Байқау
«Болашақ» сарайында «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының бастамасымен колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» интеллектуалдық агрохакатонының аймақтық іріктеу кезеңі болып өтті.
Алдымен хакатон сөзінің мағынасын түсініп алайық. Хакатон ағылшын тілінен алынған сөз. Мағынасы белгілі бір бағдарламалық жобаларды жасауда әртүрлі сала мамандарының жиналып, қандай да бір мәселені шешу мақсатында бірігіп жұмыс істеуін білдіреді. Жалпы, елімізде аграхакатон Мемлекет басшысының тапсырмаларына және Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес өткізіледі. Бұл бастама елдің инновациялық, цифрлық және ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту бағытындағы басымдықтарын айқын көрсетуімен ерекшеленеді.
Ал, «Болашақ» сарайында өткен аймақтық агрохакатонның басты мақсаты жастарды аграрлық сектор, медицина және экология салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған, өмір сапасын арттыруға ықпал ететін инновациялық идеяларды әзірлеуге және ілгерілетуге ынталандыру болып табылады.
Сонымен, агрохакатонға 10 команда қатысып, астық өнімділігін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық және энергия үнемдейтін шешімдерді ұсыну бағытындағы өз жобаларын таныстырды.
–Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында хакатон өткізу өте өзекті. Себебі, қазір балалар өте ақылды, білімді, жан-жақты. Олар осы бетпен өздерінің білімдерін шыңдап, ізденістерін тереңдете берсе, болашақта Қазақстанға өздерінің еңбектерін сіңіре алады деп ойлаймын. Жастардың жаңа идеялары мен ой-пікірлері бізге өте жақын әрі қызықты, –деді шара барысында «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова.
Агрохакатонда Степногорск қаласының дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №4 «Болашақ» мектеп-лицей-интернатының оқушылары еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларын ұсынды.
–«Aqua Wood» жобасы – бұл аквариум емес, қалаларда орналастырылатын фотобиореактор. Мұндағы биоағаштар табиғи өсірілген ағаштарға қарағанда ауаны 400 есе тиімді тазарта алады. Мұндай жоба Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Тек бір рет Сербияда ұсынылыпты, біз осы идеяны дамытып, Қазақстанға бейімдедік. Бүгінде Қазақстанда шешуді талап ететін үлкен мәселе бар. Бұл ауаның ластануы. Біздің жоба осы мәселеге бағытталған және оны ең тиімді шешу жолдарының бірі болып табылады, әрі мұндай жоба арзан әрі тиімді, –дейді агрохакатонға қатысушы степногорлық Владимир Алибаев.
Іріктеу кезеңінде жүлделі бірінші орынды «Болашақ» сарайы мекемесінің «Forest Fire Forecast System» жобасы иеленсе, екінші орынға Көкшетау көпсалалы инновациялық колледжінің «Print Matter» және «Болашақ» сарайының «Инновациялық жылыжай жүйесі: екі кеңестікте бір өмір» жобалары лайықты деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Степногорск қаласының дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №4 «Болашақ» мектеп-лицей-интернатының «Aqua Wood» және «Болашақ» сарайының «Green Bottle» мен «Энергия из шагов» жобалары иеленді. Бұл құрама командалар қазан айының соңында Астана қаласында өткізілетін агрохакатонның республикалық кезеңіне қатысады.
Сондай-ақ, шара барысында «ARTISAN EDUCATION» орталығының өкілдері қатысушыларға өздерінің арнайы жобаларын ұсынып, технологиялық және электрондық мүмкіндіктерімен бөлісті.
–Біздің идея балаларды электроникаға жетелеу және оны үйрету. Бұл жерге келген себебіміз, агрохакатонға қатысып, оның қалай болып жатқанын, балалардың жобаларын көру. Бұл жай ғана хакатон емес, бұл балалардың жасаған жобалары, олар келешекте өз тиімділігін беруі мүмкін. Әр баланың өзінің идеясы болуы, ол идеяны ойлап табу – өте үлкен ізденіс. Және бұл болашақта елді дамытуға, жалпы, мемлекеттің алға басуына үлкен үлес болып қосылады деген ойдамыз, –деді аталмыш орталықтың өкілі Әлижан Сапарәлиев.
Шара аясында тәжірибе алмасу, кәсіби білімді тереңдету және іс жүзінде шешімдер ұсыну үшін тиімді диалог алаңы жұмыс істеді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

