Асыл ана! Өмірің мен өсиетің ұрпағыңа өнеге

Ғұмыр-ғайып

Қошқарбай ауылына келін болып түсіп, Айдарлы ауылын мекен еткен асыл ана Маржапия Сәкенқызы 93 жасқа келіп, осыдан отыз жыл бұрын, 1995 жылы өмірден өтті.

Нағыз жалындаған жастық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге дөп келіп, өмірдің небір қиындығы мен тауқыметін тартса да қайыспаған, жігері жасымаған қайсар жан еді. Сол ауыр кезеңде бидайдың масағын теріп, оны қол диірменге салып, ұн тартып та ұрпағын асыраған екен.

Адал еңбегімен, пайымды парасатымен еліне танылған Маржапия анамыз Қарлыкөл ауылының тумасы еді. Ол 1902 жылы әкесі Сәкеннің шаңырағында дүниеге келіп, бауырлары Ешмұхамбет, Нұрмұхамбет, Айтмұхамбет, Кәрімжан, Бекмағанбет деген бес ұл, Маржапия, Нұрила, Рахила деген үш қыз өрбіген ортада өскен. Сол ақарлы-шақарлы ортадан Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Қошқарбай елінің азаматына сән-салтанатымен ұзатылған екен. Бірінші жолдасы соғыс өртінен оралмай, шиеттей екі баламен қалып, кейін Мұса деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Сол ауыр жылдары тағдырына тура келген қиын уақыттың ауыртпалығын елмен бірге көтеріп, еңбектен бел жазбай үш қыз, екі ұлын өсіріп, ер жеткізеді. Өз бойына ана сүтімен дарыған қазақи өнеге-тәрбиесімен қыздарын еңбек пен қол өнеріне баулып, өзі жіп иіріп, алаша тоқып, құрақ көрпе тігіп, киізден текемет басатын. Ала таңнан тұрып, қара кешке дейін малын бағып, биесін сауып, қымызын баптап, шоқ теріп, самауырмен шай қойып, қазанға құрт қайнататын кейуана еді. Қысы-жазы кебежесінен сүр еті таусылмайтын, үй шаруасына ұқыпты, ағар бұлақтай қолы берекелі жан еді.

Кең етек көйлегімен басына ақ орамал тартып, аяғына мәсі, үстіне молынан қамзол киіп, шаршап-шалдықпай үйдің де, түздің де қара жұмысын атқара жүріп, жан біткенді жатсынбай, ел бірлігін, ағайын татулығын ойлап жүретін ақылы керемет, көркіне сай парасатты жан болатын. Қайыстай қатқан, өз-өзіне қатал, айналасына әділетті мейірбан ананың еңбегі ақталып, әкесіз өскен балалары өмірден өз орнын тапты. Тұңғышы Күлбану Кеңөткел ауылының азаматы Бекқожа Ғелманұлымен, Бағиласы Туражолдағы Жатай Мұқажанұлымен, Үмітжаны Шиелі елінен шыққан Қажыкен Мұхамеджанұлымен отау құрып, анасының қолын ұзартып, шаңырағының керегесін кеңейтті. Бұл отбасының ұрпақтары да өсіп-өніп, ел игілігі жолында абыройлы қызмет атқарып келеді.

Асыл ана ата қоныс жұрнағы, көзінің қарашығындай болған екі ұлы Есләмбек пен Әнуарбекті ерекше көретін. Үлкен ұлы Есләмбек МусинАлматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп,«Қарабұлақ», «Ленин жолы» совхоздарында бас агроном болып қызмет етті. Жолдасы Надежда Ғұсманқызы сол шаруашылықта экономист-бухгалтер болды. Олардан үш перзент тарады. Маржапия анамызкіші ұлы Әнуарбек пен келіні Маралдың қолында 25 жыл бірге тұрып, олардың бес баласын жеткізуге көмектесіп, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, қолымен салған қарашаңырағында өмірден өтті. Ұлы мен келіні мінезі бірбеткей анасының бетіне бір келмей, қара басын көтере қадірлеп, мағыналы күндер сыйлады.

Перзенттеріне аналық мейірімін төгетін әжесінің асыл бейнесі, іс-қимыл әрекеті, жүріс-тұрысы, адами асыл қасиеті немерелеріне үлгі-өнеге болды. Қос ұлынан туған тұңғыш немерелері Ермек пен Ғалияға іші бұрып, қасынан бір елі қалдырмай ертіп жүретін. Бүгінде сол қос қыздың мінезі, дауысы, шапшаң іс-әрекеті, қылығы,берекесі асыл әжесінен аумайды. Есләмбектің Ермегі әжесінің көзі тірісінде Свердловск қаласынан халық шаруашылығы институтын бітіріп, туған еліне оралып, Көкшетаудың статистика жүйесінде 36 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қолында от ойнайтын, пысық Ғалия да жеке кәсіпкер. Асыл ананың кіндігінен тараған бес ұрпағынан 30 шақты немересі, олардан жетілген шөбересі бар. Артында қалған әже ұрпағына оның тәлімі мол тәрбиесі, ұқыптылығы, ырысы мен берекесі дарыды деп айта аламыз. Арада отыз жыл өтсе де ұмытпай, асыл әжесін еске алып, құран бағыштап, ағайын-туысқа ас беріп, естелік арнап отырғаны соған дәлел.

Маржапия ана жалғанда дүние жинап көрмеген, азды қанағат ететін, көргені көп, тоқығаны мол жан еді. Көп сөйлеп, артық-ауыс сөз айтудан аулақ жүретін. Ал, орайы кеп қалса, ішінде тұнып жатқан сырлы сөздің майын ағызып, тілімен тіліп түсетін абыздай сауатты да парасатты жан болатын. Қарлыкөлдегі төркін жұртынан қалған ағасы Ешмұхамбеттің Рамазаны мен інісі Бекмағанбеттің Бірлесін, қыздарын жанымен жақсы көріп, бауыр тартатын. Біз де асыл ананың ғазиз басын пір тұтушы едік.

Сол 1995 жылдың қазан айында Сәкен атаның соңғы ұрпағы Маржапия анамыз төсек тартып қалды дегенді естіп, Алматыдан Рамазан ағам жетті. Бауырым Бірлес бар, оның қарындасы мен бармын, алып-ұшып Айдарлыға жеттік. Әнуарбекті еркелетіп бәрі Әнау дейтін. – Нағашы, нағашы, қонып кетші, – деп Әнау ағам, ағатайға жабысты.

– Апатайымды көруге, батасын алуға келдім, шай ішеміз де кетеміз, – деді ол. Ауырып жатқан асыл ана жайымен тұрып басын көтерді.

– Алматыдан Айдарлыға шай ішуге келдің бе, отыр, барлық балаларды жинаңдар, асықпай батамды берейін, – деді. Мен де қағаз-қаламымды ыңғайлап едім. Сондағы апатайымның ақ батасы:– О, жандарым, бауырым, – деді дауысы дірілдеп.

Басқан жерің кең болсын,

Шыққан жерің дөң болсын.

Қайда барсаң алдыңнан,

Жарқыраған жол болсын.

Алған бетің оң болсын,

Дұшпан біткен қор болсын.

Мың мәртебең зор болсын,

Өлең-жырың мол болсын.

Айтқан сөзім ем болсын! – деп зулата жөнелген еді. Сол жолы дерті меңдеп, сырқаттанып жатса да асыл апатайымның шешен тілімен мүдірмей берген ақыл-батасы, айтқан өсиеті баршамыздың жүрек төрінен орын алып, жан дүниемізге өшпестей із салды. Бір ғасырға жуық өмір кешкен асыл жанның өсиеті өмірдің терең мәнін ұғындырып, мәңгіесімізде қалды.

Міне, сол күннен бері арада отыз жыл өтті. Бір ғасырдың қилы тарихын басынан өткерген асыл ананың айтқан әрбір сөзі, ұрпағына сіңірген өлшеусіз еңбегі ұмытылмақ емес. Арада ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де асыл апатайымызды сағынышпен еске алып, рухына бас иіп, тағзым етеміз. Ананың артында қалған бес баласы, үш күйеу баласы, үлкен келіні өмірден өтті. Алланың ісіне шара жоқ. Бәріне иман байлығын тілейміз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Ата-бабамыздың өлмес рухы жүрегімізде мәңгі сақталады.

 Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар