Жолдау жемісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ақмола облысында мектептерді кешенді күрделі жөндеуден өткізуді және жабдықтауды көздейтін үш жылдық реновация жоспары әзірленіп, бекітілген болатын.
Жаңа оқу жылының басында ауданда орналасқан үш білім ордасы – Андықожа батыр, Кеңашы, Бұланды ауылдарындағы мектептер қайта жаңартылып, өз оқушыларына есігін қайта айқара ашты. Қазіргі таңда бұл білім беру ұйымдары заманауи әрі жайлы кейіпке енген.
Андықожа батыр ауылының мектебі 1980 жылы салынған. Мұнда 100-ден астам оқушы білім алады. Соңғы екі жылда білім ордасы айтарлықтай өзгеріп, тек оқушылар мен ұстаздар үшін ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары үшін де шынайы мәдени-рухани орталыққа айналып отыр. Жөндеу жұмыстары барысында білім ордаларының инженерлік жүйелері, шатыры, едені, есік-терезелері толықтай ауыстырылып, оқу кабинеттері жаңа жиһаздармен, парталармен, орындықтармен және шкафтармен жабдықталды.
Сонымен қатар, мектептердің ауласы да абаттандырылды. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, орындықтар мен көше шамдары орнатылды, демалыс аймағы мен белсенді үзілістер мен сыныптан тыс сабақтарға арналған шағын спорт алаңы да жасалып, жас ұрпақтың көңіл қуанышын көтеретін аумаққа айналды.
– Мектебімізге жасалған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі мұндағы жайлы жағдай бізге – ұстаздарға, оқушылар мен олардың ата-аналарына жаңа тыныс бергендей. Бұл орайда, білім ұясының тек сыртқы-ішкі келбеті мен жиһазы өзгеріп қана қойған жоқ, білім сапасына да оң әсер етуде. Оқушыларымыз жаңа оқу жылына жаңаша леппен келіп, білім алуға деген құлшыныстары арта түскені байқалады. Қазірдің өзінде олимпиадаларға, байқауларға, жобаларға белсенді қатысуға талпынып жатыр. Бүгінде оқушылар арасында, әсіресе, жаратылыстану пәндері мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларға деген қызығушылық арта түсті, – дейді Андықожа батыр ауылының жалпы білім беретін мектебі директорының міндетін атқарушы Аян Қалиев.
Мектеп ұжымының айтуынша, ата-аналар да мектеп өміріне жиі араласа бастаған. Олар мектептегі түрлі іс-шаралар мен жобаларға қолдау көрсетуде. Мектепте жаңа дәстүрлер қалыптасып, түрлі шығармашылық және спорттық шаралар, тұсаукесерлер, мерекелік кештер ұйымдастырылуда.
Жалпы, еске сала кетсек, мұндай жобалар бойынша ауылдық жерлердегі мектептерге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталады, мектеп жиһаздары, кітапханалары мен асханалары жаңартылады, спорт залдары салынып немесе қайта жаңартылып, рекреациялық аймақтар мен қоғамдық кеңістіктер жабдықталады, сондай-ақ, жаңа қауіпсіздік жүйелері енгізіледі деп көзделген.
Осы жерде бір атап өтерлігі, 2027 жылға дейін үш жылдық жоспар бойынша аймақта кешенді күрделі жөндеу мен жабдықтауды қажет ететін 90 мектеп реновациядан өтеді. Бұл өзгерістер әрбір ауыл мектебін тек білім ордасы ғана емес, сонымен бірге, мәдениет пен қоғамдық өмірдің орталығына айналдыруға бағытталған. Қазіргі таңда аталмыш жоспар бойынша облыстың қалалары мен аудандарында 20 білім ордасы осындай реновациядан өткізілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.
![]()

