Еңбек әулеттері
Жұмысшы мамандықтары жылы және Еңбек күні аясында Көкшетау қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет үйінде педагогтар мен теміржолшылардың еңбек әулеттерімен «Еңбек – өмірдің мәні» атты жүрекке жылы кездесу өтті.
Іс-шараға өңірге кеңінен танымал Қабыловтардың ұстаздар әулеті мен Тілеуленовтердің теміржолшылар әулеті қатысты. Олар өз өмірлік жолдары арқылы сүйікті іске деген адалдықтың ұрпақтан ұрпаққа берілетін шынайы мұра екенін дәлелдеді.
Зәуре Сабыржанқызы Қабылова 45 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог, бүкіл өмірін жастарды оқыту мен тәрбиелеуге арнаған жан. Әкесінің жолын жалғаған ол №12 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастап, кейін оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Бүгінде Зәуре Сабыржанқызы математика пәнінің мұғалімі, әріптестері мен шәкірттерінің ерекше құрметіне ие.
Зәуре Сабыржанқызының жұбайы Марат Белсендіұлы да білім саласына қомақты үлес қосқан. Ол бұрын оқу ордасын басқарса, қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ беріп, заманауи білім берудің жаңашыл үлгісін көрсетіп жүр.
Ұстаздық жолды осы отбасының басқа мүшелері де жалғастыруда. Әлия Астанадағы дарынды балаларға арналған «Алпамыс» мектебінде еңбек етсе, жиені Сымбат Таңатарқызы Көкшетау қаласында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Қабыловтар отбасы – шынайы мамандықтың уақыт пен жылдарға бағынбайтынының жарқын дәлелі.
Тілеуленовтер әулетінің тарихына келсек, ол да теміржол саласына адалдықтың тұтастай бір шежіресі. Отағасы Мұратбек Тілеуленов бүкіл саналы ғұмырын теміржолға арнап, «Құрметті теміржолшы» атағына ие болған. Әкесі де 48 жыл осы салада жол мастері болып еңбек етсе, анасы 40 жылдан астам уақыт бойы станса кезекшісі қызметін атқарған.
Бұл отбасының мақтанышы – олардың балалары. Тілеуленовтер отбасында 12 бала тәрбиеленіп, соның 10-ы ата-анасының жолын жалғап, кәсіби теміржолшы атанған. Бұл жай ғана әулет емес, бұл еңбекке, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген нағыз өмір мектебі.
Кездесу жылы әрі достық рәуіште өтті. Іс-шараға қатысқан Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің студенттері мен №8 орта мектеп оқушылары үлкен қызығушылық танытып, аға буын өкілдерінің әңгімелерін ықыласпен тыңдап, сұрақтар қойып, олардың өнегелі өмір жолына тәнті болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

