Егін орағы — 2025
Ақмола облысында егін алқабының 94 пайызы бастырылып, 7,1 миллион тоннадан астам астық жиналды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс бойынша әр гектардың түсімі орташа есеппен 16,1 центнерден айналды. Ал, кейбір шаруашылықтарда 60 центнерге дейін жетті. Жиналған астықтың басым бөлігінің сапасы жоғары.
– Мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмысты неғұрлым тиімді ұйымдастырудың арқасында 7,4 миллион тоннадан астам астық жиналады деп күтілуде. Бұл тек аймақ тарихында емес, ел бойынша ең жоғары көрсеткіш болмақ. Жалпы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шамамен 243 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Дала жұмыстарын уақытында өткізу үшін 927 фермер 118 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесімен қамтылды. Бұл шегірткеге және егістік зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу шараларының толық әрі сапалы орындалуына мүмкіндік берді. Минералды тыңайтқыш енгізудің көлемі үш есеге артты. Бұл көрсеткіштерге машина-трактор паркін жаңарту және жеңілдетілген дизель отынын уақытында алуымыз айтарлықтай әсер етті, – дейді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Биылғы жылы егіс алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда майлы дақылдардың көлемі 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жетті. Ораққа барлығы 7 мыңға жуық астық комбайны, 4,8 мың осы заманғы жоғары өнімді техника, 2,7 мың шалғы және 4,8 мың жүк көлігі тартылған.
Жаңа өнімнің астығын қабылдауда 66 элеватор және астық қабылдау пункті үздіксіз жұмыс істеуде. Бұған қоса, шаруашылықтардың 1,5 мың өз қоймалары бар.
Бұдан бөлек, астық сақтау жеңдері мен кептіргіштер де пайдаланылады. Аймақта бүгінгі күнге дейін келер жылдың егісіне де тұқым қоры толық көлемінде құйып алынды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,2 триллион теңге деңгейінде қамтамасыз етіп, еліміздің аграрлық секторының көшбасшысы мәртебесін тағы бір растай түспек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

