Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Көкшетау қалалық Аналар кеңесі мен «Пробуждение» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, нәзік жандылар қауымына арналған «Денсаулық – отбасы бақытының кепілі» атты шағын конференция өткізді.
Іс-шарада медицина қауымдастығының өкілдері, психологтар мен педиаторлар, диагностикалық талдаулар мен зерттеулер жүргізетін лабораториялардың сарапшылары мен сауықтыру және алдын алу бағытында қызмет көрсететін мамандар бас қосып, әйелдерге өздерінің және отбасыларының денсаулығын сақтау бойынша ақыл-кеңестерін берді.
Шағын конференцияның мақсаты кез келген аурулардың алдын алу мен денсаулықты сақтауға байланысты мәселелерге әйелдер қауымы арқылы қоғам назарын аударту болып табылады.
– Бүгінгі конференцияның басты мақсаты – әр адамға, мейлі ол ана, мейлі әке, немесе бала болсын, денсаулықтың маңызды екендігін түсіндіру, денсаулығың сыр бере бастады ма, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет екендігін ұғындыру. Өкінішке орай, қазіргі статистика көрсетіп отырғанындай, көп жағдайда адамдар дәрігерге тым кеш қаралады, тіпті, індеттің бойына дендеп алған соңғы сатысында ғана барады. Біз сондай қиын жағдайларға тап болмас үшін, әйелдерге осындай шаралар ұйымдастырып, алдын алуға шақырамыз, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Марал Кенжахимова.
Жалпы, Көкшетау қалалық Аналар кеңесінің мүшелері әйелдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Ана болу, репродуктивті денсаулық, әйелдер күйзелісі мен тәуелділік секілді жағдайлармен күрес тақырыптарына арналған дөңгелек үстелдер, кездесулер мен түрлі акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып жүр.
– Біздің Аналар кеңесі халықтың денсаулығын жақсарту, аурулардың алдын алу бағытындағы іс-шараларды жиі өткіземіз. Есірткіге тәуелділік, ойынқұмарлық сияқты өзекті тақырыптарға да дөңгелек үстелдер ұйымдастырдық. Бүгінгі іс-шара өте өзекті. Оның барысында біз әйелдердің денсаулығы бірінші кезекте тұруы тиіс мәселе екендігін, олардың дені, жаны сау болса, отбасының да бақытты болатынын түсіндіреміз, оларға қолдау көрсетеміз, – дейді Көкшетау қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Нейла Сейдалина.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыруға, олардың санасына өз-өзіне қамқор болу ұғымын сіңіруге, сондай-ақ, жыл сайынғы медициналық тексеруден өту қажеттігін түсінуге ықпал етеді. Конференцияда сөз сөйлеген Alatau Lab лабораториясының өкілі Арман Басабаевтың келтірген статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, ел тұрғындарының небары үштен бірі ғана тұрақты түрде дәрігерлерге көрінеді екен. Ал, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды.
– Қазақстанда жыл сайын шамамен 6,5 миллион адам ғана дәрігерге қаралады. Бұл – ел халқының үштен бірі ғана. Ал, Еуропада әр адам жылына орта есеппен кем дегенде 4 немесе 8 рет дәрігерге барып, денсаулықтарын тексеріп тұрады. Айырмашылық өте үлкен. Біздің елдің әйелдер қауымы қаражатты түрлі анализдер тапсырып, өз денсаулықтарын қадағалау орнына көбіне тырнақ, кірпік жасау, басқа да сәндік бұйымдар алуға жұмсап жатады. Тіпті, кофе ішуге жұмсалатын уақыттың бір бөлігін медициналық тексеріске арнаса, олар денсаулық пен ұзақ өмірге қадам жасар еді. Әйел денсаулығы – отбасы жайлылығы мен бақытының басты кепілі, – дейді ол.
Жалпы, конференцияға гинеколог, психолог, диагностикалық зерттеулер жүргізетін лабораториялардың сарапшылары қатысып, әйел денсаулығына қатысты көптеген маңызды ақпараттармен бөлісті.
Қатысушылардың пікірінше, осындай кездесулер пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, әйелдерді уақтылы тексеруден өтуге және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға ынталандырады.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

