Ақын жыры өлмейді
Бурабай баурайында нәзік те нұрлы поэзия әлемінің өкілі, Алаштың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Марфуға Бектеміроваға арналған мазмұнды кеш өткізілді.
Щучинск қаласындағы Марфуға Бектемірова атындағы көшеде білімнің қара шаңырағы санатындағы қазақ мектеп-интернаты орналасқан. Ақын осы мектепте білім алған. Туған жерге деген перзенттік пейілі, таңның мөлдір шығындай махаббаты мөлдіреп тұрған жалынды да сыршыл жырларымен танымал Марфуға Бектемірова оқыған кабинетке ақынның аяулы есімі берілді.
Бұл бір шырайлы шығармасымен танысып, рухымен сырласуға арналған кездесу болды. Ақын атындағы қайта жабдықталған кабинеттің ашылу салтанатында Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазан құттықтау сөз сөйлесе, этнограф, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев, Қазақстан Республикасы Орталық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Темірбаев, ел ағасы Серік Сәбитов Марфуға мұрасы туралы тереңнен толғап сыр шертті.
Ақынның жары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ресей Жазушылар одағының Василий Шукшин атындағы алтын медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Есенгелді Сүйінов Марфуға мұрасын насихаттау барысындағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Көкірегінде жатталып қалған жантебірентерлік әдемі естеліктерімен бөлісті.
Ақын өмірі ізгіліктер әлемі. Өнегелі өмір жолынан өрілген есті естеліктер кейінгілер үшін ғибрат. Ақынның есімі берілген кабинетте білім алып жатқан оқушылар ақын өлеңдерін, өздерінің тырнақалды жырларын оқып, көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Бар ғұмырын боз даланың бозторғайы іспетті туған топырағын жырлауға арнаған Марфуғаның өзі «Түсінсе ұрпағыма мәңгі өлмейтін, өлеңнен бір ескерткіш қалдырамын» депті. Айтса айтқандай, өміршең өлеңдерімен ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа өнеге еткені де шындық. Заманында шығармашылығы туралы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбек пайымды пікір білдірген екен. «Марфуға Бектемірова шынайы сезімнің ақыны. Оның өлеңдерінің алтын арқауы – адам, қоғам, табиғат. Түптеп келгенде, өнер атаулының тұғыры да осы үштаған. Бір-бірімен ұлы тұтастықта болатын осы үштаған құбылыстан Марфуға бәрін-бәрін де таба алған, тани алған. Оның өлеңдерін оқығанда жүрегің тазарады, үлкен арманның әлдиіне бөленесің. Туған жеріңнің қадір-қасиетін тереңірек сезіне түсесің».
Ақын шығармашылығының шынайы бағасы осы. Кеш соңында білім ошағының өнерпаздары Марфуға Бектемірованың сөзіне жазылған әндерді, төл әндерін орындап, жиналған қауымның көңілін бір көтеріп тастады.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.
Марфуға Бектемірова
КӨКШЕТАУ
Көкшетау көркіңе көз тоймаған,
Сен жайлы жазамын деп жүз ойланам.
Жүрсем де күнде көріп келбетіңді,
Сұлулыққа құмартам, қайран қалам.
Мұнша көркем табиғат неткен мынау,
Сұлулыққа мықтылық қарап шыдау.
Көкшетау Ақанының әнін шырқап,
Ойға шомған Шоқандай биік тұр-ау.
Сен жайлы толғанбай тұра алмаймын,
Жырламай бар әлемге сыя алмаймын.
Мөлдірлікті сезбесем көліңдегі,
Ақ жүзімді суыңмен жуа алмаймын.
Кең далаңа арман боп ораламын,
Көктеміңнің гүлі боп оянамын.
Тал бесікте тербеткен туған жерім,
Әлдиледің, әлпештеп аяладың.
Көңілді асқақ әнмен тербетіп ең,
Кіршіксіз, ғажап сұлу келбетіңмен.
Іңкәр етіп, арманға асықтырып,
Келесің кәусар жырға шөлдетумен.
![]()

