Заманхат
Тамыз айының жаймашуақ күнінің бірі. Елордадан таң ата шыққан жеңіл көлік жер апшысын қуырып, жүйткіп келеді. Көлік иесі – Тоқмағанбет хазірет шөбересі Қайролла ағай, жанындағылар – Жанайдар мергеннің баласы Талғатбек аға және мен. Бағытымыз – Ереймен елі, шығыстан жарқырап шыққан күн бүгінгі ауа райы тамаша болатынын білдіргендей. Көптен бері ойда жүрген арман-мақсатымыз Ереймен жерінде мәңгілік жай тапқан Жанақ әулие Жаңабатырұлы Шобалай әулие немересінің зиратына барып, құран оқып, мінәжат етіп қайту. Жол бастаушымыз – Қойтас ауылында тұратын Мағжан ақсақал.
Ереймен елінің көнекөз ақсақалдарының бірі ғана емес, бірегейі, ағып тұрған шежіреші, құймақұлақ, зерделі, зерек қарт. Сексеннің сеңгіріне шықса да, Мәшһүр Жүсіп әулиенің, Абай, Шәкәрімнің, Олжабай, Сәкеннің өлеңдерін жатқа айтады. Әңгіме айтып, өлең оқығанда, оң қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағын шошайтып, шабыттанып кетеді. Ерейменнің шығысындағы Қойтас ауылында, баласы Мұраттың қолында тұрады. Тамыздың басында ауа райы қолайлы болады, сол кезде жолға шығуға ыңғайлы деген Мағжан ақсақалдың үйіне келе жатырмыз. Оймақтай көлден өтіп, әп-сәтте Қойтасқа келіп қалдық. Бір кездегі үлкен елді мекен, тоқырауға ұшырап, шағын шаруашылықтарға бөлініп кетіпті. Өзі алдына жеке шығып, еңбегімен күн көріп отырған Мұрат бауырымыздың мал басы баршылық екен. Есік алдынан күтіп алып, үлкен үйге бастады. Мұраттың амандасуы мен ілтипаты, тәрбиелі екенін көрсетіп тұр. Сызылып сәлем салған ақсақалдың келіні:
– Атам жоғарғы төр бөлмеде, кіріңіздер, – деп бәйек болып жүр.
Амандасып болып, ақсақалдың жанына жайғастық. Бір кездегі қыран бүркіттей өткір көзді, кең иықты, атпал азамат кәрі таудай шөгіп, шоқша сақалды қартқа айналыпты. Соған қарамай, әлі ширақ, сөзі нық шығады екен.
– Осы көз жанарым болмаса, денім сау, тыңмын, – дейді әзілдеп. – Жасымда Ерейментаудың тау-тасын, сай-саласын қараңғы түнде адаспай табушы едім, енді менің қос жанарым Мұратым, – деп Мағжан ақсақал тебірене сөйледі. Ақсақалдың келінінің қолынан дәмі тіл үйірген, балдай тәтті қымыздан құмарлана татып, далаға шықтық. Қойтастан солтүстікке бағыт алып, Мұраттың көрсетуімен жолға түстік. Бағана Мағжан ақсақалдың «Мұратым – қос жанарым» дегені еске түсті.
– Жол қысқарсын, осы сіздің атыңызды Сәкен қалпе қойыпты дейді жұрт, сол рас па? – деп сөз бастады Талғатбек аға.
– Рас, мен туған кезде Омбыдағы үйге келген Сәкен қалпе Алаштың ардақтысы – «Мағжандай бол» деп, азан шақырып атымды қойыпты, – деді ақсақал. Бас сауғалап, елден жырақ жүрген Сәкен қалпе бала Мағжанға ұзақ ғұмыр тілепті. Ел басына күн туған зұлмат заманда ақынның жырын оқымақ түгілі, атын атауға қорқатын жұрт бала Мағжанның есімін айтуға сескенеді екен.
– Сәкен қалпе атамыздың көзін көрген Ереймен, Ақмола өңірінде адамдар баршылық. Соның бірі Тасмағанбет Тәлімұлы аға еді, – деп әңгіме бастады Талғатбек аға. – Біраз уақыт болып кетті, ағаймен телефон арқылы сөйлессем, «Аршалыдамын, балалардың үйіне келіп едім, біраз боламын» деді. Олай болса, сізбен жолығып, ескілікті әңгімелерді тыңдап, Сәкен қалпе жайлы жазып алсақ қайтеді? – дегеніме Тасмағанбет ақсақал қуанып қалды. Жаныма Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессорлары тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов пен филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлын ертіп, Аршалыға келдік. Ақсақалға арнап қыстан қалған соғымнан, қазы, қарта, омыртқасын салып алғанмын.
– Сыбағаңызды ала келдім, – деген маған:
– Әй, Талғатбегім-ай, көргенді жердің баласысың ғой, – деп Тасмағанбет ағай жымиып, риза болды.
Бір күн отырып, Сәкен қалпе жайлы әңгімелерін қағазға жазып алдық.
– Мендегі ең қымбат дүние – мына сурет, – деп Сәкен қалпенің фотосуретін көрсетті. – Өз қолымен суреттің сыртына бір шумақ өлең жазып берді, – деді Тасмағанбет ағай әрі қарай әңгімесін жалғастырып, – «Сәкен қалпенің осы суреті ел қызығына жарасын, ғұлама дін иесінің болашақ кітабының бірінші бетінен орын алсын» деп тілек білдірді.
– Сәкен қалпе атамыздың суретінің сыртына жазған өлеңі мынау ғой, – деді баяғыдан бері әңгімені тыңдап отырған Мағжан ақсақал. Оң қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағын безеп, айта жөнелді:
Мен қалпе сексен асқан ақын Сәкен,
Еркелетіп атапты мені әкем.
Шын атым азан айтқан Сағира Қадір,
Туғаным Ерейментау, өсіп жеткен, –
деп кәрі қыран құстай шаңқ етті.
Естігенімізді лезде ұмытатын біз таңқалдық. Әңгіменің қызығымен Масақбайға қалай келіп қалғанымызды байқамаппыз. Жылқышылар қосының екі-үш иті шабалай үріп алдымыздан шықты. Қарсы алған жылқышылардан Сарытөбеге баратын жолды сұрап алған Мұрат ініміз кей жерлерде көліктен түсіп, жаяу жол көрсетті. Себебі, биылғы жылғы қатты жаңбыр, ағаш арасын ми батпақ қылып, көлік жүрісін қиындатқан екен.
Масақбайдан бастау алған қайың ағаштар шоқ-шоқ болып, даланың әсем көркін айқындай түскендей. Масақбай кеңес кезінде ірі шаруашылық – «Еркіншілік» кеңшарының жылқышылары тұрған елді мекен екен.
– Қолдан тұрғызылған тоғаны әлі бар, балығы көп, – деп әңгімеге араласты Мұрат. Сөйтіп:
– Мынау сол тоған, – деп оң жақта қалып бара жатқан су айдынын көрсетті. Сосын:
– Алдымызда оң жақта атақты Қоянды–Қойтас, – деп көкшіл қыраттарды нұсқады. Осы таулы-бұдырлы алқап шығысқа қарай бірте-бірте жоғалып, ағынды Ертіске, содан кейін Омбының тоғайлы өңіріне дейін жазық дала болып кетеді екен.
– Осы Қоянды–Қойтаста лабашы Қашқын батырдың қысырақ қамаған тасы бар, – деп әңгімеледі Мұрат. Піл атқан, Түйе шөккен деген жер атаулары кездеседі. Расында, екі қатар тұрған шоқпар тас алыстан қарағанда шөккен түйеге ұқсайды. Қоянды–Қойтаста осы жерді мекендейтін арқарлар су ішетін табақ тастар жиі кездеседі.
Табиғаттың өз қолымен жасаған көркем жерлері жайлы аңызға бергісіз әңгімелерді Мұрат бауырымыздан естіп таң қалыппыз. Бағанадан бері жолға қарап келе жатқан Қайролла ағай:
– Уа, ақсақал, Сәкен қалпе азан шақырып атыңызды қойған кезде ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын депті. Өз тұқымыңызда көп жасағандар бар ма? – дегенде:
– Әй, қарғам-ай, Шағалақ тұқымында екі атам 107 жас, 112 жас жасапты. Сол атамның біреуі қайтыс болған адамның үйіне барып, зираттан тіке үйіне қайтады екен. «Асқа қарамадыңыз ба?» деген адамдарға: «Мен үйіне барып көңіл айттым, зиратқа келіп топырақ салдым, ас ішу үшін келген жоқпын», – дейді екен. Алла бұйыртса сексен жетіге келдім, өмірдің талай өткелінен өттім, арман жоқ, маңдайға жазғанын көреміз, – деп Мағжан ақсақал кеңкілдей күліп алды.
– Менің атам Қабдырахман аңшы болды. Омбыда Ертіс бойын жағалай өскен ну тоғайда сол жылдары түз тағысы көп кездесетін. Бір қыста он екі қасқыр соққанын көзім көрді. Жүйрік атпен қуып жетіп, құйымшақтан шоқпармен соққанда, қасқыр шойнаңдап, шаты айырылып кетеді екен. Атама тартып мен де аңшы болдым, бұйырғанды алдым Ерейменнің тау-тасынан, – деп Мағжан ақсақал саятшылық жайлы әңгімелеп кетті.
Масақбайдан шыққаннан бері жол-жөнекей жылқы үйірі көптеп кездесе бастады. Жергілікті жылқылардан тұрқы бөлек, құла өңді үйірлер көзге шалынды.
– Қазақтың Мұғалжар жылқылары, Ақтөбе жағынан келген. «Жәйтап» шаруа қожалығыныкі, жерсініп кетті, – дейді Мұрат бауырымыз.
Ереймен жері – түгін тартсаң майлы, малға жайлы екені бесенеден белгілі, әсіресе, жылқы малына. Алдымыздан жазық даланың дәл ортасынан биіктеу қыр көрінді, етегінде айнадай жарқыраған көл. Сөйтсек, Жанақ әулиенің басына да келіп қалыппыз, жанындағы Сәңкі көлі.
– Сонау кеңес үкіметі кезінде Олжабай деген қойшы осы Сәңкі көліне жайлауға келеді екен. Өзі «Изобильный» кеңшарының малын бағады. Бірде түнде зиратта шырақ жанып тұрғанын байқаған ол, дереу бір қойын сойып, құрбандық шалады. Жанақ әулиенің басына түнеп, құранын оқып, тілек тілейді. Содан жылда жайлауға шығып, Сәңкі көлінің басына келгенде, бір малын құрбандыққа шалып, әулиеге құран бағыштап, ас беруді дағды қылыпты. Құдайдың құдіреті, Жанақ әулие мәңгілік мекенін тапқан Сарытөбенің жанындағы Сәңкі көлін жайлау қылған Олжабайдың алдындағы баққан малы семіз, шығынсыз өсіп-өніпті, – деп Мағжан ақсақал әңгімесін аяқтады.
Тылсым дүниенің бізге белгісіз кереметіне иланып, бір сәтке үнсіз қалдық. Сарытөбенің басында орналасқан ескі қорым – зираттың жанына келіп, Жанақ әулие Жаңабатырұлы Шобалай әулие немересіне бағыштап құран оқыдық. Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерінің мақамына, Мағжан ақсақалдың әуезді үні үйлесіп, тұла бойды шымырлатып жіберді.
Аруақ алдындағы ұрпағының парызы, басына құран оқып, ас беру екенін түсінгендейміз. Келген кезіміз түс уақыты болғандықтан, түскі намазға сап түзедік. Қайролла ағай үйінен алып шыққан шай, бауырсақ, сары май, тағы басқа да тәттілерді дастарханға жайып, түскі асқа отырдық.
Сарытөбедегі зират басына екі үлкен құлпытас қойылыпты. Мағжан ақсақал:
– Көзім нашарлау көреді ғой, сен оқы, – деген соң, құлпытасқа ойып қашалып жазылған жазуларды оқи жөнелдім:
«Жанақ әулие Жанабатыр би ұлы Шобалай әулие немересі, руы Күлік Наурыз. 1768 жылы әулиелі Қызылтауда туып, 1863 жылы осы жерде жайлауда қайтыс болып, жерленген. Ескерткіш ұрпақтарынан. 2009 жыл, шілде».
Ал екінші таста. Мәшһүр Жүсіп әулие Көпейұлының «Менің бес жасымда Жанақ әулие Жаңабатыр би ұлы Шобалай әулие немересі үйге келіп, басымнан сипап, бата бергені есімде. Ол кісі 95 жасында Сілетіде, Сарытөбеде жайлауда қайтыс болды. «Аруақ мұра» қор деген бар. 56 жасымда басына түнеп, ақ шолағын, доғал оғын алып келген жан менмін», – деген сөзін гранит тасқа қашап жазыпты Жанақ әулие ұрпақтары.
– Иә, осыдан тура 16 жыл бұрын Жанақ әулие ұрпақтары Баянауылдың тасынан ескерткіш орнатып, Сарытөбе басындағы ескі қорымды Маңғыстаудан әкелген темір қоршаумен қоршады. Құран оқып, ас берді. Жанақ әулие Жаңабатыр би ұлы Шобалай әулие немересінің қазіргі ұрпақтары – Рамазан Баянауылдан, Қуат Қарағандыдан, тағы басқалары еліміздің барлық жерінен келіп, әулие бабасының басын көтеруге ат салысты, – деді Мағжан ақсақал. Біз әулиенің ұрпақтарының игі ісіне риза болыстық.
– Шежіре бойынша былай тармақталады екен, – деп Талғатбек аға сөз бастады. – Күліктің бәйбішесінен Тілеуімбет, Наурыз туған. Наурыздан Шобалай, Шобан, Ақай, Төкей, Ерсімбек, Мәмек тарайды. Шобалайдан Жәңке батыр, Өміртай дүниеге келген.
Жәңке батыр 104 жасқа жетіп қайтыс болыпты. 14 ұлға әке болып, олардың бәрі де өсіп-өнген екен. Абылай хан заманындағы билердің қақ маңдайы болыпты. Батырдың бәйбішесінен Аққожа, Таңсыққожа, Қосақ, Жанақ туған. Жәңке батырдан кейін Жанақ би болған. Өз тұсында Жанақ деп ешкім атын атай алмайды екен, бәрі «Жәке-Жәке» деп сыйлапты. Бұл кісі «аттым» десе, жан да, мал да мұрттай ұшады екен. «Қаһарлы Жанақ», «Доғал оқ Жанақ» атаныпты.
– Өзі біреуге ренжісе: «Әй, жаным, Ақ шолаққа оқ салдырмаймын демесең, тыныш жүр!» – деп ескерткен. 95 жасында ел жайлауға көшіп бара жатқанда Сілетінің әр жақ, бер жақ қабағында Сарытөбе деген жерге қойылыпты. Жаңабатыр би бабамызды ел Жәңке батыр деп атап кеткен екен, – деп Талғатбек аға шежіреден сыр шертті.
– Жанақ әулие, Жаңабатыр би, ұлы бабамыздың ел аузында жүрген әңгімелерін мен де сендерге айтып берейін, – деп Мағжан ақсақал сөз бастады. – Жанақ әулие ерекше қасиет иесі болған адам. Кісіге қарағанда көзін жауып тұрған қос қабағын қолымен көтеріп қарайды екен.
Өлеңті бойындағы Ажы деген биікке Тілеуімбет, Наурыздың ұрпағы қонып, төменгі жағында Ақылдың ұрпағы мекендепті. Жерге қатысты ағайын арасында талас-тартыс болып, бәйбіше, тоқал балаларының арасына жік түсіпті. Бұл кезде Жәкең Тілеуімбет-Наурыздың ақсақалы болыпты.
Ағайын арасындағы дүрдараздықты шешу үшін туралық, әділдік айтуға Ақай тобынан Торай деген адамды жіберіпті. Жәкең сары сауытын киіп, сары атына мініп, жанына ауылдастарын ертіп, Ажының биігіне шығыпты. Бір уақытта қараса, баяғы өзі бітімге жіберген Торайы Жәкеңе келмей, ауылына қарай кетіп барады екен.
– Анау қайда барады, мені көрмей ме? Маған жолықпай, қалай бітім қылғанын айтпай, неге кетіп барады? Бұл несі? – дегенде топ ішінен біреуі:
– Жәке, ол Бейбіт-Жапалақтан пара алып, дауласқан жерді соларға алып беріп, енді сізге қарар беті жоқ, үйіне кетіп барады, – депті.
Сонда Жанақ әулие қатты ашуланып:
– Ол баламды аттым, ертең түсте өледі. Жаназасына бармаймын, – деген екен. Айтқанындай, ертесі түс кезінде Торай қайтыс болыпты.
Баянауылда Шоң би қайтыс болғанда, Еламанның баласы Тұрсынбай Шоң бидің орнына Итемгенді дуанбасы сайламақшы болады. Ал, Тұрсынбайдың баласы Боштай керісінше, Шорманды дуанбасы қылуға кіріседі.
Әкелі-балалы екеуі партия құрып, елге үгіт жүргізеді. Тұрсынбай – кәрі, Боштай – жас, осылайша әкелі-балалы екеуі қырғи-қабақ болады.
Боштай алдын ала Омбыға барып, генерал-губернатордан 17 мөр жасатып келісіп келген. Оны өзінің айтқанынан шықпайтын адамдарға үлестірген. Ал, Тұрсынбай маңайындағы шалдарға сеніп, далада қалады да, Боштай өзі айтқанындай Шорманды дуанбасы қылып сайлатады.
Сонда Шорман дуанбасы болып сайланған сәтте:
– Қанша көп болсаң да, мың жылқыдай сендерді мен бөгелек болып, басыңды изетіп, бір араға тізгенімді қара! – дегенін естіген Тұрсынбай шыдай алмай:
– Жәке, қайдасың? – деп Жанақ әулиеге келеді. – Ақ шолағың қайда, доғал оғың қайда? Құлболдыға қас қылғанды атамын деуші едің ғой. Ат мына Боштай мен Шорманды, бірінен бірін қалдырма! – деп ашуланып, ызаланып айтады. Сонда Жәкең:
– Аттым Шорманды, үйіне жетсе – сол, – деген екен.
Сайланып шыққан жолы Шорман үйіне барып дүниеден өтіпті, жасы 49-да болыпты.
– Ал бірде Ереймен жерінде үлкен ас болып, ат жарыс өтеді, – деп Мағжан ақсақал жаңа әңгімені бастады. – Тұраналы би баласы Бапан би мен Айдабол, Едіге бидің баласы Шоң би осы жарысқа өз тұлпарларын қосады. Аламан жарыста алда келе жатқан Бапан бидің сәйгүлігін көрген Шоң би шыдай алмай:
– Жәке, неге тұрсың, атпайсың ба? – деген екен.
Алда жеке дара келе жатқан Бапан бидің тұлпары мұрттай ұшады.
– Бұл әңгімені көнекөз қариялардан естіп едім, – деді Мағжан ақсақал.
Жанақ әулие, Жаңабатыр би ұлы мәңгілік мекенін тапқан Сарытөбенің басындағы зиратқа аруақтарға бағыштап құран оқып, жолға шықтық.
Құс базары тарқамаған, Сәңкі көлінің үйрек-қазының әсем әуені Сарытөбе баурайын жанды тербетер күйге бөлеп тұрды. Әулиенің қасиеті ме, тұла бойымыз балқып, көңіліміз шалқып, бір керемет жағдайды бастан кештік. Біз түсінбейтін тылсым дүние.
Осы жағдайда Масақбайға қалай келіп қалғанымызды байқамай қалдық. Жылқышылардың қара қосының иесі ағайынды Асхат пен Алхаттың қолынан дәм татып, Қойтасқа бет түзедік. Қайтар жолымыз жылдам болды. Атаның келіні Мұраттың келіншегі Бақытжамал жас бағылан марқаның етін асып, күтіп отыр екен. Бабына келген қымызды құмарлана ұрттап, үй иелеріне рақмет айтып, жолға шықтық.
– Ал, жолдарың болсын! – деген Мағжан ақсақал бізді үй алдынан шығарып салды. Бойы сәл еңкіш тартқан, қолына таяқ ұстаған ақсақал маған Ерейменнің Күншалғанының шыңына қонақтаған қыран бүркіттей болып көрінді.
Бағытымыз елорда – әсем қала Астана.
Жеңіс БӨДЕШЕВ,
«Елорда билері» қоғамының биі,
Астанадағы Нұра ауданының ардагерлер Кеңесінің төралқа мүшесі,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.
![]()

