талапқа сай атқарылып, қарапайым халық мүддесі алдыңғы орында тұрсын деп тілейік. Кейде салынбауы тиіс жерлерге қыстырып құрылыс салу не дүңгіршек орнату оқиғалары облыс орталығында ана жер, мына жерден жиі қылтиып қалады. Сондай жағдайларда халықтың бұған наразылығы жайдан жай емес. Қағаз жүзінде, әрине, бәрі жақсы болуы мүмкін. Бірақ, нақты жағдайды да ұмытпай, Президентіміз айтқандай, заң және тәртіп алдымен, осыған жауапты тиісті мекемелерден басталып жатса, құба-құп.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

