Екі жұлдыз, екі бақыт көктегі…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Көкшетауда «Екі жұлдыз» концерті өтті.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ұйымдастырылған бұл жобаның ерекшелігі – еліміздің өркендеуі жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан әр саланың жұмысшылары филармонияның кәсіби солистерімен бірге эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде өнер көрсетуінде. Іс-шара жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге, оның мәртебесін көтеріп, маңыздылығын және қоғамдағы рөлін насихаттауға, шығармашылық пен еңбек адамы арасындағы байланысты нығайтуға, арттыруға, жұмысшы мамандық иелеріне өзін сахнада көрсетуге мүмкіндік беріп, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл мекемелер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және әртүрлі мамандық иелері арасынан дарынды орындаушыларды анықтауға арналған жоба.

Ең керемет жобалар – бұл жүректен шығып, жүректерге жететін жобалар. Эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жұмысшы мамандық иелері кәсіби әншілермен бір сахнада өнер көрсетті. Алғашқы болып сахнаға шыққан Манап Дариға Қайратқызы. Ол 19 жаста, Ақмола облыстық сотында қызмет істейді. Дариға үшін сахна батылдық, сенімділік, басқаларға шабыт беретін өнер алаңы болды. Оның ұраны «ешқашан еңсеңді түсірмей, алға жүр».

Содан соң 22 жастағы Ишмухамед Даниэль Алла Бэшпен дуэт болып өнер көрсетті. Сахна төріндегі Бекзат Жұманов 27 жаста, полиция қызметкері. Еркін Лұқпанов Көкшетау автобус паркінің жұмысшысы.

Музыка әрқашан әр жүрекке жол табатын, түсінікті де ерекше тіл. Ол әртүрлі адамдардың басын бір арнаға біріктіреді және оларды жақындастыра түседі. «Екі жұлдыз» сынды жобаларда ән кеші нағыз мерекеге айналады. Еркін Лұқпанов пен республикалық байқаулардың лауреаты Аманғазы Жұматаев бірлесіп, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін шырқағанда көрермендер олармен бірге тербелгендей болды. Еркін автобус жүргізушісі, ал, жан дүниесіне үңілсек, нағыз әртіс. Спортты, қолөнерді өте жақсы көреді, домбырада ойнап, ән шырқайды. Өмірлік жолында «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қарапайым мақалды ұран етіп ұстап келе жатқан жан.

Республикалық байқаулардың лауреаты Аманғали Жұматов пен ҚР сот әкімшілігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкері Рамиля Шамиғанованың орындауында Қайрат Баекеновтың «Махаббат» әні шырқалды. Ал, филармония әншісі Алан Бактеміров пен осы департаменттен Дариға Манатхан Қайнар Алагөзовтың «Халқым-ай» әнін орындады.

Осылайша «Екі жұлдыз» концертінде тағы да басқа дуэттер сахнаға шықты. Сөз соңында айтарымыз, таңғажайып ерекше кештің куәсі болдық. Шынайы сезімдер мен сазды музыка жүректерден орын алып, сахна төрінен тамылжып төгілді.

Кеш соңында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова жобаға қатысқан әншілердің әрқайсысына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар, ару қыздарға гүл шоқтарын сыйлады. Сөз соңында осындай ән кештері көп болсын дейміз.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар