Әр ауылдың тарихында туған жеріне адалдығымен, еңбекқорлығымен және қайсарлығымен үлгі болған жандар бар.
Сондай тұлғалардың бірі – өмір жолы маңдай терімен және Отанға адал қызметімен тығыз байланысты Сандықтау ауданы Приозерное ауылының тұрғыны Амангелді Боташұлы Ахметқанов.
Амангелді Боташұлы 1954 жылы Балқашин ауданына қарасты Кронштадтка ауылында дүниеге келген. Осында сегіз жылдық мектепті бітіріп, кейін Жезғазған қаласындағы нағашы жұртына барып, 9-10 сыныпта білімін жалғастырды. Орта мектепті аяқтаған бойда Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Архангельск облысында зымыран әскерлерінде екі жыл әскери борышын абыроймен өтеді. Әскерден елге оралған соң Веселое ауылында автомектепті тәмамдап, біраз уақыт өзі туған Кронштадтка ауылында мал шаруашылығында еңбек етті.
1980 жылы тағдыр Амангелді ағамызды кенші кәсібімен табыстырды. Ол Шаңтөбе шахтасында осы мамандық бойынша жұмыс істей бастады. Бұл адамдар мен материалдарды шахтаға түсіретін жауапты әрі қиын міндет еді. Шахтада атқарылатын қызмет ерекше шыдамдылық пен ұқыптылықты талап ететін. Амангелді Боташұлы осында жиырма жыл бойы еңбек етіп, қашан шахта жабылғанға дейін жұмыс істеді.
Одан кейін ол Жезғазған қаласына қоныс аударып, сондағы шахтада тағы он жеті жыл еңбек етті. Жалпы алғанда, Амангелді Боташұлының кенші ретіндегі еңбек өтілі қырық жылға жуық. 2017 жылы Амангелді Ахметқанов зейнет демалысына шығып, өз еліне, Приозерное ауылына оралып, қазіргі таңда осы елді мекенде өмір сүруде.
1981 жылы Амангелді ағамыз Березовка ауылынан Биғайша апамызбен отау құрды. Ерлі-зайыптылар содан бері үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде алты немеренің асыл атасы мен аяулы әжесі атанып отыр.
Еңбекпен қатар, Амангелді Боташұлы өмір бойы өзінің сүйікті хоббиіне де уақыт таба білді. Ол шахмат ойнауды жақсы көреді. Бірнеше мәрте облыстық жарыстарда аудан намысын қорғап, өзінің ой ұшқырлығын және табандылығын көрсетті.
Бүгінде Амангелді Боташұлы Ахметқанов Приозерное ауылының құрметті тұрғыны, жас ұрпаққа үлгі, жерлестерінің мақтанышы. Оның өмір жолы еңбек адамының, отансүйгіш азаматтың және ардақты әкенің тағылымды өнегесі.
Ербол НҰРҚАНАТ.
Сандықтау ауданы.
![]()

