Реновация және цифрландыру көкжиегі кеңейіп келеді

Депутаттар сапары

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «DigitalAqmola» орталығында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Олар мұнда облыс бойынша іске асырылып жатқан ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың пилоттық жобасымен танысты.

Мәжілістің сегіз депутатынан құралған делегация ең алдымен облыс орталығының Быковский көшесіндегі Реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің аумағында болды. Жаңа ғимараттар заманауи тәсілдер негізінде халыққа жайлы жағдай жасау стандарттарына сай тұрғызылған. Жалпы, облыста 2029 жылға дейін 175 ескі үйді сырылып, орнына 35 көпқабатты жаңа тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. Биылдың өзінде кеңестік кезеңде салынған 13 ескі үй бұзылып, 2 тоғыз қабатты және 5 бес қабатты тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға берілген.  Нәтижесінде 405 отбасы жаңа пәтерге қоныстанып отыр.

– Қазір облыстың орталығыКөкшетау қаласында,Аршалы және Бурабай, Бұланды, Зеренді аудандарында реновацияның 6 жобасы жүзеге асырылуда. Келер жылы Көкшетауда төрт үйді, ал, облыс аудандарында шамамен бес үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді реновация бағдарламасын жүзеге асырып жатқан «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Әли Әлиев.

Депутаттар «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барып, мұндағы қайнаған тіршіліктің жайын көріп, қарттар қауымына игі тілектестіктерін білдірсе, бірнеше аумақты біріктіріп жаңғыртылған «Көк шалғын» және көкшеліктердің сүйікті орнына айналып үлгерген Жаңа Жағалаудың аймағымен жүріп өтіп, қаланың қысқа мерзімде осылайша көркейіп, ажарлана түскендеріне риза болды.

Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары өңірдің цифрлық штабы болып табылатын «Digital Aqmola» орталығына ат басын бұрды. Орталықта облыстың негізгі даму бағыттары бойынша деректерді нақты уақыт режимінде жинақтау және талдау жүргізіледі. Мұнда депутаттар заманауи технологиялардың мемлекеттік басқару жүйесіне қалай енгізіліп жатқанын өз көздерімен көрді.

Орталықта халық қалаулыларын қарсы алған облыс әкімі Марат Ахметжанов оларға ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан пилоттық жобаның барысы туралы кеңінен баяндады.

– Бүгін біз Президенттің ел халқына биылғы Жолдауында белгіленген цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні әр салаға енгізу тапсырмаларын орындау аясында құрылған «Digital Aqmola» орталығындамыз. Мұнда барлық цифрлық шешімдер шоғырланған. Бұл IT-бастамалар мен стартаптарға арналған алаң, мұнда цифрландыру басқармасы бірыңғай оператор әрі цифрлық трансформацияның драйвері болып табылады. Бұл іс жүзінде «Цифрландыру үйі», мұнда инновацияларды енгізуге қажетті негізгі ресурстар жинақталған. Жергілікті IT-мамандар қаладан шықпай-ақ стартаптар жасап жатыр. Қазіргі уақытта түрлі салаларда енгізілген шамамен 15 жоба тіркелді, – деді облыс әкімі кездесуде.

Сонымен қатар, Марат Ахметжанов  ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент тапсырмалары Ақмола облысында алғашқы нәтижесін бере бастағанын атап өтті.

–Біз «Дихан-Плюс» шаруашылығының мысалында жасанды интеллект қолданудың пилоттық жобасын әзірлеудеміз. Бұл – аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға және шаруашылықты жаңа даму деңгейіне көтеруге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді сәтті енгізудің нақты мысалы, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі мәжілісмендер назарын биыл өңірде егін орағы науқанының сәтті өтіп жатқанын, егіс алқабы 5,5 миллион гектарға дейін ұлғайтылып, оның әр гектарынан орташа түсім 16 центнерден айналып, осы уақытқа дейін 6,7 миллион тоннадан астам астық жиналғанына назар аударды.

– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен диқандардың бірлескен еңбегінің арқасындаоблыс ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымын 1 триллион 200 миллиард теңге деңгейінде қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, бұл өз кезегінде облыстың елдің аграрлық секторы көшбасшысы ретіндегі әлеуетін нығайтады, – деді сөз барысында Марат Ахметжанов.

Кездесуде астықты терең өңдеу және инвестиция тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Өңірде қытайлық Dalian компаниясымен бірлескен, құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба жүзеге асырылуда. Оның алғашқы кезеңінде жылына шамамен бір миллион тонна астық өңделеді, ал, болашақта бұл көрсеткіш үш миллион тоннаға дейін артады.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров кездесуде Ақмола облысының реновация, цифрландыру бағыттары бойынша бұл іс-тәжірибесі елдің басқа өңірлеріне де үлгі екендігін атап өтті.

– Менің ойымша, бұл – жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің өзара тиімді ынтымақтастығының нәтижесі. Мұнда бизнес өз міндеттерін орындай отырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлес қосуда. Қазіргі біз отырған «Digital Aqmola» орталығы да заманауи инновациялар мен креативтіліктің қайнаған ордасы екен. Бізге таныстырылған ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың пилоттық жобасы цифрлық технологиялардың арқасында басқару жүйесінің ашық әрі айқын болып келетінін, ал, қабылданған шешімдер дәлірек және жедел бола түсетінін көрсетіп отыр. Бұның барлығы заманауи технологиялардың адам өмірін қалай жақсарта алатынының дәлелі, – деп түйіндеді сөзін ол.

– Көкшетауда қолға алынған жобалар өз нәтижесін беріп жатқаны үшін қуаныштымын. «Digital Aqmola» орталығы мен цифрландыру басқармасының бірлескен жұмысы көрініп тұр.Әлі есімде, біз облыста алғаш цифрландыру басқармасын ашқанда ғимарат таңдап, жөндеу жұмыстарын өзіміз жүргізген едік. Қазір мұнда тамаша жағдай жасалған, жобалары да өте мазмұнды. Бұған қоса, Астана Hub филиалы мен Aqmola Hub-тың бірлесіп жасап жатқан жұмыстары да үлкен артықшылыққа ие. Менің ойымша, бұл жерде көптеген тың идеялар, игі бастамалар мен жобалар жүзеге асатын болады, – дейді бізге берген сұхбатында Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі алдағы уақытта көрсеткіштерді одан әрі жақсарту және әр салаға жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Жалпы, депутаттар Көкшетау қаласында Президент тапсырмаларына сәйкес қолға алынған жобалар оң нәтиже беріп, облыс елді мекендерінің келбеті мен инженерлік және коммуникациялық желілері біртіндеп жақсарып, жаңғыртылып келе жатқанына ризашылықтарын жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар