Игі бір шара
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында осымен бесінші жыл қатарынан бақылау-қадағалау органдарының Бірыңғай есеп күні ұйымдастырылып келе жатыр.
Сөйтіп, бұл шара бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогтың маңызды буынына айналып отыр.
Шара Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылып, бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кәсіпкерлер жұмысына кедергілерді азайтуға бағытталған.
Осы жолы да облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова өз сөзінде мұндай кездесулер бизнестің сенімін қалыптастыруға және тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Жыл басынан бері өңірде 3 мыңнан астам тексеру тіркелді, оның жартысына жуығы кәсіпкерлерге қатысты. Аяқталған тексерулер нәтижесінде 1 326 құқықбұзушылық анықталып, 955 нұсқама берілді, 691 әкімшілік іс қозғалды. Осы ретте, кәсіпкерлердің заңнаманың міндетті талаптарын ескеріп, тәуекелдерді дер кезінде азайта білуі аса маңызды, – деді ол.
Есеп күнінде облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, жер ресурстары мен мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары заңнамадағы жаңа талаптар мен өзгерістер туралы жан-жақты баяндап, бизнес өкілдеріне практикалық кеңестер берді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықовтың дерегінше, 2025 жылдың сегіз айында палатаға 197 өтініш түскен.
– Олардың 61 пайызы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді, ал, қорғалған құқықтар сомасы 393 миллион теңгеден асты. Өтініштердің ең үлкен бөлігі немесе 33 пайызы жер қатынастарына қатысты. Талдау көрсеткеніндей, мемлекеттік органдар тарапынан репрессивті сипат әлі де сақталуда, – деп атап көрсетті ол.
Жиында кәсіпкерлік қауымдастығының өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Салааралық сауда және қызмет көрсету Кеңесінің төрағасы Сәтбек Ахмадиев бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Оның:
– Мұндай шараның қызметкерлер санына шектеудің болмауы, бірнеше өңірде жұмыс істеу мүмкіндігі, еңбекақы шығындарын шегеру құқығы сияқты бірнеше айқын артықшылықтары бар. Бұдан бөлек, табыс 24 мың айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда импорт пен бейрезиденттерден басқа қосымша құн салығын төлеудің қажеті жоқ. Сондықтан, әкімдіктер мен мәслихаттарға сауда саласындағы кәсіпкерлер атынан бөлшек сауда салығын 2 пайызға дейін төмендетуді қолдауды ұсынамыз, – деген сөзі бизнес өкілдерінің ойынан шықты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек Бірыңғай есеп күні туралы айта келе:
– Бұл жай ғана шара емес, мемлекеттік органдар мен бизнестің күш-жігерін біріктіретін құрал. Біздің міндетіміз – бір-бірімізді есту ғана емес, нақты жұмыс істейтін шешімдерді табу. Мұндай өзара іс-қимыл кедергілерді азайтып, билік пен біздің арамызда адал әрі ашық қатынастар орнатуға мүмкіндік береді, – деді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі екі жақты кездесуде, сондай-ақ, жер қатынастары, мектепке дейінгі білім беру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мәселелер және тағы басқа тақырыптардың талқыланғанын хабарлады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

