Агроөнеркәсіп кешенінде жасанды интеллект енгізіледі

Әкім — іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиында өңірде агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект енгізу арқылы жаңа кезеңге қадам басу туралы айтылды.

Облысымыз биыл да елдің басты астықты аймағы ретіндегі мәртебесін растауда. Өңірде аграрлық саланы жаңғырту және шаруаларды қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экономиканың барлық салаларында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің әлеуетін белсенді пайдалану жөнінде тапсырма берген болатын. Жуырда Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Президентке ауыл шаруашылығына жасанды интеллект (ЖИ) енгізу жобасы таныстырылып, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға оң баға берді.

Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, аграрлық саланы цифрландыру еңбек өнімділігін және бизнестің тиімділігін арттыруға нақты мүмкіндік береді.

– Біз агроөнеркәсіптік кешенді толық цифрландыруды көздеп отырмыз. Барлық негізгі міндеттерді «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни, бір ғана қадам арқылы шешуге болады. Жасанды интеллект техниканың тозу деңгейін анықтап, шынымен лизингке мұқтаж шаруашылықтарды әділ айқындауға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы қолдаған кәсіпорындарға барлық жағдай жасалатын болады. ЖИ – бұл бақылау құралы емес, ол – диқаншылардың  еңбегін жеңілдететін және тиімділікті арттыратын көмекші, – деді Марат Ахметжанов.

Бүгінде Ақмола облысында ірі цифрлық шешімдер енгізілген, 49 «ақылды» ферма жұмыс істейді, оның 28-і егіншілік, 21-і мал шаруашылығы бағытында. Өңірдің 3 миллион гектардан астам жері, яғни, барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жартысынан көбі цифрландырылған. Келесі кезең – ЖИ енгізу.

Облыс әкімінің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі Ерғали Мәбиевтің мәліметінше, бірқатар кәсіпорындар жасанды интеллектіні енгізуге дайын.

– Пилоттық жобаға қатысушылар өз алқаптары туралы жиналған деректерді – олардың паспорттары мен шекараларын, соңғы үш жылдағы агрохимиялық талдауларды, далалық жұмыстар журналдарын және техникадан алынған телематикалық мәліметтерді ұсынуы тиіс. Бұл деректер ЖИ модельдерін оқытуға мүмкіндік береді. Жүйе өнімділікті болжай алады, тыңайтқыштарды енгізуді оңтайландырады және спутниктік суреттер арқылы алқаптағы ауру ошақтарын анықтайды. Қазіргі таңда өнімділік болжамының дәлдігі 90 пайызға жетіп, тыңайтқышқа кететін шығын 20-25 пайызға азайды, – деді ол.

Пилоттық жобаға қатысушы әр шаруашылық интерактивті карталары бар жеке ЖИ-платформа, әр алқап бойынша талдау және агрономдарға арналған мобильді қосымша алады. Оларға оқыту, техникалық қолдау және үздік цифрлық тәжірибелерге қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Жоба аяқталған соң кәсіпорындар өз деректеріне құқықты сақтап қалады, шаруашылықтарға сертификаттар беріліп, тегін қызмет көрсетіледі.

Пилоттық жобаға өңірдің 5-20 мың гектар аумағы бар, көпжылдық деректерге ие төрт ірі шаруашылығы кірді. Солардың бірі – «Дихан Плюс» ЖШС. Кәсіпорын басшысы Денис Швайбович алғашқы нәтижелерімен бөлісті:

– Біз бұрын өзіміз талдаған деректерді бердік. Жасанды интеллект біздің қорытындыларды растаумен қатар, нақты қателерді де көрсетті. Мысалы, себу мерзімін немесе дақылдарды ауыспалы егіс бойынша алмастыруды сақтамау. Сол сәтте жүйенің тиімді екені айқын көрінді. Мұндай ұсынымдар өнімділікті 5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір жас агрономдар жетіспейді, ал, ЖИ технологиялары нақты көмек бере алады. Болашақта тіпті IT маман да жүйенің ұсынымдарына сүйене отырып, өндірісті басқара алады, – деді ол.

Жиын қорытындысында Марат Ахметжанов бейінді басқармаларға әр ауданда цифрлық технологиялар бойынша оқыту курстарын және тәжірибелік семинарлар ұйымдастыруды тапсырды. Оған салалық компаниялар, ғылыми ұйымдар мен аграрлық жоғары оқу орындары қатысады. Бағдарлама дәлме-дәл егіншілік, агроаналитика, спутниктік мониторинг, алқаптардың цифрлық карталары және басқару ІТ-жүйелері сияқты негізгі бағыттарды қамтиды.

– Цифрландырудың табысы ең алдымен диқандардың өздеріне байланысты. Біз тек бірге әрекет еткенде ғана нақты нәтижелерге қол жеткізіп, Ақмола облысын ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу бойынша ел көшбасшысына айналдыра аламыз, – деп атап өтті өңір басшысы Марат Ахметжанов.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар