Маңғыстау мен Ақмола: екі жақты ынтымақтастық

Ел мен ел бірлігі

Өткен сәрсенбі күні Ақмола облысына екі жақты ынтымақтастық аясында Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары арнайы ат басын тіреді. Көкшетау қаласында мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев бастаған делегация мүшелері облыс әкімі Марат Ахметжановпен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты.  

Маңғыстаулық депутаттармен арнайы кездесуде аймақ басшысы қала аумағындағы іске асырылып жатқан ауқымды жобалар жөнінде кеңірек таныстырып өтті. Облыс әкімі өз сөзінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барлығы дерлік тұрғындардың жайлы өмір сүруін қалыптастыра отырып, халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталғанын еске салды.

– Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкшетауға сапары кезінде облыс экономикасы мен әлеуметтік жағдайына қатысты көп мәселелер айтылды және жобалардың барлығы таныстырылды.  Биыл Көкшетау халқына таза ауыз су беріліп, жаңа жағалау құрылысы толығымен аяқталды. Қаланың 7 гектарға жуық жерін қамитын «Көкшалғын» жобасы да сәтті аяқталып, қала көшелеріне көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Сонымен қатар, жылу электр станциясының құрылысының басталуы биылғы жылдың айтулы оқиғаларының бірі болып отыр. Әлеуметтік серіктестік, реновация бағдарламалары арқылы көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқын алып, бұл жобалар да сәтті іске асырылып жатыр. Осының арқасында Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған «Келешек мектептері» жобасын республикада бірінші болып жүзеге асырдық. Ауыл шаруашылығын цифрландыру арқылы яғни, жасанды интелектінің көмегімен аграрлық саланы жандандыра түсуге мүмкіндік туып отыр. Биыл біз рекордтық көрсеткіш орнатып, 7 миллион тоннадан астам астық жинауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде бұл меженің 80 пайызы орындалды. Бұдан өзге де толып жатқан жаңа жобалар жетерлік, – деді облыс әкімі маңғыстаулық депутаттармен кездесу барысында.

Сондай-ақ, кездесу барысында өңіраралық әріптестікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ықпалдастық орнату мәселелері талқыланды.

Көкшетауда өз жалғасын тапқан маңғыстаулық депутаттардың іс сапары аясында делегация құрамы алдымен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына кіріп шығудан басталды. Олар өлкеміздің тарихи бай мұрасымен, мәдениетімен танысып,  Ақмола облысының этнографиясын, табиғи байлықтарын және халықтың тұрмыс-тіршілігін көрсететін құнды жәдігерлермен, экспонаттармен танысты.

Бұл мұражайда археологиялық қазбалардан бастап, ұлы тұлғалардың жеке заттарына дейін көптеген ерекше экспонаттар қойылған. Сонымен қатар, облыстың табиғи ресурстары мен экологиясына арналған көрмелер де бар. Маңғыстау облыстық делегациясының мүшелері мұражайдың әрбір залын қызығушылықпен аралап шығып, тарихи және мәдени құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап отырған мұражай ұжымының еңбегіне ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Содан соң  делегация мүшелері Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледж ұжымымен кездесті.Оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, заманауи оқу жабдықтарымен, оқу-өндірістік үдерістерімен және білім беру бағдарламаларымен толық танысып шыққан депутаттарға колледж директоры мен оқытушылар құрамы оқу орнының негізгі бағыттары мен жетістіктерін, алдағы жоспарлары туралы баяндап, пікір алмасты.

Көкшетау Жоғары техникалық колледжі – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының бірі болып табылады.

– Колледж қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлап, студенттерге сапалы білім мен тәжірибе алуға барлық жағдай жасауда. Оқу орнында электротехника, автокөлік жөндеу, IT технологиялар, өндірістік автоматтандыру сияқты салалар бойынша мамандықтар оқытылады. Сонымен қатар, колледж базасында электромобильдер мен гибридті көліктерді диагностикалау және техникалық қызмет көрсетуге арналған тренингтік орталық жұмыс істейді. Оқу орны WorldSkills чемпионаттарына қатысып, студенттеріміз халықаралық деңгейде жүлделерге ие болуда. Колледж заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып,  жатақхана, зертханалар және өндірістік шеберханалармен қамтамасыз етілген.Оларға қажеттінің барлығы жиһаз, төсек жабдықтары сияқты қажеттіліктер өзіміздің ішкі өндірісімізден шығып отыр, – дейді колледж директоры  Ақнұр Еслямова.

Аталған колледжде «Жарқын болашақ» бағдарламасымен 30-дан аса Маңғыстау өңірінің студенттері білім алуда. Ақмола облысына сапарлап келген депутаттар осы колледжде білім алып жатқан маңғыстаулық студенттермен кездесіп, жастардың таңдаған мамандықтары мен оқудағы жетістіктері олардың болашақ жоспарлары жайында әңгімелесті. Делегация өкілдері студенттерге сәттілік тілеп, туған елге зор білім, айқын мақсатпен оралуға тілектестік білдірді.

Көкшетауға келген бұл депутаттардың сапары ары қарай аймақтағы іргелі өндіріс орындарының бірі «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысумен жалғасты.

Сапар аясында олар зауыттың өндірістік цехтарын аралап, сүт өнімдерін өңдеу, сақтау және буып-түю үдерістерін көзбен көріп, кәсіпорынның заманауи технологиялармен жабдықталған желілерінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Ерсайын Жақсылықов өндірістің жылдық қуаты, шикізатпен қамтамасыз етілу деңгейі, дайын өнімнің түр-түрі мен өткізу нарығы жайында кеңінен ақпарат берді.

Халық қалаулылары кәсіпорынның жоғары деңгейдегі ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарына жоғары баға беріп, Маңғыстау өңірінде де осындай сүт өңдеу өндірістерін дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Сапар соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында өзара келісімге келді.

Сонымен қатар, бұған дейін маңғыстаулық депуттар Ақмола облысының Қосшы қаласы мен Бурабай, Зеренді, Сандықтау аудандарында болып, осы өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік, мәдени және спорттық жобалармен танысып, ірі серіктестік басшыларымен кездесті.

Сандықтау ауданындағы «Максимовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Закусиловпен кездесу барысында маңғыстаулық делегация кәсіпкердің бір ауылды жан-жақты дамыту арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға үлес қосып отырған еңбегін жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді. Олар бір кәсіпорынның ғана күшімен ауылдың гүлденіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеп жатуы өзге өңірлер үшін үлгі боларлық тәжірибе екенін атап өтті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар