Театр маусымы жаңа қойылыммен ашылды

Өнер

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 29-ыншы жаңа маусымының ашылуына қатысып, өнер ұжымы мен көрермендерді осынау айтулы оқиғамен құттықтады.

Театр биылғы маусымын әйгілі жапон режиссері Акира Куросаваның киносценариінің желісі бойынша дайындалған «Додескадэн» спектаклімен ашты. Театр маусымының салтанатты ашылуына сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, өнер ұжымына өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.

«Додескадэн» әр түрлі адам тағдырын арқау еткен әлеуметтік мәселелерден тұратын терең мағынаға толы тың туынды. Оған режиссерлікке қырғыз елінен Шамиль Дыйқанбаев арнайы шақырылды. Сондай-ақ, режиссердің ассистенттері Маржан Бөкешова, Сәулет Иламбекова, киім суретшілері Маймұра Топанбаева, Ирина Лунга, дыбыс операторы Медет Мұхамедин, жарық беруші Қанат Әкімбаев қойылымның сәтті қойылуына өз үлестерін қосты. Шығарманы қазақшаға аударған белгілі ақын-журналист Серік Жетпісқалиев.

Жапон әдебиетінде бір қалашықтың трагедиясы атанған бұл қойылым арқылы режиссер көрерменге тек әлеуметтік мәселені ғана емес, сонымен қатар, адам болмысын, арман мен қиялдың құдыретін, жаны жаралы жандардың ішкі драмасын жеткізуге тырысады. Спектакльдегі әр кейіпкердің жан тебіренісін үміт пен үнсіздік арасындағы күрес пен жүрек дүрсілінен тұратын табиғи қалып деуге болады. Аталған спектакль камералық театр үлгісінде ерекше форматта сахналанды.

Егер нақтысын айтар болсақ, көрермен де сахнада отырып, қойылымды тамашалап, актерлермен бір толқында тербеледі. Кейбір көрермендер мұны өзің жеке отырып кітап оқығандай күй кешесің десе, кейбіреулер мұндай дүниеге әлі бойының үйренбегенін, бұл біз үшін әлі де болса тың әрі жат нәрсе екендігін айтады.

Бір сахнаға тоғыстырылған әр камера жеке-жеке тағдырларды сипаттайды. Бастан аяқ сахнадан кетпей, әр кейіпкердің өз орнында қалуы және оларды көрерменмен қоса аядай ғана сахнаға сыйдыра білуі, аз ғана декарация, жарық пен музыканы шебер үйлестіру арқылы айтылар ойдың көрерменге бүкпесіз, кедергісіз жетіп жатуы режиссердің ұтымды шешімдерінің бір парасы ғана екені даусыз.

Мұндағы әр камерада бір-бір тағдыр көрсетіледі. Ол жай ғана аянышты тағдырлар ғана емес, олардың әрқайсысында тіршілік пен қимыл-қозғалыс, арпалысқа толы жанталас, үнсіздік пен жабырқау бар.

Бас кейіпкер Додескадэн (Жалғас Тұйғынбеков) түрлі тағдырларды жеткізуші әрі өзі де түрлі эмоциялармен бірге жасасып, мұңайса мұңайып, күлсе күліп, жыласа жылап, қойылымның бас обьектісі ретінде танылды. Ол өзінің іс-әрекеті мен шексіз қиялы арқылы қойылымды сәт сайын түрлендіріп, өрбітіп отырады. Панасыздар (Асланбек Шайсұлтанов пен Жансая Жұмабекова) әкелі-балалы екеуі өздері қалған-құтқанмен күнелтіп отырса да армандары асқақ. Олар үй салуды, бассейн жасап шомылуды, үйдің қабырғаларын біресе көк түске, біресе жасыл түске бояуды жоспарлайды. Өздерінің осы қиялы арқылы алдағы күнге ұмтылады. Өмір сүруге құлшына түседі.

Қойылым барысында әр отбасының өз өмірі, тұрмыс-тіршілігі, жеке тағдыры, күйініш-сүйініштері, тартқан азаптары мен жағымсыз әрекеттері режиссердің нәзік әрі сыйқырлы шешімдерімен жеткізіледі. Осы арқылы бей-берекетсіздік, арсыздық, зұлымдық, айуандық көріністері көрініс табады. Парасат образы ретінде суреттелген ақсақал да жеме-жемге келгенде ұрының үйіне ұрлыққа түскенін жоққа шығарып, жас баланың полицияға ұсталып кетуіне себеп болады. Осылайша, спектакль соңы панасыз әкенің баласының әлдебіреулердің қолынан қалдық ас жеймін деп уланып ауырып, ақыр соңында қыршынынан қиылумен аяқталады.

Спектакльдің қысқаша мазмұны міне, осылай өрбиді. Онда бұдан өзге де толып жатқан ауыр оқиғалар жетерлік. Оның барлығын тізіп жазудан гөрі, оқырманның өзі театрға барып көруін құп көрдік. Тек, біздің айтпағымыз, «Мұндай ауыр тағдырлар мен жағымсыз әрекеттерді театр сахнасынан көрсетудің не қажеті бар еді?» дейтін мәселенің шеті шығатынын сеземіз. Себебі, көрермен театрға келгенде зерделі сөз естіп, кестелі іс-әрекет көргісі келетіні жасырын емес. Сол арқылы өзі де демалып, бір сәтке болса да жан тыныштығына сүңгіп, қым-қуыт тіршіліктен босағысы келетіні айдан анық. Біз онсыз да әлеуметтік желі арқылы немесе күнделікті айналамыздан мұндай сұмдықтардың барлығын көріп, естіп-біліп жүрміз ғой, дегіміз келетіні де жасырын емес.

Бірақ, театр сахнасы бірде күлдірсе, бірде жылататынын естен шығармау керек. Оның үстіне бұл сұмдықтар өкінішке орай, расында да, біздің айналамызда жиі кездесіп жатады. Адамзаттың рухани азып бара жатқаны туралы дабыл қағылғаны қай заман?! Мұның барлығы ізгілік қасиеттердің жоғалып, телефонға телміріп, кітап, газет-журнал оқуды артық санап, тек, «қара қазан, сары баланың» ғана қамы үшін тіршілік кешетініміздің кесірінен деп ойлаймыз. Ал, оның барлығы айтылып-жазылмаса, түстеліп көрсетілмесе, қалай ауыздықталады? Кейде бітеу жараны алдымен аршып алмасаң, қанша емдесең де жазыла қоймайды. Жауырды жаба тоқығанмен іс бітпейді. Бұл ретте, мәртебелі көрермен қойылым тақырыбы қанша ауыр болса да, азғындық пен сатқындықтың, зұлымдық пен арсыздықтың арты неге апарып соғатынын іштей бағамдап, өзгеше бір ой түйіп қайтты деп ойлаймыз. Ескі сүрлеуден шығып, жаңашылдыққа ұмтылу бүгінде бізге жетіспей жатқан олқылықтардың бірі. Бұл шығарманың бүгінгі адамзаттың бас ауруына айналғаны себепті халықаралық деңгейде мойындалғанын, қоғам дертін дөп басатынын ескерсек, оның театр сахнасынан көрінуі заңдылық.

Дегенмен, біткен іске сыншы көп демекші, қойылым соңы қасіретпен аяқталғаннан гөрі, адамзаттың әрдайым ізгілікке ұмтылатынынан, онсыз тіршіліктің мәні болмайтындығынан хабар беретін көрініспен аяқталса, қалай болар еді?.. Сонда мүмкін көңілі түскен көрерменнің үміт оты тұтанып, алдағы күнге сенімі арта түсіп, еңсесі көтеріліп қайтар ма, еді, кім білсін?.. Бұл әрине, біздің тарапымыздан айтылған жәй ғана ұсыныс. Оны дұрыс немесе бұрыс деу режиссердің шешіміне байланысты болмақ.

Спектакль аяқталған соң, театр маусымының кезекті ашылуына орай, салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов өнер қайраткерлерінің қоғамның мәдени өміріндегі өлшеусіз еңбектерін атап өтіп, облысымызда жарқырай жетістікке жетіп, түрлі байқаулар мен додаларда жүлделі орын алып жүрген театр актерлеріне өз алғысын жеткізді. Бүгінде ел анасына айналған Қазақтан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысованы мерейлі 85 жасымен құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын табыстап, қажырлы өнер қайраткеріне 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, театр актері Төлеубек Көңбайға ресми түрде жақында Талдықорған қаласында өткен халықаралық «Бикен фест» фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» алған жүлдесін табыс етті. Сонымен қатар, театр жанынан құрылған қуыршақ труппасы жақында Ақтөбе қаласында өткен «Алақай» қуыршақ театрының 40 жылдық мерейтойына арналған «Ассалаумағалейкум» театрлар фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін актерлерге ынталандыру сыйлықтары берілді.

Облыс басшысы өзінің құттықтау сөзінде биыл театр әртісі мен театр режиссері мамандықтарына әкім гранты бөлінетінін айта келіп, өнер майталмандары мен өнерсүйер қауымды, көп ұзамай Көкшетауда жаңа театр ғимаратының бой көтеретінін жеткізіп, қуантып қойды. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкшетауға іссапары кезінде жан-жақты талқыланғаны айтылды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар