Жолдауға – қолдау
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауындағы негізгі стратегиялық бағыттарды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Ақмола облысындағы түрлі деңгейдегі әкімдермен кездесуі өтті. Достық үйінен басталған кездесуді кіріспе сөзбен ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осындай мақсатпен арнайы келгені үшін Президент кеңесшісіне алғыс айтты. Сондай-ақ, аграрлы өлкенің биылғы жетістіктеріне тоқталды.
Халқымыз «Құтты қонақ келсе, қуаныш көбейеді», – дейді. Бүгін таңертең алған мәліметіміз бойынша, 7 миллион 300 мың тоннадан астам астық жинадық. Бұл енді үлкен, тарихи көрсеткіш деп айтуға болады. Әрі қарай егін жинау науқаны жалғасын табуда. Майлы дақылдардың көлемін екі есе арттырдық. Соның арқасында биыл 650 мың тонна майлы дақылдар жинамақшымыз. Мемлекет тарапынан да үлкен қаржылай көмек болды. Жалпы, жеңілдетілген несие бойынша шаруалар 118 миллиард теңге несие алды, 54 миллиард теңгеге лизингпен өздерінің ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік алды. Енді бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз, – деді Марат Ахметжанов.
Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 3 жылда елді толықтай цифрлық мемлекет болуға тиіспіз деп, аса жауапты міндет қойды. Аймағымызда бұл тапсырманы орындау жедел қарқынмен жүзеге асырылуда.
– Өңірлерден ең алғашқы болып Ақмола облысы «Ақмола Диджитал» орталығын құрдық. Оны «Сандық үй» деп атаймыз. Сол жерге тек қана цифрлық жобалар емес, жасанды интеллектіні қосып, ертең кеңес те алып, ұсыныс та беретіндей жағдайды көріп отырмыз. Сондықтан, бізде біраз шаруашылықтар жасанды интеллектінің көмегіне жүгініп, қандай кемшіліктері бар екенін, қалай өз жұмысын жақсартып, ұлғайтуға болатынынан кеңес алуға мүмкіндік туады, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына «Астананың азық-түлік белдеуі», – деп баға беруі тегін айтылмаса керек. Аймақта жүзеге асырылып жатқан маңыздыжоба – терең өңдеу зауыты. Өңірдің табиғи байлықтарыэкспортқа тек шикізат күйінде тасымалдануымен шектеліп қалмау үшін республикалық деңгейдегі индустриалдық аймақ ашылған. Астананың іргесіндегі 1 мың гектар жерге ірі инвесторлар шақырылып, терең өңдеу зауыты бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары қарқынды басталып кеткен бұл жобаға 650 миллион доллар инвестиция құйылған. Зауыттың ерекшелігі сол, 3 миллион тонна астықты терең өңдеуге мүмкіндік туғызады. Нәтижесінде натрий глюконаты мен аминқышқылдары тәрізді түрлі қоспалар шығаратын болады.
Президент кеңесшісі аграрлық сектордың ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап, ауыл шаруашылығы саласы мамандарының еңбегіне жоғары баға берді. Оған қоса, аудан әкімдерінің жұмыс барысын тыңдаған ол «мәдениет», «саясат», «руханият» тәрізді ұғымдарды ұмытпауға үндеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығы өңірдің тұрақты дамуының негізі екенін айтты.
– Ақмола облысы– қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент ел дамуының жаңа кезеңіне арналған ауқымды мақсаттар қойды. Соның бірі – цифрландыру. Ол бүгінде жаһандық үрдіске айналды. Цифрландыру – азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы. Бүгінде аумақтық және мемлекеттік тұтастықты, рухани үйлесімділікті, қоғамның дамуы мен сақталуын, заңдылықты, сенім мен өзара қолдауды қамтамасыз ететін теңгерімді басқару жүйесі құрылды, – деді Мәлік Отарбаев.
Кездесу барысында Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров пен Краснояр ауылдық округінің әкімі Серікжан Мәкіш сөз сөйледі.
Одан әрі жұмыс сапары аясында Президент кеңесшісі Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылық-профессорлық құрамымен және студенттерімен кездесті. Онда жастар саясаты, білім сапасы және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.
– Цифрлық жүйенің дамуына үлес қосудамыз. Екіншіден, Жолдауда көрсетілген инвестициялық саясат пен өнеркәсіпті жаңғырту мақсаттарына қол жеткізуүшін бизнес, өндіріс салаларымен тығыз серіктестік жолға қойылуда. Үшіншіден, Президент әлеуметтік әділдікке, яғни, адами капиталға ерекше назар аударды. Бұл бағытта университет білім беру үдерісінің инклюзивтілігін арттырып, ауылдан және әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттерге қолдау көрсетуде.Төртіншіден, экология мамандығы бойынша кәсіби мамандар даярлап, облыстың дамуына үлес қосудамыз. Университет зерттеушілері мемлекеттік қаржыландыру бойынша гранттарды жеңіп алып, сол бойынша облысқа ғана емес, мемлекетке пайда әкелетін нәтижелер көрсетуде. Білім мен ғылым – мемлекеттің болашағын айқындайтын басты құндылық, – деп атап өтті университет ректоры, академик Сағынтай Елубаев.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев кездесуде мемлекеттің мызғымас біртұтастығы мен оның жарқын болашағына бағдар болатын бірнеше маңызды құндылықтарды атап өтті.
– Қадірлі жастар! Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Біз тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Біздің кіндік қанымыз осы жерде тамған. Сондықтан, осы елдің тәуелсіздігін нығайту жолында сапалы білім алып, адал азамат болып, мемлекетке қалтқысыз қызмет ету, бұл сіздер мен біздердің басты парызымыз. Сол себепті, тәуелсіздіктің тұғырын биіктету жолында аянбауға тиіспіз. Тарихта,сонау Жошы, Абылай хандардан басталған ұлы көш сенімді жалғасып келе жатыр. Сондықтан, тәуелсіздікті нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз. Екіншіден, жер – мемлекеттің ең басты байлығы. Құдайға шүкір, ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен кең-байтақ жерге ие болып отырмыз. Мына жер бізге өздігінен келген жоқ. Осы жерге талай күрестің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, жастар, осы жерді сақтауды, игеруді және оны қорғауды тек сапалы білім арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Үшіншіден, мемлекеттің мүддесі қашан да жеке бастың мүддесінен жоғары тұруы керек. Барлық жағдайды, өмір тіршілігімізді тек мемлекетшілдік тұрғысынан бағалауға тиіспіз. – деп Президент кеңесшісі студенттер қауымының жігері мен рухынкөтере сөйледі.
Сонымен қатар, М.Отарбаев жастарға әлеуметтік желілерде әсіре сыншыл болудан аулақ болу керегін айтып, жасампаздыққа шақырды. Қазақта «Біткен іске сыншы көп» дейтін тіркес барын тілге тиек етті.Басты бір құндылықтар ретінде Қазақстандағы бірліктің маңызы, «Заң мен тәртіп» қағидаты туралы сөз болды. Сондай-ақ, биік ақыл-парасаттылыққа шақырды.
– Жасампаздыққа ұмтылу, оны жасай білу тек қана ерлердің, батырлардың қолынан келеді. Сондықтан, қадірлі жастар, біз жасампаздыққа ұмтылайық! Ұлы тұлғалардың жолымен, ізімен жүрейік! Сол кезде ғана біз көп жетістікке қол жеткіземіз. Шын мәнінде, сіздердің болашақтарыңыз жарқын. Өйткені, мемлекетіміз сіздердің алаңсыз білім алып, мына өмірге, қоғамымызға бір кірпіш болып қалануларыңызға қолдан келгеннің бәрін жасауда, – деп түйіндеді өз сөзін Президент кеңесшісі.
Иә, расында да, Президент кеңесшісінің сөздерінен кезекті рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына биылғы Жолдауының іс жүзінде мемлекет дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екендігі айқын сезіле түсті. Билік халықтың үніне құлақ асып, ал, халқы мемлекетіне сүйеу бола түссе, қоғам көзі ашық, адал, қайратты азаматтардан құралса, еліміз одан әрі ілгерілей түсетініне кәміл сенімдіміз. Президент кеңесшісімен университет қабырғасындағы жылы шырайлы мазмұнды кездесуде облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев бірге болды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

