Елдік іс
Ақмола облысына «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция келді. Осыған орай, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде экспедиция мүшелерімен кездесу өткізіліп, Зейнолла Сәніктің өмірі мен еңбектері жайында жан-жақты әңгіме өрбітілді.
Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев және белгілі ғалымдар мен этнографтар, қаламгерлер мен мәдениеттанушылар, ақын-жазушылар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Шара барысында экспедицияның басты мақсаты мен тұжырымдамасы кеңінен талқыланып, оның алдағы бағыт-бағдары мен болжамды жұмыстары жайлы айтылды.
Биыл көрнекті жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толып отыр. Ол бүкіл ғұмырын Қытай Халық Республикасында өткізіп, туған халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, оларды зерттеп, жазушылықпен айналысқан сан қырлы талант иесі. Ол шежірені де жетік біліп, түркітанушы ретінде де мол мұра қалдырған. Сақтар мен ғұндардың кезеңінен бастап, Алтын орда, Жошы ұлысы, хандық дәуіріміздегі құнды мәліметтерге қатыстының бәрін түгендеп жазған қарымды қаламгер ретінде танылған. Қазақ пен тұтас түркі жұртына қатысты зерттеу еңбектері, осы тұрғыдағы оның мол мұрасы өзінің шығармалар жинағының 15 томдығына енген. Одан өзге да тарлан тарихшының 20-дан астам кітаптары жарық көрген.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл экспедиция еліміздің батыс өңірінен бастау алып, барлық аймақтарды қамтымақ. Бүгінде Ақмола өңіріне келген тарихшылар Зейнолла Сәніктің шығармашылығын насихаттай отырып, жастарды ұлттық құндылықты сақтап, тарихи мұраларға құрметпен қарауға шақырды. Құрамында белгілі қаламгерлер мен тарихшылар бар экспедиция құрамы тарихи орындар мен халық қазынасы сақталған мекемелерді аралайды.
– Облыс орталықтарында, аудандарда тұратын ақын-жазушылармен, өлкетанушы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинақтаушы көнекөз қариялармен, шежірешілермен жүздесіп, әр аймақтағы ұлттық құндылықтардың сақталуын зерделеп келеміз. Экспедиция аяқталған соң әр өңірге арнап фотоальбом, этнография тақырыбына кітаптар шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол ұлтты біріктіруге, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға тың серпін береді деген ойдамын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов.
Жиын соңында Зейнолла Сәніктің ғибратты ғұмыры мен жазушы шығармашылығын насихаттау барысында атқарылған жұмыс нәтижесі баяндалған деректі фильм көрсетілді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

