Еселі еңбек жеңісі
Биылғы мол астық жолындағы ырыздық жорығында облысымызда алғашқылардың бірі болып, Целиноград ауданынан Иван Адамович Сауэр жетекшілік ететін «Родина Агрофирмасы» ЖШС әр гектардан орташа есеппен 18 центнер, Атбасар ауданынан Алтынбек Бейсембекұлы Құрманқұлов жетекшілік ететін «Шуйский ХХІ» ЖШС әр гектардан 17,7 центнер, Есіл ауданынан Уәлихан Сапиұлы Әріпов жетекшілік ететін «Заречный» ЖШС әр гектардан 16,3 центнер, Зеренді ауданынан Виталий Викторович Гончаров жетекшілік ететін «Viktorovskoye GCK» ЖШС әр гектардан рекордтық көрсеткіш – 28 центнерден, Шортанды ауданынан Федор Петрович Ткаченко жетекшілік ететін «Бектау» ЖШС әр гектардан 17,6 центнерден, Жақсы ауданынан Дәулет Тоқтарұлы Байжұманов жетекшілік ететін «Жаңа жол» ЖШС әр гектардан 16,9 центнерден өнім алып, егін орағын қысқа мерзімде сапалы атқарып шықты. Осынау шаруашылық ұжымдарын және олардың басшыларын, барлық жауапты науқанға қатысушыларды осы табыстарымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс Сіздердің еселі еңбектеріңіздің және жоғары кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында қол жеткен үлкен жетістік болып табылады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша қолда бар 4681,4 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 3,8 миллион гектарының немесе 85,5 пайызының өнімі жиналып, барлығы 6 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Әр гектардан орташа есеппен 15,9 центнерден ақық дән алынуда. Әрі осы астықтың басым дені жоғары сапалылығымен ерекшеленуде.
Бұл бітік өнім облыста биылғы жылы шамамен 7,2 миллион тонна астық жиналатынына, сөйтіп, соңғы 13 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізілетініне берік болжам жасатуда. Майлы дақылдардың да жалпы түсімі биыл алғаш рет 650 мың тоннадан асқалы отыр.
Облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің осынау ерен еңбегіне үлкен үлес болып қосылған Сіздердің жоғарыдағы табыстарыңыз қандай жылы лебізге болсын лайық. Олай болса, еліміздің және аймағымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы зор қажыр-қайраттарыңыз үшін шынайы алғыс сезімімді қабыл алыңыздар. Осы абырой биігінен көрінген сіздердің баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, ел игілігі үшін жаңа жетістіктер мен еңбек жеңістерін тілеймін!
![]()

