Өз қолымыз өз аузымызға жетіп келеді

дала кемелерін өзімізде шығаратынымыз да соның айғағы

Облыс орталығында орналасқан «Kazrost Engineering» жеке компаниясы өңірдегі ауыл шаруашылығына серпін беріп отырған кәсіпорын. Ілкідегі «Вектор» комбайн зауыты» серіктестігінің өндірістік алаңын қайта жаңғыртып, заманауи техниканың модельдік қатарын көбейтуді қолға алған кәсіпорын жұмысы өрге басқан сайын ауыл шаруашылығына мол септігі тиіп келеді.

Өтпелі кезеңнің қиын түйінінің бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың әбден тозығы жетіп, диқандар бір қолын екі ете алмай, сансыраған сәті еді. Кейін мемлекеттік қолдаудың және  инвестицияның арқасында мәселе шешіле бастады. Қазір кәсіпорын 12,1 гектар алаңда астық комбайндарын шығаруда. Осы алаңда екі өндірістік цех орналасқан. Өздерінің темір жол тұйығы бар. 2025-2026 жылдары жаңа заманғы металл өңдейтін құрылғылар сатып алу көзделген. 2021 жылдан бастап «ҮТО» бренді тракторларының конвейерлік өндірісі жолға қойылды. Бір айта кетерлігі, жеке компания «Ростсельмаш» брендінің ауыл шаруашылығы техникасының қазақстандық өндірушісі болып табылады.

– Соңғы жылдары комбайнның 40 пайызы өз елімізде өндірілетінін айта кетуіміз керек, – дейді кәсіпорын басшысы Азамат Жақыпов, – біз осы жылдар ішінде 2300 комбайн, комбайнға қажетті 4500 жатка, көптеген сабан турағыш тәрізді құрылғыларды шығардық. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 700 комбайн мен 9 түрлі 1000 трактор шығаруға қауқарлы. Жыл өткен сайын диқандарға ұсынатын техника түрлері көбейіп келеді. Бұл арада айта кететін бір мәселе, Қазақстанда өндірілген қажетті бөлшектер хақында. Өз өніміміздің үлес салмағы өссе, комбайн бағасының тиісті мөлшері ел есебіне жатады. Кәсіпорында 275 адам еңбек етеді. 2020 жылы өндіріске 4,8 миллиард теңге инвестиция құйылған.

Өңір диқандарының ойлаған жерінен шығып отырған заманауи астық комбайндары мен тракторлар дайындайтын компанияның өндіріс алаңын аралап көрдік. Қажетті металдарды кесетін, иетін, өңдейтін, бояп кептіретін, дәнекерлейтін заманауи станоктардың жанында жұмыс қайнап жатыр. Жаңа заманғы құрылғылармен қаруланған жұмысшылар бес түрлі комбайнның ондаған данасын құрастыруда. Бір айта кетерлігі, еліміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысына орай, трактордың 9 түрі шығарылады екен. Оған қоса, қуаты әрқилы тағы бірнеше трактор үлгісі құрастырылмақ. Бәрі де жергілікті жерде жұмысқа ыңғайлылығы, ұзақ уақытқа шыдас беретін беріктігі нақты тәжірибеден өткеннен кейін ауыл шаруашылығы құрылымдарының сеніміне ие болған.

Міне, металл кесу цехы. Қажетті металл алдын ала дәл өлшеніп, компьютер бағдарламасына енгізілгеннен кейін әп-сәтте құтты қолмен қойғандай етіп ойылып алынады екен. Цехтағы жұмыстың бәрі қалыпты ырғақпен, еш мүлтіксіз атқарылып жатыр. Жұмысшылар да күнделікті машықты істерін атқаруда. Таяқ тастам жердегі дәнекерлеу аппараттары орнатылған цехта да бір ырғақты жұмыс атқарылуда. Құрастыру барысындағы қажетті тетіктерді бір-біріне дәнекерлеп, комбайнның жаткаларына қажетті бөлшектерді құрастыруда.

– Кәсіпорындағы бір түйткілді мәселе, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, – дейді Азамат Темірғалиұлы, – біздің кәсіпорында негізінен, бұрынғы механизаторлар жұмыс істейді. Орташа еңбекақы көлемі айына 430 мың теңгеден келеді. Маусымдық қарбалас жұмыс кезінде екі ауысыммен жұмыс істейміз. Міне, сол сәтте әрбір жұмысшы өзінің атқарған ісіне орай табыс табады. Нақтылап айтатын болсақ, еңбекақы мөлшері 600-700 мың теңгеге дейін жетеді. Тасымалдау үшін автобус бөлдік, тегін тамақтандырамыз. Барлық әлеуметтік жағдай қарастырылған. Әйтсе де көктемгі егіс, күзгі егін орағы кезінде жұмысшылар көбірек табыс табу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына, маусымдық жұмысқа кетіп қалады. Қыста оларда жұмыс болмағаннан кейін бізге келеді. Облыс орталығы шағын болғанымен, біздің кәсіпорын тәрізді ондаған ұжым жұмыс істейді. Осы ұжымдардың көпшілігі маман кадрларға зәру. Біз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен меморандумға қол қойдық. Олардың студенттерін тәжірибеден өткізіп, ел болашағы үшін жұмыс істеп жатырмыз.  Қалада бірнеше кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер бар, солай бола тұра, табысы мол кәсіпорнымыз жұмысшы күшіне зәру болып отыр. Осы мәселені жалғыз біз ғана емес, жалпы жұрт болып ойлануымыз керек. Мұның арғы жағында жастардың жұмыстан қол үзіп кетуі деген үлкен мәселе жатыр. Ол әрине, тәрбиеге байланысты шығар. Елдің болашағын ойласақ, мұның өзі ескермеуге болмайтын дүние.

Кәсіпорын басшысының айтып отырған мәселесі өте орынды. Облыс орталығы үшін жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған ұжымның мүшелерімен, яғни, қарапайым еңбек адамдарымен де тілдестік.

– Кәсіпорындағы жұмысымызға разымыз, – дейді цех шебері Сексенбай Жаңабай, – өзім осы кәсіпорынға жұмысқа орналасқалы бес жыл уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қатардағы жұмысшыдан цех шеберіне дейін көтерілдім. Толымды жалақымыз уақытылы қолымызға тиеді, оның үстіне сыйақымыз бар. Кәсіпорын еңбек адамдарын ортақ іске ұйымдастыру бағытында тәп-тәуір жұмыс істеуде. Мерекелерді де атап өтеміз. Әсіресе, Наурыз мерекесі кезінде кәсіпорын жұмысшылары бір серпіліп қалады. Еңбек адамының тыңғылықты атқарылған еңбегі бағаланады, өзім бірнеше мәрте Алғыс хаттарға ие болдым. Әріптестерім де еңбектерінің ақталғанына разы.

Көптен жұмыс істейтін тәжірибелі жұмысшылар жастарды үйретуге ықыласты. Облыс орталығындағы кәсіптік-техникалық колледждердің білім алушылары дуальді оқыту жүйесі бойынша тәжірибеден өткен кезде олардың бәрі   ағалық қамқорлықтарын көрсетеді. Өйткені, ел ертеңі баршаға ортақ.

Өңірдегі диқандар да қуатты техникалардың қауқарына тәнті. Қазіргі күні механизаторлардың жетіспеушілігі көпшілікті алаңдатып отырғаны белгілі. Түбінде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары дәл осындай жаңа техникалармен қапысыз жарақтанса, аса көп механизаторлардың қажеті болмай қалуы әбден мүмкін. Бұрынғыдай бір күн жүрсе, екі күн тоқтап тұратын тозған трактордың үш-төртеуінің жұмысын жалғыз өзі атқаратын жалғыз трактордың жұмысы өнік. Алқаптағы астық комбайндары да дәл осындай. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, бұлардың астық комбайндары мен тракторлары еліміздің барлық өңірінде сұранысқа ие. Ең бастысы, сервис жұмысы жолға қойылған. Егер көктемгі егіс немесе егін орағы кезінде техника істен шыға қалса, кәсіпорын мамандары 24 сағаттың ішінде жөндеп, қатарға қосуға дайын.

– Бұл өте маңызды шаруа, – дейді кәсіпорын басшысы, – халқымызда «көктемнің бір күні жылға азық» дейтін аталы сөз бар емес пе? Күзде де солай. Ашық күннің әрбір сәтін тиімді пайдалану керек қой. Сондықтан, біз өзіміздің жауапкершілігімізді арттырып, облыс диқандарына көмек қолын созуға дайынбыз.

Ақтылы дән өсіріп, дархан дала төсінде тынымсыз еңбек етіп жатқан дала ерлері дәл осындай техникалармен жарақтанса, ел ырыздығының еселене түсетіні даусыз. Республика күні осыны да қадай айта түскіміз келеді.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар