МЕРЕЙ
Еліміздің тарихында алғаш рет Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері күні мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде. Бұл – өзін ұлт денсаулығын қорғау мен әрбір азаматтың өмірін сақтауға арнаған жандардың кәсіби мерекесі.
Осыған байланысты өткен салтанатты жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Фармацевтикалық бақылау департаменті, білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, санитарлық қызмет ардагерлері, сондай-ақ, департаменттің, аумақтық басқармалардың және филиалдың қызметкерлері қатысқан шараны аша отырып, облыс әкімінің орынбасары санитарлық қызметтің айрықша маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз алғаш рет Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері күнін атап өтудеміз. Санитарлық қызмет – халықтың денсаулығын күзететін, жұқпалы аурулардың таралуын болдырмайтын және өңірдің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби орта. Сіздердің еңбектеріңіз – жай ғана осы саланы бақылау емес, адамдардың денсаулығын сақтаудың және алдын алудың негізі. Әсіресе, пандемия кезінде азаматтарды қорғау күзетіне алғашқылардың бірі болып тұрғандарыңыз, осы ретте, көрсеткен батылдықтарыңыз, төзімділіктеріңіз бен жанқиярлықтарыңыз сіздердің өз кәсіптеріңізге, халқымызға адалдықтарыңызды айқын көрсетті, – деп атап өтті салтанатты жиналыста Алтынай Әміренова.
Салтанат барысында санитарлық қызметтің үздіктері Ақмола облысы әкімінің және әкім орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олар мұндай құрметке көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және халық денсаулығын қорғау ісіне қосқан зор үлесі үшін ие болды. Ардагерлерге де айрықша алғыс айтылып, олардың тәжірибесі мен осы мамандыққа деген адалдығы қашанда жас мамандар үшін үлгі-өнеге екендігіне жоғары баға берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

