Жасай бер, мұраты асқақ елім менің!

Мерейлі мереке

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Республика күніне және ел егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығына арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, облыс пен мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі жолында елеулі еңбек сіңірген ақмолалықтарға жоғары наградалар тапсырды.  

Осынау ұлық мерекені тойлауға арналған салтанатты шара, әрине, Мемлекеттік Туымызды ортаға шығарып, барша жиналған қауымның Әнұранды бірлесе шырқауымен басталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев   бұл күннің тарихи маңыздылығын алға тартып, «Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттігіміздің қайта жаңғыруының символы», – деп атап өткен болатын. Сол себепті Президент осыдан 3 жыл бұрын Ұлттық мейрам ретінде осы күнді қайта айқындады. Бұл 35 жыл бұрын егемендікке арқау болған тарихи құжат – декларацияның салмағын арттырып, елдіктің тұғырын бекіте түсті, – деп құттықтау сөзін бастады облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Халқымызда «Тәуелсіз ел – тұғыры биік ел» деген терең мағыналы ұғым бар. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өткені белгілі. Ұлы дала елі мемлекеттің орнығуы мен сақталуына ерекше үлес қосқан Жәңгір, Тәуке, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, одан кейін Кенесары Қасымұлы және басқа да аса көрнекті тұлғаларды басынан өткерді. 20-ғасырдың басында еліміздің туын бетке ұстар дарынды тұлғалар, арыстарымыз – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар көтерді. Олардың арасында ақмолалықтар Айдархан Тұрлыбаев, Смағұл Сәдуақасов, Мамбетәли Сердалин, Шәймерден Қосшығұлов, Біләл Молдыбаевтар да осы аңсаулы арманға өз үлестерін қосқан болатын.

Ел тарихына осылайша терең үңілген аймақ басшысы бұдан әрі жиналған қауымды ұлық мерекенің мән-маңызына бойлатып, өңірдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша қол жеткізген жетістіктеріне де кеңінен тоқталды.

Биыл Ақмола облысы еліміздің құт қамбасына 7,6 миллион тонна астық құйды. Бұл орайда, Марат Мұратұлы: «бүгін астық жинау науқаны нақты аяқталды. Былтырғы көрсеткіштен асып түсіп, еліміздің астықты өңірі екендігімізді тағы бір мәрте дәлелдеп отырмыз. Сонымен бірге, биыл майлы дақылдарды жинау бойынша да рекорд орнатып, 650 мың тонна өнім жинап алдық», – деп ағынан жарылды. Сондай-ақ, өңір басшысы баяндама барысында өңірдің ауыл шаруашылығы, өндіріс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет секілді бірқатар салаларында орын алған елеулі жаңалықтармен де бөлісті.

Сонымен бірге, Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған Целиноград ауданының «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр мен үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін кеудесіне таққан Бурабай ауданының «БУРАБАЙ-2007» кәсіпорнының бас агрономы Әсел Ағзамованы ерекше атап өтті. Бір айта кетерлігі, бұл күні Президент қолынан облыс әкімі Марат Ахметжанов «Барыс» орденіне ие болыпты.

Осы кеште облыс әкімі бір топ ақмолалықтарға еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында сіңірген еңбегі үшін Президент Жарлығымен марапатталған «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Мемлекеттік қызмет ардагері»  медальдарын, облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Жоғары наградаларға қол жеткізгендер арасында «Парасат» орденінің иегері атанған «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев,  Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев пен «Мәншүк-АЭ», «Ен – Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директоры Тимур Пішенов бар. Сондай-ақ, Құрмет орденіне еңбек ардагері Мұнарбек Батырханов, «Сепе — 2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  құрылтайшысы Омархан Саханов секілді өңірдің бетке ұстар азаматтары лайықты деп танылды.

Салтанатты шара соңы облыстың шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертіне ұласып, ән мен күйден шашу шашылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар