Ұл-қызы ел кәдесіне кәдесіне жараса, ол — ата-ана бақыты

Таяуда Италияда тұратын немере-жиенім Әсел, Мәскеуден МГИМО бітірген немерем Хадиша, Алматыдан Қазақстан-британ университетін аяқтаған немере-жиенім Әліби, тағы басқа да осындағы немере, жиендер мен шөберелер біздің үйде жинала қалды.

Барлығы 16 жан. Қарап отырып іштей қуандым. Олар менің бес баладан тараған ұрпақтарым ғой.

Қазақи ортада бала тәтті ме, әлде немере тәтті ме деген тақырып талқыланып қалады. Сонда кейбіреулері бала десе, кейбіреулері немере дейді. Екеуі де дұрыс шығар. Біз жұбайым Хамила екеуміз немере жағындамыз. Олай дейтініміз балаларымыз қызмет істеп жүрген кезімізде өсіп, жетілді. Әр түрлі шаруада, жағдайда жүріп, олардың қалай өсіп кеткендіктерін байқамай да қалған сияқтымыз. Бәрін оқыту керек болды, мамандық алуларын ойладық. Балаларымыз Қазан, Алматы, Қарағанды қалаларының сол кездегі өлшем бойынша тәуір дейтін жоғары оқу орындарын бітіріп, осы күні халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүр. Біреуі құқық органында істеп, зейнетке шықса, екіншісі бизнес саласынан таяу айларда зейнет жасына толады. Тағы екеуі ғылым кандидаты мен докторы. Ал, өзіміз зейнетке шыққаннан кейін балаларымыздан тараған ұрпақтардың әрбір қылығына, істеріне қарап қуанамыз, кейде налитын да кездеріміз болады. Содан да болар, бізге немере-шөберелер ыстықтау көрінеді. Олардың көңілдерін қайтарғымыз келмейді. Бірақ, жөнсіз ұсыныстар жасаса, оны түсіндіріп, ренжітпей орындамауғa тырысамыз. Сосын ұл баладан, қыз баладан тараған ұрпақтарға екі түрлі көзқараспен қарайтындар да бар. Меніңше, ол дұрыс емес. Бұл туралы әртіс Нұржан Тутовтың әзілі бар: былай қарасам маған туыс, өйткені, менің туған қызымнан туды ғой, ал, былай қарасам маған бөтен, руы басқа дейді. Меніңше қыз баладан туғанды немере-жиен деген дұрыс сияқты.

Сол жиналғандарында қарап отырсам, әрқайсысында бір ұмтылыс бар. Әзиза оқуын Малайзиядан бітіріп келіп, Сыртқы істер министрлігінде инвестиция тарту жағынан қызмет істеп, елімізге пайдасын тигізіп жатыр. Әсем де жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет жасап, бізге үш шөбере-жиен сыйлады. Рәбиға немереміз МГИМО-ның соңғы курсындағы оқуына аттанып кетті. Санжар Назарбаев университетіне грантпен түсіп оқып жатыр. Ал, Ибраһим республикалык физико-математика мектебінде оқып, колледжге ауысты, Әлихан робото техникамен айналысып, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегер болып жүр. Фатима ағылшын тілін тереңдетіп оқуда. Ең кішкентай немереміз Хайдар келесі жылы бірінші сыныптың табалдырығын аттамақшы. Осыларды көріп отырып, қалай қуанбасқа. Келешек жеткіншектерге осындай жағдай жасап отырған Президентіміз Қ.К.Тоқаевқа, Үкіметімізге алғысымызды білдіргіміз келеді.

Әлі де болса, елімізде ұрпақ тәрбиелеуде жіберіп жатқан қателіктер шаш етектен. Ұрпақты кім тәрбиелеу керек деген cұpaқ туып жүр. Ата-әже де жақсы, әке-шеше де жақсы. Көпшілік жағдайда ата-әже немере-шөберені ренжіткісі келмей, дұрыс емес жолға түсуіне себепші болуы мүмкін. Әке мен анасы жұмысбастылыққа салынып, баласының немен айналысып жүргенін байқамай қалатын жағдайлар болады. Негізінде бала тәрбиелеумен екі жағы да айналысқаны дұрыс, бірақ бұларда дұрыс бағыт беретін кішігірім бағдарлама немесе ауызша келісім болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев таяуда өткен республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде баланы мектеп-ата-ана-қоғам болып тәрбиелеу қажет екендігін атап өтті. Мұғалім мектепте оқушыларымен тәрбие жүргізуге міндетті, ал, мектептен тыс жерде бала бұзақылық жасаса, неге мектеп кінәлі, ата-ана мен қоғам қайда қарап отыр? Сондықтан, бала тәрбиесіне үшеуі де бірдей жауап бергені дұрыс болады ғой деп ойлаймын. Ата-ана үмітін ақтаған бала жаман болмас, ондай бала ел аманатын арқалай алса керек. Үлкендердің сөзін көкірегіне түйе білгендер елдік мүддені де ескеретіні сөзсіз. Бүгінгідей Республика күні ертеңгі үмітіміз – бала, оның тәрбиесі туралы осындай бір ой түйіп қойсақ артық емес.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт педагог.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар