Кейбір түйткілдер әлі де іске қолбайлау болып келеді

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ӨКП) төралқасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараға комитет төрағасының міндетін атқарушы Ирина Манжанова, ҰКП салалық департаментінің басқарушы директоры Данияр Молкенов, комитет мүшелері, бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында қазіргі кезде құрылыс секторының дамуын тежейтін негізгі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, қаржылық қиындықтар, құрылыс материалдарына бағаның өсуі, коммерциялық тұрғын үйге сұраныстың төмендеуі, энергия қуатының тапшылығы және білікті кадрлардың жетіспеушілігі сөз болды. Қосымша қиындықтарды бюрократиялық кедергілер де туғызады. Олар техникалық шарттарды алу, жер бөлу мәселелері, цифрлық сервистер және мемлекеттік сатып алу порталына қатысты проблемалар, сондай-ақ, жобалау-сметалық құжаттаманың жетілдірілмей келе жатқандығы.

– Бұл түйткілді мәселелер комитеттің назарында. Салаға даму стратегиясының болмауы, уақытылы қаржыландырудың аздығы, цифрландырудың әлсіздігі, баға белгілеудегі заң бұзушылықтар, мемлекеттік тапсырыстарды іске асыру кезіндегі жобалау жұмыстарының дағдарысы және жер беру туралы бұрын қабылданған шешімдердің өз күшін жоюы да әсер етуде. Сондықтан, біз жергілікті жерлердегі нақты проблемаларды көру үшін өңірлерге шығудамыз, – деп атап өтті Ирина Манжанова.

Көшпелі отырыста құрылыс саласында қалалық ортаны қалыптастыру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және заманауи инфрақұрылымды құруда шешуші рөл атқаратын мәселелердің бірі – өңір ерекшелігіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің төрағасы Мұхтар Есенов мемлекеттік сатып алу порталындағы депозитарий арқылы жұмыс тәжірибесін растау мәселесіне тоқталды.

–Енді жұмыс тәжірибесі тек қазынашылық арқылы расталады. Құжаттар электронды депозитарийге жіберіледі, бірақ, жүйе шамадан тыс жүктелген. 10 файлдық шектеу, қолмен тексеру және айлар бойғы кідірістерден компаниялар 5 пайызға дейін жеңілдіктер жоғалтады, конкурстардан бас тартады. Әсіресе, шағын және орта бизнеске қиын, – деп атап өтті бұл ретте, ол.

Сапасыз жобалау-сметалық құжаттама мәселесі өзекті болып қала беруде. Мердігерлер өздері анықтаған құрылыс нормаларына сәйкессіздіктерге тапсырыс берушілер үнсіз қалатын жағдайға жиі тап болып отыр.

– Тапсырыс берушілер жобалаушылар мен сарапшыларды жауапқа тартпайды, бірақ, тәуекелдерді мердігерлерге жүктейді, сөйтіп, оларды жосықсыз деп тануға дейін барады. Нәтижесінде компаниялар басқалардың қателіктері үшін жауап береді, бұл мемлекеттік сатып алулардағы заңдылық пен әділдікке нұқсан келтіреді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, – деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы Валентина Геращенко.

2024 жылдан бастап елімізде құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша тендерлердің жеңімпаздарын рейтингтік-балдық жүйе бойынша айқындап келеді. Мұндағы мақсат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоққа шығаруы керек еді, бірақ, іс жүзінде жаңа олқылықтар пайда болды.

– Айталық, адамдар бұл жүйені де алдауды үйренді. Есептерге жалған нысандар кіреді немесе оны қазірдің өзінде салынғандарға жатқызады, сөйтіп, сайып келгенде, тәжірибесі жоқ компания жеңімпаз болады, – деп атап өтті ӨКП директорының орынбасары Расул Сыздықов осы жайында.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар мынадай келісімге келді. Қазір бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға, құрылыстағы реттеуді оңтайландыруға, сондай-ақ, нормативтік актілер жобаларына сараптамалық қорытындылар дайындау кезінде кәсіпкерлердің позициясын шоғырландыруға бағытталған шаралар кешені қажет.

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, өңірдің құрылыс саласы жобалық құжаттаманың сапасын растаудан бастап цифрландыру мен мемлекеттік сатып алуға дейінгі бірқатар жүйелі кедергілерге тап болып отыр. Бұл мәселелерді жеке шешу мүмкін емес, ол үшін кешенді шаралар қажет.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар