Ашық есік күні
Облысымызда әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы мәселелерді жедел шешуге бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Бұл ретте, Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың жеке мәселелерін тыңдап, бағыт-бағдар беріп, қолдан келген көмектерін аянып қалмауда. Аталмыш басқарма ұйымдастырған кезекті Ашық есік күнінде мамандар жұмыссыз азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Басқарма қызметшілері ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды. Облыстағы жұмыссыздар тізімінде 7 мыңға жуық адам тіркелген. Жыл басынан бері олардың 2 мыңға жуығы жұмыспен қамтылыпты. Оның барасында, жастарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілген көрінеді. Жыл сайын шамамен 6 мың адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 4 мыңнан асыпты. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мен оңалту шараларына да басымдық берілген.
- Облыста шамамен осындай 29 мың адам бар. Осы санаттан санаторлық-курорттық емделуге екі жыл бұрын 4 мыңға жуық адамды жіберсек, қазір бұл көрсеткіш 7 мыңға жетті. Бұл мүгедектігі бар азаматтардың саны көбейді деген сөз емес. Керісінше, оңалту жұмыстарының сапасы жақсарып, оларды қажетті қызметтермен қамту мүмкіндігі артып отыр, – дейді басқарма басшысы Шолпан Рахматуллина.
Ашық есік күніне келген әр тұрғынның мәселесі жекелей қарастырылып, әрқайсысына тиісті ақыл-кеңестер беріліп, ұсыныстар ұсынылды. Мәселен, олардың бірі жұмысқа орналасу мәселесін шешіп көрсе, енді бірі атаулы әлеуметтік көмекке қатысты кеңес алды.
–Мен қызым дүниеге келгеннен бері алты жыл көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келдім. Осы тоқсанда алимент қосылып, табысым 3 мың теңгеге артып кеткеннен кейін бұл әлеуметтік көмекті ала алмадым. Сол себепті мән-жайды білу үшін осы Ашық есік күніне келдім. Мамандар мәселем бойынша қажетті деректерімді жазып алып, жұмыс күнінің соңына дейін бәрін анықтап, жауап беретіндерін айтты. Маған төленетін атаулы әлеуметтік көмекті мүлдем тоқтатып тастамайды деп үміттенемін, – дейді біз сөзге тартқан Көкшетау қаласының тұрғыны Тахмина Ахметжанова.
Осындай әлеуметтік мәселелерді орнықты шешіп отыру үшін басқарма қандастармен ай сайын, ал, мүгедектігі бар азаматтармен екі айда бір рет кездесулер өткізіп тұрады. Оған облыс аудандары мен қалалары онлайн форматта қатысып, осы саланың құзыреті шеңберіндегі сауалдарын қойып, ақыл-кеңестерін алып, мәселелерін шешіп жатады.
Мамандар бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығатын азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша олардың жағдайы бостандыққа шығу мерзімінен 3 ай бұрын қарастырыла бастайтынын алға тартты. Осы кезеңде жұмысқа орналасу және әлеуметтік бейімделу мәселелері пысықталады. Бұл бағытта қазір 35 жұмыс берушімен байланыс орнатылыпты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

