Нағима Тасқызы Қойшыбай

Жалған, дүние-ай! Өмір – ғапыл, уақыт – өткінші. Қатыгез ажал қадірменді әріптесіміз, өнегелі отбасының отанасы,белгілі журналист Нағима Тасқызы Қойшыбайды 2026 жылдың 26 тамыз күні 82 жасқа қараған шағында арамыздан алып кетті.

Ұзақ жылдар бірге қызмет атқарып, етене араласып, газет тіршілігінің ыстық-суығын қатар көтеріскен қадірлі әріптесіміз жайлы өткен шақта қалам тартудан қиын ешнәрсе жоқ шығар, сірә, мына жалғанда.

Нағима Тасқызы1945 жылы 3 маусымда дүниеге келді. Орта мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Ақмола облысының бұрынғы Маринов ауданындағы Қоскөл елді мекенінде орта мектепте ұстаз болып бастады. Абыройлы еңбегінің нәтижесінде мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, ұжым басшысы лауазымына дейінгі қызмет баспалдағынанөтті.

Ұстаздық қызметін жеке шығармашылығымен ұштастыра білген Нағима Тасқызы сол өңірден аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға хат-хабар, суреттеме, көлемді очерктер жолдап, қаламын ұштай түсті. Ауылдың тыныс-тіршілігі, мәдени өмірі, денсаулық, білім саласы, қарапайым еңбек адамдары оның осы жазғандарының негізгі өзегі болды.

Араға біраз уақыт салып, кейін Нағима Тасқызы ол кездегі Торғай облыстық «Торғай таңы» газетіне қызметке шақырылды және осы шығармашылық ұжымда облыс екінші қайтара таратылғанға дейін қатардағы тілшіден жауапты хатшыға дейінгі қызмет баспалдағынан өтті.

Бұдан арғы қызметін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жалғастырған Нағима Тасқызы осы ұжымда зейнет демалысына шыққанға дейін жауапты хатшының орынбасары болып жемісті қызмет атқарды. Оның тікелей жетекшілігімен және өзінің бар күш-жігерін жұмылдыруымен газет ардайым дұрыс жарық көріп, бет-бейнесі, мазмұнымен оқырмандар тарапынан жылы бағасын алып отырды. Осы жылдар ішінде ол өз шығармашылығын да ұмыт қалдырған жоқ. Бертін ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып, осы қызығын көз қуанышы ете білді. Мұсылмандықтың бес парызының бірі – Мекке-Мәдинеге үлкен қажылық сапарын да ойдағыдай атқарып келді.

Иә,әрбір қазаның арты өкініш. Алайда, өкіне отырып та, өкси отырып та, шүкіршілік етуден басқа амал жоқ. Заман ілгерілеп, көшті жаңа ұрпақ жалғастырары хақ. Бұл өмірді сүйіп, бағалап өткен қадірлі әріптесіміз, адал жар, аяулы ана, немере-шөберелерінің қимас әжесі, сыйлы абысын, сыйлас  көрші Нағима Тасқызы Қойшыбайдың да жарқын бейнесі онымен бірге қызмет атқарғандардың, ұрпақтарының, ағайын-туғандары мен құрбы-құрдастарының жүрегінде мәңгі сақталады.

Әрдайым жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болып, иман байлығын берсін. Бақұл болыңыз!

Ақмола облыстық «Арқа ажары»  газеті редакциясының ұжымы.

***

«Арқа ажарының» ғұмырлы шежіресіндесіз

Бір қалада бірге тұрып, редакция қабырғасында бірге, қатар жұмыс істемесек те, «Арқа ажары» газетіне сіңірген еңбегін, жұмсаған қажыр-қайратын өзіміз жақсы білетін Нағима Тасқызы Қойшыбай апайымыз да өмірден озыпты.

Тосыннан жеткен осы қаралы хабар көңіл-күйімізді түсіріп, бір сәт көз алдымызға жарқын да, жылы жүзі келді, санамызда ара-тұра Астанада, Көкшетаудағы газет мерейтойында, төл мерекелерімізде құлағымызда қалып қойған ашық дауысы, қашанда «Арқа ажарымен», оның Елордадағы, біздегі қалам ұстаған, газетті жасап келе жатқан жанашыр қауымымен бірге болған алғаусыз ақ адал сәттері жанғырды.

Өз кезегінде басылымның жауапты хатшылық қызметін үлкен жауапкершілік, білгірлікпен атқарып, жеке талабы, осы іске ыңғайымен де газеттің бет-бейнесін өз деңгейінде ұстаған Нағима апайымыздың іскерлігі туралы жақсы білуші едік. Оны өзіміз де ана бір жылдары редакция Көкшетауға көшіп келмес бұрын, мұнда «Арқа ажарының» тілшілер қосыны тұрғанда, Астанаға да барып жүріп, көз жеткізіп келетінбіз.  Одан бері де хабарласа, жүздесе қалсақ, бар ықылас-ниеті өзі ыстық-суығын бірге кешкен осы ортада, «Арқа ажарында» болатын.

Сөйткен Нағима апай да енді келместің кемесімен өзінің бақилық сапарына аттанып отыр. Бұл тіршілікте қаламымен де, жүрегімен де қазақ баспасөзіне қалтқысыз қызмет еткен аяулы жанға Алла тағала алдыңыздан жарылқасын дейміз. Айлар, жылдар, басқа уақыт та өтер.Бірақ, «Арқа ажарының» ғұмырлы шежіресінде өзіңіздей өзге қимастарымызбен бірге, Сіз де мәңгі қала берерсіз. Хош, бақұл болыңыз, Жаныңыз жәннатта болсын!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
бас редактор.

 

«Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің «Арқа ажары» және «Акмолинская» газеттері редакциясының ұжымы басылымның бұрынғы қызметкері –жауапты хатшының орынбасары, белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, баспасөз саласының ардагері

Нағима Тасқызы Қойшыбайдың

қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар