29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл
1949 жылғы 29 тамыз Семей ядролық полигонындағы алғашқы атом жарылысынан хабары бар әрбір қазақстандықтың жүрегін ауыртатын күн. Өйткені, дәл осы күні Абай мен Мұхтар туған қазақтың осы бір қасиетті жерінде ең бірінші рет атом сынағы бой көрсетті.
Содан бастап мұнда 40 жыл бойы үздіксіз кеңестік ядролық қаруды сынау тәжірибесі жүргізілді, ал, мұның арты орны толмас қайғылы салдарға әкелді. Айтты-айтпады, адамдардың денсаулығына келтірілген зиян орасан зор болды. Шамамен, бір жарым миллионнан астам адам зардап шекті. Алғашқы сынақ биіктігі 30 метр болатын арнайы қондырғыда жер үстінде өткізілді. Жарылыс қуаты 22 киллотонды құрады, ал, жарылыс толқыны 5 шақырымға дейін жетті.
Жабылу күнінен бастап 35 жыл өткеніне қарамастан, мұндағы радиация деңгейі рұқсат етілген нормадан асып түседі және жарылыс болған жерлерде болу аса қауіпті. Алайда, полигон жабылғаннан кейін тәжірибе алаңындағы радиациялық фон айтарлықтай төмендеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1942 жылы сол кездегі КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті төрағасының орынбасары Лаврентий Берия мен Мемлекет басшысы Иосиф Сталиннің кабинетіндегі әңгіме:
«Барлаудың деректері бойынша Германия мен АҚШ ядролық қаруды жақын арада игеріп кетуі қаупі бар».
Сталин біраз ойланып: «Біз де істеуіміз керек?» – деді.
Курчатовтағы Семей сынақ полигоны мұражайы қызметкерлерінің айтуынша, дәл осы сәттен бастап КСРО-да атом бомбасын жасау тарихы басталады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі алпауыт державаның – АҚШ пен КСРО-ның қарсыласуы күрт күшейе түсті, екі алыптың арасында қару-жарақ жарысы басталды. Тараптардың әрқайсысы өздерінің атом қаруларын сынай бастады. Кеңес Одағы бұл үшін Қазақстанды, соның ішінде Семей өңірін таңдады. Мұнда төрт онжылдық бойы, 1949 жылдан 1991 жылға дейін 456 жарылыс болды. Оның 116-сы жер үстінде сыналды. Полигонның жалпы ауданы 18,5 мың шаршы метрді құрады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының мәліметтері бойынша, полигондағы жарылыстардың қуаты жапонның Нагасаки мен Хиросима қалаларына түскен бомбалардан екі жарым мың есе күшті болды. Жарылыстардың салдары Семей өңірін ғана емес, полигонға іргелес Павлодар және Қарағанды облыстарын да қамтыды. Нәтижесінде бұл өңірлерде онкологиялық аурулары бар науқастардың саны күрт өсті. Ресми мәліметтерге сәйкес, 40 жыл ішінде сынақтар бір миллионнан астам адамға әсер етті, кейбір дереккөздерде зардап шеккендердің саны 1,5 миллионға жетеді. Алайда, бұл соңғы статистика емес, өйткені, кейін туғандар да сол бір кездегі осы сынақтардың салдарынан түрлі аурулардан зардап шегуде. Бұған Жапонияның қолдауымен жүзеге асырылған ғылыми бағдарлама дәлел бола алады. Өкінішке қарай, бұл зерттеулердің нәтижелері көңіл көншітпейді, көптеген адамдарда аурудың белгілері мен патологиялық процесс әлі де байқалады.
Халыққа осындай аждаһа сәулесін сепкен полигонды жабу үшін 1989 жылы Қазақстанда «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды, оны әлемнің көптеген елдері қолдады. Семей полигонын жабу туралы алғаш үн көтеріп, ұлт тағдырына араша түскен асыл да абзал азамат, СОКП-ның сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болатын. Ол өзі көтерген осынау мәселе бір-ақ күнде өзінің басын жұтуға молынан жететінін сол кезде сіз бен бізден әлдеқайда жақсы білді. Сонда да бар ойы Семей полигонын жабу болды. Бертін халық, әсіресе, сол өңірлердің тұрғындары митингілерге шығып, батыл түрде полигонның жабылуын талап етті. Ал, осыған үндеген антиядролық қозғалысты көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарды. Осының арқасында полигондағы сынақтар біртіндеп азая бастады, ал, соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды. Жарты ғасырға созылған ядролық сынақтардың адамға, жер мен ауаға әкелген өлшеусіз зияны мен зардабы бұқаралық ақпарат құралдарында сол кезде ашық жариялана бастады. Мұндай хабарлар көп ұзамай ел аумағынан әрі асып, одақтас республикалар, тіптен, шет елдерде де сөз болып жатты. Осындай аса ұйымшылдықпен қолға алынған бастамалардың арқасында КСРО Үкіметі бара-бара алған бетінен қайтып, ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім қабылдады.
Бұған қоса, 1989 жылдың қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы Кеңесіне полигонда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады.
Сөйтіп, сол айдың аяғына таман басқа амалы қалмаған КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Семей полигонын жабу туралы» қаулысы шықты. Ал, 1990 жылдың 22 мамырында осы қаулы негізінде біздің Жоғарғы Кеңес республикалық деңгейде «Семей полигонын жабу туралы» өз қаулысын қабылдады.
Мұнымен іс біткен жоқ. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тағы да «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалары) үшін сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деген «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларация қабылдады.
Арада бір жыл өтпей, Қазақстан өз тәуелсіздігіне ұмтылып, уақыт өзі де соған әкеле жатқан Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының мәліметтері бойынша, 2013 жылдан бастап «Тәжірибелік алаңда» мамандар бірнеше зерттеулер жүргізді. Оның барысында 2 миллионнан астам спектрометриялық өлшеулер жүргізілді, 5 000-нан астам үлгілер іріктеліп, талданды, 1 000-нан астам зерттеу ұңғымалары бұрғыланды, ядролық қызмет қалдықтары бар 50-ден астам объектілер анықталды. Әрі қарай оңалту жұмыстары қолға алынып, ол 2020 жылы аяқталды. Бірқатар объектілерде ядролық қызмет қалдықтарының жоғары концентрациясы бар топырақтың жоғарғы қабатын алып тастау жолымен рекультивация жүргізілді, содан кейін арнайы әзірленген әдістеме бойынша қайта өңдеу және МАГАТЭ кепілдігімен ұзақ мерзімді сақтауға орналастыру жұмыстары атқарылды.
– Бүгінгі таңда полигонның барлық инфрақұрылымы оны сынақтар үшін пайдалануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілген. Біз орын алған зардаптарды жою бойынша жеті бірегей жобаны іске асырдық. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – «тәжірибелік алаңды» қауіпсіз күйге келтіру. Полигонның аумағы өте үлкен, 18,5 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл Израиль немесе Словения елдерінің аумағымен бірдей жер. Сондықтан, алдымен, радиацияның қай деңгейде қалғанын анықтау маңызды болды. Біз бұл үшін бүкіл аумақты зерттедік. Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда зақымдану аумағын екі есеге азайтып, болашақта бұл таза жерлерді ауыл шаруашылығына немесе өндірісті дамытуға пайдалануға болады, – дейді ҚР Ұлттық ядролық орталығының басшылары.
2021 жылдың жазында Семейде полигон зардабынан әбден беттері шайлыққан және адамдар мүгедектікке ұшырап, түрлі қатерлі аурулар көбейген бұрынғы және қазіргі жағдайды бері қарату мақсаттарында Үкімет шешімімен ядролық медицина және онкология орталығы ашылды. Жаңа кешен осы жаман ауруды анықтауға және оны уақытында емдеуге мүмкіндік береді. Орталықта заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар орнатылып, онымен жұмыс істейтін мамандар шетелде оқытылды. Мұның бәрі Семей полигонының жағдайында ядролық медицинаны келесі жаңа деңгейге көтеру үшін қолға алынып жатқан шаралар.
Өйткені, аймақтағы онкологиялық аурулардың жағдайы әлі де аса күрделі. Қазір Абай және Шығыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіштер бойынша елімізде бірінші орында тұр. Дәрігерлер ядролық медицина қалыптасқан жағдайға игі әсер ететініне сенімді. Жаңа орталық халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл осыдан 35 жыл бұрын жабылған Семей полигонының әлі де халықты алаңдатып отырған ауыр зардаптарын жоюға жақсы бетбұрыс десек артық емес.
Нұрлан НҰРЫШЕВ.
Сурет azattyq-ruhy.kz сайтынан.
![]()

