Көкшетаудың «Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасы 2025 жылғы Қазақстан Республикасы Кубогының күміс жүлдегері атанды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов клуб мүшелерімен кездесіп, оларды осы табысымен құттықтады.
– Сіздердің биылғы маусымдағы ойындарыңыз құрметке лайық. Табандылықтарыңыз бен спорттық шеберліктеріңіздің арқасында былтырғы Қазақстан Кубогындағы қол жеткен нәтижелеріңізді жақсартып, биыл екінші орыннан көріндіңіздер. Бұл сіздердің жеңіске деген құштарлықтарыңыздың белгісі, – дей келе, облыс әкімі кездесуде аймақ бойынша спорт саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Атап айтқанда, биыл Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталып келеді. Осы орайда, «Оқжетпес» клубына келешекте өз ойынын осында өткізу ұсынылды.
2021 жылдан бері баскетболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына тұрақты қатысуымен келе жатқан жерлестеріміз жыл сайын жақсы ойын өрнегін көрсетіп, ел біріншілігі мен кубок бәсекелерінің екеуінде де намысты қолдан бермеуде. Бұған клубтың осы уақыт ішінде бірнеше мәрте жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінгені дәлел.
Былтыр да жерлестеріміз Ұлттық лигада қола медальды қанжығаға байлаған болатын. Ал, жуырда 10-15 қазан аралығында Щучинск қаласында өткен Қазақстан Республикасы кубогы жолындағы бәсекеде жарысқа қатысқан сегіз команданың ішінен тағы да өз шеберліктерімен көзге түсіп, күміс жүлдені олжалады. Бұл орайда, әкім құттықтауы баскетболшыларымызды одан әрі жігерлендіріп, әрі қарай да табыс табысқа ұласатынына сенім мол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

