Тұтынушылардың құқығын қорғау – маңызды міндет

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин биылғы 9 айдағы жұмыс қорытындысын ортаға салды.

Департамент тұтынушылардың құқығын қорғау үшін жүйелі түрде мемлекеттік бақылау жүргізіп келеді. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 932 өтініш келіп түскен. Өтініш қалдырған 628 тұтынушының құқығы қорғалып, 175 өтініш бойынша түсіндірме берілді. Тиісті органға 81-і жолданып, нәтижесінде ол тұтынушыларға 43 миллион теңгеден астам сома қайтарылды.

Департамент азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 20 тексеру жүргізіп, 20 кәсіпкерлік субъектісіне 300 мың теңге айыппұл салынды. Себебі, ол кәсіпкерлер шағым жолдаған тұрғындарға күнтізбелік 10 күн ішінде жауап бермеген. Сөйтіп, көбінесе, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 33-2-бабының талаптары орындалмаған. Бұл бапқа сәйкес, сату, қызмет көрсету орындарында уәкілетті орган мен тұтынушылардың дауларын сотқа дейін реттеу субъектілерінің мекен-жайы мен телефон нөмірі, сондай-ақ, тұтынушы өз құқығын қорғау үшін шағымданатын тиісті тұлғалардың байланыс құралы немесе сотқа жүгіну құқығы туралы ақпарат жоқ. Сауда орындарында керекті байланыс деректері көрсетілмеген соң, тұтынушылар көп жағдайда қажетті тұлғаларға шағым жолдай алмай қалады. Ал, кей кәсіпкерлер төлемді аударым арқылы ғана қабылдайды немесе фискалды чекті де шығарып бермейді. Дау туындай қалса, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сыңай танытып, салдарынан тұтынушы тауарды сатып алғанын растай алмай әбігер болады. Дәлелдейін десе, қолында ешбір айғақ жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар саудасында алып-сатарлардың болмауы және бағаны негізсіз өсіріп жібермеу үшін жүргізілген мониторинг кезінде 174 құқық бұзушылық тіркелді. Нәтижесінде 167 бизнес субъектісі 1,5 миллион теңге айыппұл арқалап, 7 кәсіпкер ескерту алды. Ал, 7 субъект заңды қайта бұзған.

Бұдан бөлек, жағымды жаңалықтар да бар. Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында «Береке Фест» республикалық акциясы өтіп жатыр. Бұл бастама біздің өңірді де қамтиды. Негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандырып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған акция аясында фермерлер тікелей жеткізетін тауарларды халыққа төмен бағада сату жолға қойылды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылы іске қосылған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. Департамент бұл тұста «Ақмола облысының тұтынушыларды қорғау қауымдастығы» тәрізді қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік органдармен бірлесе еңбек етуде.

– Аймақта мемлекеттік тапсырыс аясында 28 үлгі өнім тексерілді. Ол – азық-түлік және басқа да тауарлар. Тексеріс қорытындысы бойынша тек 5 өнім техникалық регламенттер мен стандарттарға толық сай келді. Біршама тауарда мемлекеттік тілде мәлімет жоқ, ал, 2 тауардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Өнімнің кейбірінде өндірушінің аты мен мекен-жайы көрсетілмеген. Тексеріс нәтижелері «Инстаграм» әлеуметтік желісінде және «Закон.КЗ», «Нур.КЗ» тәрізді интернет-ресурстарда жарияланды, – дейді Самат Сайдалин.

Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Қордағы жалпы өнім көлемі 4194 тонна. «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сатып алынған өнімдерді «Қамқор» базарына, «Семейный», «Инмарт», «Союз», «Көкше маркет» тәрізді дүкендерге өткізеді. Бағаларға келер болсақ, қымбатшылық бар.  Кейбір сауда орындарында ол тіпті, көзге де ұрып тұр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Комитеттің аймақтағы өкілдері тұтынушының құқығын қорғап қана қоймай, оларға жағдай жасауға үлес қосуда.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар