Көкшенің ақмаңдайы

Өнердің өз өкілі

Біздің бұл әңгімеміз Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың төл шәкірті, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, белгілі дәстүрлі әнші Мара Есмұханованың өмірі мен өнері жайлы болмақшы.

Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков ағамыз халық әндері мен халық композиторларының әндерін өз бояуында халқына жеткізіп, әсерлі дауысымен жан тебіренткен асқақ әнші еді.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, көп жылдар бойы сахнада тәжірибе жинақтаған Жүсекең 1965 жылы алғаш ашылған Республикалық эстрада-цирк студиясында Ғарифолла Құрманғалиев екеуі өз мектебін ашып, сол студияның директоры Гүлжиһан Ғалиеваның қолдауымен жұмыстарын бастады. Жер-жерден байқауға қатысқан қыз-жігіттердің ішінен өнері асқан өнерпаздарды өз мектебіне әділқазылармен бірге таңдап алды.

Бірде Мара Есмұқанова жолдасы Болат екеуі Алматыдағы республикалық сарайда өтетін «Сағындырған әндер-ай» концертіне қатысуға сонау Көкшетаудан келген екен. Олар концерттен бір күн бұрын Қазақ радиосының алтын қор бөлімінің есігін ашты. Енді әншімен болған сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Алтын: «Жер шоқтығы – Көкшетау» деп Біржан сал бабамыз шырқағандай,  Көкшетау өңіріндегі Алқатерек ауылында бойжеткен Мара бала кезінен өнерге бейімделді.  Ол ауылдың үлкендері той-думанда өлеңмен сөз қағыстырып жататын. Өнерді жанына серік еткен ақсары қыз облыстық байқауға қатысып, әділқазылардың көзіне түсті. Сөйтіп республикалық ән байқауына жолдама алды. Сол жолы әділқазылар ортасы Мараның өнерін мойындады. Студияға түсіп, Жүсекеңе шәкірт болды. Әр әнші үшін әншіліктің қыр-сырын ашып, сахнаға баулыған ұстаздың еңбегі ерекше.

Жүсекең өз кезінде ағасы Жақыпбектен, ән атасы – Әміреден үйренген Жүсекеңнен Мара дәріс алды. Сал-серілердің ауылынан келген Мара үшін әуелетіп ән салып, әннің иірімдерін шебер келістіре білу аса қиынға соққан жоқ. Мара ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі мен студенттік шақтың бал күндерін еске алып сыр ашты.»

Мара: Жүсекеңнің алдынан қыз-жігіттер дәріс алдық. Соның ішінде Ғалым Мұхамедин, Мырзахмет Мұқаманов және мен кәсіби сахнада жүрміз.

Жүсекең бізге әр әннің шығу тегін, қалай сезіммен, жүрекпен орындау керектігін айтып отырушы еді. Көңіліне жақпаса есіктен шығарып жіберуге дейін баратын. Жүсекең мені қатты жақсы көретін. «Сары қызымның жүрегі бар, әнді керемет айтады» деп еркелететін.  «Қабағың келмей отыр ғой, үйден бір хабар бар ма? Қарның ашып жүрген жоқ па?» деп еркелетіп, хал-жағдайымды сұрап отыратын. Алматыға келгенде Хабиба апамызға сәлем беріп тұратынмын. Жүсекеңді сағынамыз. Сол кісінің арқасында халықтың алдында еңбек етіп келеміз. Қайрат, Жәнібек, Тұрсынғазы сияқты әншілер Жүсекеңнің арқасында бағы жанды.

Мара студияны бітірген соң Жезқазғанның облыстық филармониясына жолдама алды. Ол кезде «Қаракөз» ансамблінің біраз әртістері филармонияға ауысып жатқан.

Мара: Филармония жаңа ашылып, Жақсыгелді Сейілов бар, Сәлімжан Сейілов, Роза, Ахат Байбосыновтар, Бағдат Сәмединова, қазіргі менің жолдасым Болат Есмұқанов бар, бәріміз бірігіп өнер көрсете бастадық. Сөйтіп жүріп, «Жезкиік» ансамблін құрдық.Біз жиырма жылдай осы филармонияда еңбек еттік. Талай елді мекенде халықтық дәстүрлі өнерді насихаттадық. Қазақ жерінде, сондай-ақ, туысқан республикаларға шығып, Германия, Исландия, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты жерлерде өнер сапарымен болдық. Қазір ширек ғасыр өзімнің туған елім – Көкшетауда, Ақмола облыстық филармониясында еңбек етіп келеміз.

Алтын: Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің өнер көрсеткен кезінде «Қаракөз» ансамблі де қазақ даласына танылып, Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі насихатталды. Ансамбльдің репертуарындағы жан тебірентер әндердің басым бөлігі Жақсыгелді Сейілов пен Болат Есмұхановтың төл шығармалары еді.

Сөз арасында Мара Жақсыгелді жайлы толғана еске алды: «Жәкең деген біртуар азамат еді. Біз барған кезде ансамбльде еңбек етіп жатыр екен. Жүректі елжірететін әндері көп. Көзі көрмесе де сенің мінезіңді, орындаушылық шеберлігіңді дөп басатын. Айтқан әніңнің бір жері ұнамаса, ескертіп, «сен оны шығарасың» деп үміт артып отыратын. Ақыл-кеңесін аянбайтын ағамызбен талай жыл бірге еңбек еттік».

Алтын: Жалпы, өмір бойы сахнада болса да, әндері алтын қорға жазылмай, ескерусіз қалып жатқан әншілер де баршылық. Белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім «Мара, әндеріңді радиоға жаз» дегенмен, ол құнттамапты. Кейін өкінгені де бар. Мара соңғы кезде ансамбльмен ән орындап жүр.

Мара: Ақмола облыстық филармониясында «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, қазақ ұлттық оркестрі бар. Екеуімен де ән айтамын. Кейде эстрадалық ансамбльмен де орындаймын.

Алтын: Әнші өз елінің де әндерінің насихаттаушысы ғой. Жергілікті сазгерлерден кімдердің әндерін орындайсыз?

Мара: Иран Тасқараның «Гүлнарым», «Жерұйығым» әндерін, Кәкімбек Салықовтың «Аққу жеткен», «Көкшетау» деген әндерін, Тыныштық Шаменовтың «Алқатерек – ауылым», «Анама» деген әндерін орындаймын. Кәрім Ілиясовтың «Көкшетау», «Зерендім» әндерін де репертуарымнан  үзбеймін.

Алтын: Көкшетау астаналық облыс болған соң өнер иелеріне деген қамқорлық жаман емес. Олар қыс айларында мерекелік концерттерге қатысса, жаз айларында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарын аралайтын көрінеді. Ал, енді сіз әнді Жүсекеңнен үйрендіңіз. Өзіңіз осы өлкедегі жасөспірім балаларға ән үйретуге қалай қарайсыз? Оған мүмкіндік бар ма?

Мара: Сабақ беру жайлы айтып жүрміз. Музыка колледжінде сабақ жүреді. Біздің ойымыз – филармония жанынан арнайы студия ашылса, тереңдетіп оқытуға мүмкіндік болар еді, әзірше ұсыныс жоқтың қасы.

Алтын: Сахна киелі дейміз. Сахнаға қазіргі жастар дұрыс киінбейді деп жатамыз. Өнер иесі Мара Есмұханова сахна сыры жайлы не дер екен?

Мара: Сахнаға төселу үшін жылдар керек. Мен сахнаға Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында Жүсекеңнің 70 жылдық мерейтойында бірінші рет шыққан едім. Менің аяғым дірілдейді. Сонда Жүсекең «сахнаға еркін шығыңдар, қорықпаңдар!» деген еді. Сахнаға жылы жүзіңмен еркін шығуың керек. Кейде жастардың кемшіліктерін көріп отырып, «әттеген-ай» деп отырамыз. Кейде көңіл толмайды.

Алтын: Сахнада жүргенде өнеріңізге тәнті адамдар болған шығар?

Мара: Ол кезде Кәкімбек Салықов басшылық орында қызмет етеді. Менің орындаған әндерімді естіп, қолдап жүретін. Кейін Мәскеуге қызмет бабымен ауысып кеткен кезде «Мараның дауысын сағындым. Маған үнтаспасын беріп жіберіңдерші! – деп, сәлем айтып жіберетін.

Алтын: Бұл сұхбат әнші Мара Есмұханованың 2011 жылы Алматыға келгендегі әңгімесі болатын.

Бүгінде 70 жасқа толып отырған нәзік жанды, ән құдіретін бір кісідей сезе білген атақты әнші Жүсіпбектің үміт артқан шәкірті Мара Есмұханованың көкірегі ән салып, осы бір мерейлі шақты достарымен, тілеулестерімен атағалы отыр. Осы шараға орай, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иесі Мара Есмұханованың өмірі мен өнері жайлы  жинақ та дайын болып қалды. Құдай қосқан жан серігі Болатпен әйгілі «Қаракөз» ансамблінде ән салып, қазақ даласын думанға бөлеген кездері көп еді. Енді, міне, ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, немерелеріңіздің жетістігіне шаттана қуанып отырған мамыражай, бақытты шақтарыңызда тойыңыз тойға ұлассын! Қазақ өнеріне сіңірген еңбектеріңіз еленіп, жетістіктерге жете беріңіздер! – дегім келеді.

Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақ радиосының ардагері.  

Суретте: халықтың сүйіктісіне айналған «Қаракөз» ансамблінің соңғы жаңарған құрамы: Жанабай Сәтжан, Ахмедия Есмұханов, Болат және Мара Есмұхановтар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар