Ардагерлерімізді ардақтап, құрметтей берейік

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Халқымыздың  рухани құндылықтарының ішінде жасы ұлғайғандарды құрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу тарихи тұрғыда қалыптасқан берік дәстүр. Атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы  жалғасып келе жатқан осы салт халықтың береке-бірлігін сақтап, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақпен ұйысып, ел болуға  оң ықпал ететін құндылық екені аян.

Ертең, 1 қазан  – Халықаралық қарттар күні. Бұл біздің қоғамда ең бір атаулы да маңызды мерекелердің бірі болып саналады. Елімізде қарт адамдар мерекесі бір айға созылады. Бұл ардагерлер ұйымдарында едәуір уақыттан бері берік қалыптасқан, тіршілігімізден ойып тұрып өз орнын алған айтулы мереке. Қанатын кеңге жайған тамаша дәстүр міне, биыл да өзінің  абыройлы жалғасын тауып отыр.

Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша ардагерлер саны 118550 адам немесе облыс тұрғындарының 15,0 пайызын құрайды. Облыстың ардагерлер ұйымы Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің филиалы болып табылады. Біздің ұйым облыс аумағында құрылған 20 аудандық және қалалық филиалдарды, сондай-ақ, 855 бастауыш ұйымдарды біріктіріп, солардың қызметін үйлестіреді.

Облыс ардагерлерінің қатарында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2427 тыл еңбеккері, 3 Ленинград қоршауында болған адам, 26 қаза тапқан жауынгер жесірі, 22 Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген адам, 2 Социалистік Еңбек Ері, 1 Қазақстанның Еңбек Ері, 3584 жалғызілікті қарт, оның ішінде әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметімен қамтылған 2574 адам бар.

Зейнеткерлердің ішінде ең төменгі деңгейдегі зейнетақы, яғни,  57853 теңге алатындар облыс бойынша  106 адам. Белгіленген ең төменгі деңгейдегі зейнетақыдан аз зейнетақы алатындар саны 23917 адам.  Екеуін қосқанда төменгі деңгейдегі зейнетақы алатындар 24023 адам, оның 6576-сы немесе 27,3 пайызы  қалада, қалғандары ауылдық елді мекенде тұратындар. Мемлекет тарапынан 28488 адам әлеуметтік  жәрдемақы және 9579 адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша көрсетілетін жәрдемақы төлемдерімен 37 мыңнан астам ардагерлер мен мүгедектер қамтылған.

Ақмола облысының ардагерлер ұйымы облысымыздағы адам саны ең көп үкіметтік емес ұйым болып табылады. Ұйым мүшелері өңірде атқарылып жатқан іс-шараларға белсене атсалысып, қоғамдық өмірде белсенділіктерімен көрінуде. Бұған облыстық Кеңестің және оның жергілікті жердегі құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары айқын мысал бола алады.

Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесіне қарасты өңірлік филиалдар өткен жылы 16 пленум,   91 төралқа отырысы,  499 ардагерлер басқосуын өткізді. Ардагерлер активтерінің семинарларына  барлығы 1783 адам қатысты. Осы кездесуде ардагерлер тақырыбына 785 мақала жарияланып, 22 брошюра жарық көрді. Жастармен танымдық-тәрбиелік жұмыстар жүргізу бағытында 687 іс-шара ұйымдастырылып, оған 12256 адам қатысты. Ардагерлердің әртүрлі өнер ұжымдары 118 концерт берді. Арнайы жоспарға сәйкес ардагерлер арасында бильярд спортынан облыстық  турнир өткізілді. Онда ардагер бильярдшы Марат Досхожин чемпион атанды. Сонымен бірге, жыл сайын дәстүрлі түрде дойбы және шахматтан облыстық біріншілік өтеді. Өткен жылғы біріншілікке елуге тарта адам қатысып, жүлделі орын алғандарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Әсіресе, ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының қамқорлығы мен көмегі ерекше. Өткен жылы Ақмола облыстық әкімдігінің қаулысымен қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді.

Жалпы, осыған сәйкес облыс бойынша өткен жылғы айлықта 87316 адамға 523582,9 миллион теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Ардагерлер ұйымдарының белсенділері жыл басынан бері 850 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 459 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді. Қарттарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтығын алуға, тіс салдыруға, үй-жайын жөндеуге, жол жүруге, басқа да мәселелерге тиісті қаражат бөлінді.

Әдетте, қарттар айлығының басты девизі – «Мұндай айлықта ешкім де назардан тыс қалмауы керек», сол себепті, осы күндері өтетін қандай да бір шара болсын, жасы ұлғайған адамдар барынша бірінші кезекте қамтылады. Бұған дейін де  жыл басынан бері облыстағы ардагерлер ұйымдары әртүрлі мақсаттағы 600-ден аса іс-шара өткізді, оған қоса, 704 зейнеткерге газет-журналдар жаздырды.

Аудандық, қалалық ардагерлер Кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұң-мұқтажын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді. Қазір облыс бойынша 6 ардагерлер үйі бар. Оларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық және рухани мәселелері шешіліп отырады.

Елімізде ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі демалысын ұйымдастырып, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру, сөйтіп, қоғамдық белсенділікке тарту мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Осы бағытта ұлттық жоба ретінде 2021 жылдың 22 ақпанында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» бұйрығы шыққан болатын. Бүгінгі күні осының нәтижесінде республика бойынша 67 орталық жұмыс істеуде. Бұл орталықтардың жұмысы қарт адамдарға денсаулықты қорғау бойынша  көмек көрсетуге, қолайлы және кедергісіз орта құруға, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағытталған. Онда йога, скандинавтық жүріс, ІТ – сауаттылығын арттыру, мотивациалық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары, медициналық, психологиялық және заң консультациясы, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жағы іске  асырылып, тақырыптық концерттер өтеді.

Биылғы Наурыз мейрамы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауының арқасында Көкшетау қаласында осындай «Белсенді ұзақ өмір» орталығы есігін айқара ашты.  Қазіргі уақытта мұндай «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары облысымыздың Степногорск қаласы, Ерейментау, Зеренді, Атбасар, Жарқайың аудандарында да қызмет көрсетеді.

Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесі Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өту мақсатында облыс көлемінде бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асырды. Соның ішінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанындағы «Өзбек» этно-мәдени орталығымен бірлесіп, «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа өнеге» тақырыбында Жеңіс мерекесінің шымылдығын ашқан арнайы мәдени-рухани шараны атап өтуге болады. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер Кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Жанат Ережеповтың ұйымдастыруымен облыстың орта білім беретін мектептері арасында пневматикалық винтовкадан оқ атудан «Мерген — 2025» әскери-патриоттық конкурсы өтті.

Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық ұйымының бастамасымен облыстық ардагерлер Кеңесі жүзеге асыра бастаған «Дәнекер» жобасы да  билер қызметінің осы заманғы жаңа үлгісі. Бүгінгі таңда осы «Дәнекер» жобасы бойынша облысымызда ардагерлерден жасақталған 164 медиатор жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде  осы жоба бойынша 338 арыз келіп түссе, оның 272-сі қаралып, 66-сы бойынша оңтайлы шешімдер шығарылды. Бір атап өтерлігі, ардагер-медиаторлардың 142-сі қоғамдық негізде жұмыс істесе,  22-сіне «Медиация туралы» заң бойынша кәсіби медиатор сертификаты берілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бір сөзінде «Толық адам» жайлы ойлы пікір айтты. Қоғамда жаңа заманға лайық тұлғалар тәрбиелеу мәселесі аса маңызды. Әсіресе, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі десек, еш қателеспейміз. Себебі, бүгінгі ұрпақ ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын, қорғаны болатын үмітіміз екенін қаперден шығаруға болмайды.

Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың тапсырмасы бойынша облысымыздың қалалары мен аудандарында «Іскерлік және жанашырлық» жобасы да жүзеге аса бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты  қала, аудан, ауылдық округтердегі ақкөңіл азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жалғызбасты қарттарға қажетті азық-түлік пакеттерін ай сайын, күнделікті жеткізу, сөйтіп, оларға материалдық көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда қалалық, аудандық, ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымдары осы бағытта Меморандумдар қабылдап, тиісті жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырда ғана жарияланған  «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға болды.

Президент Жолдауында атап көрсетілген басым бағыттар мен қағидаттарды іске асыру мәселесі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер ұйымдарына да зор жауапкершілік жүктейді, бізді өз белсенділігімізді, жұмысымыздың нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Қазір облысымыздың еңбек ардагерлері  осы қоғам дамуының басты құжатын ел ішінде насихаттап, халыққа барынша түсіндіруде, ондағы мәселелердің оңтайлы шешімін табуына күш салуда өздерінен талап етілетін күш-жігердің бәрін жұмылдыруда десем артық емес.

Сонымен, бізді алдымызда Халықаралық қартар күні, соған орайлас өтетін дәстүрлі айлық күтіп тұр. Өткен аптада ардагерлердің Орталық Кеңесі осыған орай Үндеу жариялап, баршаны «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» атты қайырымдылық акциясына шақырды. Әлемді жайлаған экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өтпеуде. Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жылылық пен мейірімге зәру.  Сондықтан, біз де облыс жұмыс берушілерін, бизнес құрылымдары өкілдерін  аға буынның ел игілігіне қосқан зор үлесін ескеруге, соның ішінде  жоғарыда айтылған акцияға белсене  атсалысуға шақырамыз.

Өз кезегінде ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты айлықты ойдағыдай өткізуге бар күш-жігерлерін салады деген сенімдеміз.

Барша аға буын өкілдеріне 1 қазан – Халықаралық қарттар күні құтты болсын! Сіздерге ең алдымен, мықты денсаулық, шат тұрмыс, ұрпақтарыңыздың қызық-қуанышын көре беруді, жастарыңыз ұлғайған шақта жандарыңыз жаманшылық көрмеуді тілейміз!

Ермек НҰҒЫМАН,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар