Адамның асылы еді!

ҒҰМЫР-ҒАЙЫП

Бір жыл! Уақыт керуенінің осы бір он екі айдан құралатын кезеңі адам баласының бары мен жоғының арасындағы кеңістік болар, бәлкім?! Сол бар мен жоқтың арасында өмір жатыр! «Бүгін барсың, ертең жоқсың» деген адами қағиданың құзырына жүгінер болсақ, осы уақыт аралығында тапқаның да, жоғалтқаның да аз көрінбес еді. Барға қанағат етер тәуба көңілмен сөз бастай отырып, жоғалтқан жақсы бір адам жайлы сыр болсын бұл!   

Біз әңгіме еткелі отырған азамат өз тіршілігінде өз ортасы мен айналасына абыройлы, қадірлі де сыйлы бола білді! Несімен, қай қасиетімен дейсіз бе?! Адамдығы мен Адалдығы және аңқаулығымен дер едім!

Марқұм Серәлі Сұлтанұлы Жұманов жайлы сөз қозғаудың өзі мен үшін өте ауыр. Жаныңда жақсы адам жүргендігін, қасыңда адал ниетімен жаны ашыр бір адам  болғандығын енді… енді ұғына түскендейсің! Ол менің ең сенімді, маған деген көңілімен өте адал жан болатын. Пендешіліктен ада көңілімен өмір сүрді. Жан баласына жаны ашып тұратын адал да таза ниетімен, адал жанымен өмір сүрді!

Сол адал көңілімен мына дүниеден жан баласына тіл қатпастан да кете барды. Бойына жабысқан әлдебір сырқатын емдетем деп барып, ота жасатып еді, ес-түссіз қалды. Сол жатқаннан қырық күн бойы жалғыз жүрегі ғана соғып жатты. Мына жарық дүниемен де, айналасымен де, бізбен де үнсіз жатып, үнсіз қоштасып, үнсіз кетті.

Ол кеудесінде жаны бар, қол-аяғы сау, жүріп-тұрған кезінде де көп сөйлемейтін. Не айтсаң соны жөн деп, соны мақұлдап жүре беретін жаны жайсаңның өзі еді!

Сүйегі Атбасардың Алтайынан еді. Әкесі марқұм Сұлтан Шәйкенов Ұлы Отан соғысының ардагері де, анасы Бәкен Жұманқызы көп бала өсіріп, тәрбиелеген қарапайым жандар болатын. Сол қарапайым отбасының тумасы, алайда, тәрбиесі мен қалыптасуы нағашы әжесі Балғын Жұмкеқызы қолында өткен Серәлінің бойында әлдебір сырбаздық пен сабырлылық бар болатын.

Жастайынан сол әжесі өз жиені Серәліні бауырына басып, Мариновкадан Степнякқа алып келіп, өз аттарына түсіріп, «Жұманов» деген текті береді. Сол Жұманов Серәлі есейіп, мектепке барар шағында кәрі әжесі оны өз ата-анасына табыс етеді. Алайда, әжесінің бауырында өскен Серәлі үшін бұл бала жүрегіне үлкен салмақ түсірген-ді. Ол өзінің әкесі мен анасын, өзінен кейінгі бауырларын да жатсынып, сол ортаға бейімделе алмай, есіл-дерті Степняк, әжесі болды.

Дәл үйінің іргесінен күні-түні және ерсілі-қарсылы поездар жүріп жатыр. Бала ойымен осы поездардың біріне мініп, әжесіне барғысы келеді. Күн сайын соны ойлап, осы ойына бекінеді де, поезбен Степняк қаласына әжесіне жетіп қалуды ойлап, соған дайындала бастайды. Сөйтіп, әлдебір үлкен есігі ашық тұрған бос жүк вагонының біріне мініп, жасырынып отырып алмасы бар емес пе?! Әлгіндей болмай, поезд жұлқа жөнелгенде, жаңағы ашық тұрған вагонның үлкен есігі жабылып қалсын. Содан неше күн жүргенін білмейді, Мәскеудің әлдебір темір жол стансасында жол қараушылар әбден ашыққан, әбден үсті-басының жұлқасы шыққан баланы ұстап алып,  милиция бөліміне алып келеді.

– Мен сияқты үйінен қашып, ұсталған балаларды, асырап, сақтайтын арнайы орын болады екен. Соған алып келіп, жуындырып, жаңа киімдер беріп, тамақтандырып, күтетін болды. Орысша білетінмін. Қай жерден келгенімді, аты-жөнімді тергеп, сұрап та алды. Сөйтіп, сол арада, дайын тамағын ішіп, бағуда, бақылауда болдым. Күн сайын Мәскеу қаласын аралатады, саяхат ұйымдастырады. Бір күні бізді, біраз балаларды Лениннің мавзолейіне алып келіп, ұзынынан созылған кезекке қарамастан, кезексіз кіргізді. Мен сөйтіп Степняк қаласындағы әжеме барамын деп, Ленинге де барып, көріп келгенмін,  –  деп отырушы еді жарықтық.

Ленинді «көрген» сол Серәлі Жұманов есейе келіп, түрлі мамандықтарды игеріп, ақыры, әжесінің жанына келіп, өзінің еңбек жолын Степняк қаласындағы астық қабылдау пунктінде өндіріс шебері болып бастады да, кейін Алматыда жоғары оқу орнын аяқтап, Көкшетау қаласында өз еңбек жолын да, ғұмырын да жалғастырды. Сол кездегі Көкшетау астық  өнімдері басқармасында инженер, сол басқарманың бір бөлімшесінде бас инженер сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Ол өз өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақмола облыстық департаментінде өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік инспектор болды. Сол қызметінде жүріп Ақмола облысының 110 астық қабылдау пункттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылау жүргізді. Осы қызметінен зейнетке шықты.

Абыройлы қызметі үшін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы-2026» және «Еңбек ардагері», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Қазақстаннның мемлекеттік техникалық бақылауына 100 жыл» атты төсбелгісімен марапатталды. Есімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрлігінің «Қазақстанның тау-кен және өндірістік қадағалауына 100 жыл» атты кітапқа да енгізілді. Өзінің қызметінде  зор абыройға бөленген Серәлі Сұлтанұлы өз өмірінің соңына дейін өнеркәсіп саласындағы техникалық қауіпсіздікті сақтау жөнінде жас мамандарға дәріс оқыды, осы салада кадр даярлау ісіне де атсалысып жүрді. Қашан болсын қол ұшын беруден және қашан болсын көмекке келуден бір тартынып көрген жері жоқ Серәлі Жұмановтай ағаларын өз ұжымы осы күнге дейін құрметтеп, жылы рәуішпен естеріне алып жүреді.

Көкшетау қаласында өтті жарқын ғұмыры! Отбасын құрап, Мәриям Кәкімбекқызы екеуі қырық жыл жарасты ғұмыр кешті. Екеуінің де көңілдерінің кеңдігі соншалықты, үйлерінің есігі жабылмайтын, қазандары оттан түспейтін еді. «Серәлінің үйіне барып келейікші» дейтінбіз де, сол үйге келетінбіз де, осы арада көңілдері таза,  ниеттері түзу азаматтармен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрып, жадырап қалушы едік.

– Сен менен бұрын өлуші болма, мен кетейін сенің алдыңда. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын, – деп өз жан жары Мәриямға осы бір ауыз сөзін айтып отыратынын сан мәрте естіп те едім. Құдайым да жаны таза, ниеті түзу Серәлінің  сол тілегін бәлкім, қабыл да қылған болар…

Серәлі жарықтық өзінің қос тал гүлі – қыздары Айнұр мен Ажарды жанындай жақсы көріп, ылғиына еркелете білді. Көзінің қарашығындай сол қос қызын өбектеп, бар ғұмырын өз перзенттерінің бақытты болуына арнап өтті. Бұйрықты сәтінде өз алдына үй болған Айнұры мен күйеу баласы Дәуренді, жиендері Аяулым мен Айаруды қызықтады. Осы қос жиені – Аяулым мен Айарудың қылықтарын айтып, мәз болып отырушы еді жарықтық. Сол қос жиенін бала бақшалары мен одан кейінгі мектептеріне өз машинасымен өзі апарып, өзі әкеліп жүретін де, аталық парызын атқарып та кетті. Серәлінің ақкөңілі мен жан баласының бетін қайтармайтын мінезін және бала жандылығын жиендері де біліп алған-ды, не нәрсе қажет болса, тек аталарына айтатын-ды. Ал, аталары үшін Аяулым мен Айарудың айтқандары заң болатын, олардың дегендерін істеп, өзі соған масайрап жүретін-ді.

Міне, өзінің жүрген-тұрған, еңбек еткен, өз отбасы мен балалары үшін бар жанын салған, жүрегін ашқан Серәлінің өмірінің соңғы бір сәті де соқты. Ауыр отадан соң қырық күн бойы есін жимастан, ешкіммен тілге де келместен, сол өзінің сабырлы да, ұстамды кейпімен 2024 жылдың 10 қарашасында дүниеден өтіп кете барды.

Өкінішті… әрине, өкінішті! Тірі күнінде қадірлі-ақ болған Серәлінің қадірін ол мына жарық дүниеде жоқ болып жүрген бір жылдың аясында  бұрынғыдан бетер айқын сезінеміз. Орны толмас енді оның! Мына жарық дүниеде жаныңда жүрген әр адам баласының өз орны бар екен-ау! Кейісең кейіп жүргеніңді, қуанышың мен ренішіңді бөлісетін Серәлінің менің өз жүрегімдегі орны үңірейіп тұр. Жан баласына еш жамандық ойлауды білмейтін періште көңілімен айналасын толтырып, айналасын топтастырып, айналасын жақсылыққа бастап жүретін Серәлідей жан баласына еш жамандығы мен жаттығы жоқ асыл адамның ғұмыры қашан болсын, жарқын естеліктер мен жақсы көңілдерде сайрап тұрары анық. Өйткені, ол адамның асылы еді! Асыл адам ұмытылмайды!

                                            Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
     Қазақстан Республикасы Парламентінің
 Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Суретте: (солдан оңға қарай) Айнұр, Аяулым, Серәлі мен Мәриям, Ажар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар