Көргенімді айтамын
немесе осы біз еліктеуден қашан арыламыз?!.
Балалардың қамқорлығымен биыл жазда әрі-бері он алты сағат ұшып, Вьетнамда дем алып қайтқанбыз. Буддаға табынған бөтен ел жұртының қай қылығын болмасын сол күйі, салқынқанды қабылдадық.
Не шаруамыз бар? Әркім өз білгенін істейді. Бір елең еткізгені – еңбекқорлықтары. Олар таңғы төртте тұрып, тірлігіне кіріседі екен. Біздегідей бәрі бір-бір джип мінуді армандамайтын сияқты. Шағын ғана машинасы барлар байлар қатарынан саналатын көрінеді. Астарындағы тайдан да кіші дырылдаған мопедтерге тиемейтіні жоқ! Бір баласы алдында, бір баласы артында, үйін жөндеуге алған құрылыс материалдары да, азық-түлігі де сонда артылған. Үйме-жүйме. Қалай ғана құлап қалмайды? Оның үстіне, көшелерінде бағдаршам жоқ. Екпіндеп келіп қалғанын өткізіп, тізгін тартқанының алдын орап өтіп, қақтықпай-соқтықпай жүріп жатыр. Ең бастысы, «Неге былай жүрмедің? Неге «көкең» келе жатқанда көлденеңдейсің?» деп ұрcысып, қызылкеңірдек болып, қит етсе қатты-қатты сигнал басып жатқан бірі жоқ! «Кіжіңдеуге де көл-көсір уақыт пен кең жер керек екен-ау» деп, ернімді тістеп, өз-өзімнен қарадай ұялдым…
Айтпақшы, айтпақ сөзім бұл емес-ті. Бір дүкеннің алдындағы шағын ғана жарнама тақтайшаға жеті тілде ескертпе жазылыпты. Шамасы, өз тілдерінде, ағылшынша, орысша, тағы бір тілдерде… Мәссаған!.. Бесінші жазу қазақша! «Кіруі тегін» деп тұр!.. Ең ғажабы сол, қатесіз жазыпты… Екі бетім осы жерде күйді-ау!.. Ойпырмай, өз елімізде әр қадам сайын өз тілімізде қате жазамыз ғой! Жоқ, орысшасын қатырып қоямыз. Тек, қазақшасын… Қазақшасын қасқасын қайнатып, сорлатып қате жазамыз! Бұл не? Неге өйтеміз? Сол жазуды қарап, түзетіп беретін сауатты бір қазақ табуға болар еді ғой!.. Келісесіз бе, осыған? Әне, айдаладағы, бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын вьетнамдықтар қатесіз жазып қойыпты! Жиырма жыл соғыстан көз ашпаған, одан кейін де өзге бір елдің табаны астында болған сорлы ел сауатты қазақ тауып қаратып алыпты, мұқияттапты, көңіл бөліпті, біреудің тілін дұрыс жазыпты. Және мемлекеттік те мекеме емес, жекеменшік дүңгіршек! Біз де ше?.. Оны өзіңіз күнде көріп, бармағыңызды тістеп жүрсіз ғой.
Жақында бір ағай биік үйдің төбесіндегі «Жана Алтай» деген жазуды айтып, қынжылған. Онсыз да жоғалып бара жатқан «ң» әрпі әдіре қалған ғой дегенбіз. Қаланың қақ ортасында, күре жолдың бойында әрі өткен, бері өткенге адырайып көрініп тұрған қатенің мән жайын білмек болғанбыз. Сөйтсек, олай болмай шықты. Оны салған «Жанат-Алтай» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік екен. Содан, атауды қысқартып алса керек. Жалпы, жекеменшік құрылымдардың өз меншігіне қандай атау қойса, еркі екен. Тек, дәл осы үй төбесіндегі жазудың «н»-ы «ң» болуы керек қой деген ой тудырары даусыз. Оның себебін әркімге қалай түсіндіресің? «Қате жазылып тұр» деп ұғады. Демек, жазылды екен, «Жанат» делініп, бірінші сөзі толық жазылмай ма?!
Қайта құру кезеңінде, шекаралар ашылып, шет елдермен қарым-қатынас орнап, бұрын бармаған-көрмеген елдермен байланыс орнаған уақытта шет елдің сөзін таңсық көру, қызығу етек алды. Дәмханалар, мейрамханалар, дүкендер шет елдің сөзімен аталса, ол өзгелерден озықтау саналды. Кейін қазақ сөзіне шет ел тілін құйыршық қып тіркеу сәнге айналды. Сол «құйыршық» әлі ілегіп-салағып, тіркесіп жүр. Біреу міндеттеп, жүктеп жатқан жоқ, өзіміз сөйтеміз. Неге? Кімге керек?
Бүгінгі қайта жаңғырып, қайта жасарып, түлеп келе жатқан Көкшетауда Mokkos, CroSta, Aiva, Va-Va, Grill Beer, House Deluxe, Liberty, Chicago деген сияқты атаулар толып тұр. Бұл үрдіс әлі тоқтаған жоқ. Демек, түсінік жұмыстары дұрыс жүргізілмесе, алға қарай да солай бола бермек…
Бала жан-жағына қарап, өзгешелеу әрекетке, тұлғаларға қызығып, еліктеп өседі. Ондай бар. Өсе келе ондайды қояды, өз жолын табады. Біздің қоғам ше? Есеймей ме? Бала күйінде қала бере ме? Алыс-жақын ел-жұртты көріп-біліп, жақсы-жаманын ажырататындай уақыт өтті емес пе? Өзгенің тілін тіркеп, кімді таң қалдырасың? Еліктеу-солықтауды қашан қоямыз? Келер ұрпақтан ұят емес пе?!.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
журналист.
![]()

