Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және осы саланы цифрландыру мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті.
Кеңес жұмысына өңірдің жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі Марат Ахметжанов егін жинау науқанын табысты аяқтаған аграршыларға алғысын білдірді. Оның айтуынша, биыл облыс диқандары тарихи көрсеткішке қол жеткізді, яғни, 7,5 миллион тонна астық жиналды.
– Биылғы өнім соңғы жылдардағы орташа көрсеткіштерден анағұрлым асып түсті. Бұл зор көрсеткіш өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Сіздердің еңбектеріңіз тек Ақмола облысының ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік тұрақтылығының негізін қалады, – деді бұл ретте, аймақ басшысы.
Жиынның негізгі тақырыбы – аграрлық саланы цифрландыру болды. Отырыста Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары барысында аймақта агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект технологияларын енгізу ісіне жоғары баға бергені атап өтілді.
– Біздің алдымызда тұрған жаңа міндет – заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі қарқынды дамыту. Бұл жай ғана үрдіс емес, уақыт талабы. Саланы цифрландыру, дәл егіншілік, автоматтандыру, мұның бәрі тиімділікті арттырып, шығындарды азайтып, отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді, – деді Марат Ахметжанов.
Бүгінде өңірде 120-дан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны өндірісте инновациялық шешімдерді сәтті қолдануда. Отырыс барысында «Дихан Плюс» және «Журавлевка-1» серіктестігінің тәжірибелік жобалары таныстырылып, ауыл шаруашылығын цифрландырудың оң нәтижелері көрсетілді.
Сондай-ақ, «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр мен «Ижевский» өндірістік кооперативінің бас директоры Тимур Жанғоразов агросекторға заманауи технологияларды кешенді түрде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

