Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Жуырда «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалы осы партияның мүшесі болып табылатын ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ұстаз – ұлағатты атау! Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ, бала өзінің өмірдегі «екінші ата-анасы» саналатын тұлғадан тәлім алып, айтқанын бұлжытпай орындау арқылы тәртіпке үйренеді. Мұндай жандар Ақмола, Көкше аймағында да жетерлік. Сол себепті, ұстаздарды құттықтау үшін партия мүшелері арнайы кездесу өткізді. Партияның 25 жылдығына орайластырылған іс-шарада барлық ұстазға ұйымдастырушылар тарапынан медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

– Мақсатымыз – аймақтағы ұстаздарымыздың еңбегін бағалап, дәріптеу – дейді «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова. – Марапатталғандардың барлығы партия мүшелері, сондай-ақ, жай мүше болып қана қоймай, әрбір іс-шараларымызға белсенді атсалысатын жандар.

Марапатталған мұғалімдер тізімінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессорлары мен оқытушылары, «Болашақ сарайы» білім беру орталығының педагогтары да бар. Сондай-ақ, Шортанды ауданының Пригородное ауылы мектебіндегі мұғалімдер де партия назарынан тыс қалмады. Еңбектерінің бағаланғанына қуанышты ұстаздар қауымы ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізді. Қатысушылар қатарында 53 жыл жұмыс өтілі бар ардагер ұстаздарды да кезіктірдік. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау  университетінің ауыл шаруашылығы және биоресурс кафедрасының профессоры, ғылым докторы Әбілжан Құсайынов ағамыз магистранттар мен докторанттарға жетекшілік етіп, жоғары білімді мамандарды даярлауға атсалысуда.

– Өте қуаныштымыз! Бұл қарым-қатынас жайдан-жай емес. Неге десеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына биылғы Жолдауында «Ауыл шаруашылығы кешені ғылымсыз дамуы мүмкін емес», – деп атап өтті. Сондықтан, біздің қазіргі өндіріске қосатын үлесіміз бар, – дейді Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері Әбілжан Құсайынов. – Сол салада бірлесіп жұмыс істесек, нұр үстіне нұр болады. Ауылды дамытып, әрі қарай өркендетуге дайынбыз.

Шәкіртін өзінің оң жамбасына келетін салаға бағыттап, оған бар жанын салып дайындау ерекше төзім мен сабырды талап ететіні айдан анық. Сол себепті, ұстаз – ол жай мұғалім ғана емес, ол – бапкер де. Кейінгі жылдарда педагогтардың мәртебесі жолға қойылып, жалақысы да біршама ұлғайды. Статистикаға сай, былтыр 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істеген. Олардың 300 мыңға жуығы біліктілік санаттары үшін үстемеақы алады. Былтыр елімізде мұғалімдерге ай сайын орташа есеппен 352 мың теңге, ал, ауыл мұғалімдеріне 435 мың теңге жалақы төленген.

Филиал ғимаратында өткен кездесуде осы тектес жан жылытатын лебіздер айтылды. Бүгінде педагогтардың еңбегі білім ордаларында ғана емес, партиялар назарына да ілігіп отырғанына тәнтіміз.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар