Жүрер жолың жақсы болса, бір ғанибет

Дерек пен дәйек

Ақмола облысында соңғы жылдары көлік инфрақұрылымы жақсы қарқынмен дамып келеді. Соның ішінде республика бойынша маңызды бағыттарға басымдық беріліп отыр.

Осы орайда, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті, онда, Ақмола облысының жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков пен «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының Ақмола филиалының директоры Рүстем Әбілов төмендегі мәселелерге тоқталды.

Алдыңғы басшының айтуынша, бүгінде үш ірі жоба – «Щучинск-Зеренді», «Көкшетау-Степногорск» және «Көкшетау-Атбасар» жолдарының жөндеу-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Туристік өңірге жеткізетін бағыттардың бірі – «Щучинск–Зеренді» жолы. Жоба құны – 4 миллиард теңгеден астам. Бүгінде жолдың төменгі қабатының 30 шақырымға жуығы және жоғарғы қабатының 18,5 шақырымы төселді. Сонымен қатар, 13,5 шақырым жарықтандыру желісі тартылып, заманауи аялдамалар мен жаяу жүргінші өткелі қойылады. Жобаны «КазГерСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асыруда.

Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тасымалы үшін аймақтық маңызды жоба – «Көкшетау-Степногорск» бағыты. Құны – 11,2 миллиард теңге. Былтыр 1,7 миллиард теңге игерілсе, биыл тағы 9,5 миллиард теңгені игеру қарастырылып отыр. Қазіргі уақытқа дейін 12 шақырымдық асфальттың жоғарғы қабаты төселді. Мердігер – «Нурай-Сервис» ЖШС. Ал, «Көкшетау-Атбасар» бағытының жалпы құны 9,4 миллиард теңге. Былтыр 1,2 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы 8,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде төменгі қабаттан 15 шақырым, жоғарғы қабаттан 10 шақырым дайын. Жұмысты «SSK Holding» ЖШС жүргізуде.

Жалпы алғанда, Ақмола облысындағы жол құрылысы Президенттің өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жүйелі түрде орындалып келеді. Қаржы көлемі, атқарылған жұмыстар мен нақты мерзімдердің барлығы бақылауда.

Бір сөзбен айтқанда, миллиардтаған қаржы бөлінген жобалардың нәтижесін тұрғындар алдағы бір-екі жылдың ішінде нақты сезіне бастайды.

Ал, «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының Ақмола филиалының директоры Рүстем Әбіловтің сөзінше, былтыр Ақмола облысындағы жол саласына 106 миллиард теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 800 шақырымнан астам автожол су жаңа кейіпке жаңартылды. Биыл да осы игі мақсатты орындамақ ниетте 115 миллиард теңге қарастырылған. Шамамен оның жартысы республикалық жолдарға, ал, қалған бөлігі – жергілікті жолдар мен елді мекен көшелеріне бағытталды.

Республикалық бағытта «Астана–Қорғалжын», «Көкшетау–Рузаевка», «Макинск–Ақсу–Торғай», «Көкшетау–Омбы», «Көкшетау–Зеренді» жолдары  жөнделіп жатыр. Ал, жергілікті маңызы бар жобалардан «Ақкөл–Азат–Новорыбинка», «Щучинск–Степняк», «Ершовка–Чистополь–Есіл» тәрізді бағыттар қамтылған.

Көкшетаумен қатар, Астана іргесіндегі Қосшы қаласы мен Талапкер, Қоянды, Қараөткел және Қаражар ауылдарында да қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ, мұндай жұмыстармен Атбасар, Зеренді, Қорғалжын мен өзге де елді мекендер қамтылған. Аймақтағы барлық жолды бір жылда жөндеу мүмкін емес. Сарапшылардың есебінше, толық межеге қол жеткізу үшін кемінде 300 миллиард теңге қажет.

Жол сапасын бақылау үшін биыл Ұлттық сапа орталығымен 225 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды. Жол материалдарын зерттеуді автоматтандырған «КазРоадЛаб» жүйесі мен арнайы сынақ зертханасы енгізілді. Енді барлық дерек базаға бірден түсіп, хаттамалар автоматты түрде жасалады.

Қоғамдық көлік те жаңарып келеді. Былтыр 24 қалалық және 2 қалааралық автобус сатып алынды. 2019 жылдан бері әлеуметтік маңызы бар маршруттарға 130 жаңа автобус әкелінді. Бұл жалпы парк көлемінің 64 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, 16 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Макинск және басқа қалалардың вокзалдары бар. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жүзеге асыратын жобалардың құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған. Жөндеуден өткен вокзал маңындағы алаңдар да абаттандырылады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 451 миллион теңге.

Үкімет 2029 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын нормативке жеткізуді міндет етіп қойды. Бұл – Ақмола аймағы үшін де стратегиялық меже.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет static.tengrinews.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар