Арыңнан безбе, құлайсың. Балаңнан безбе жылайсың!..

Қойылым түйіні

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтың «Қораптағы қоқыс» драмасында көрермендер залға лық толды.

Белгілі қаламгердің 73 жасқа толуына орай, арнайы қойылған спектакльді  қалың жұртшылықпен Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары Алтынай Әміренова, Досұлан Айтбаев, Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев, Ақмола, Көкше өңірлерінің зиялы қауымы мен танымал азаматтары, қаламдас әріптестері бірге тамашалады.

Жазушының «Қораптағы қоқыс» шығармасындағы тастанды сәбилердің тағдыры қоғамда өз өзектілігін жоймай келе жатқан тақырыптардың бірі екендігі даусыз.  Сол үшін де ол драматургия жанрында жазылып, бүгінде театр репертуарынан ойып тұрып орын алған сүбелі драмаға айналып отыр. Қоғам дертін тап басып, оны емдеу мен болдырмауды мақсат етіп, қалың көрерменге ой салуды көздеген қойылымның осыдан бірнеше жыл бұрын осы театрда премьерасы өткен еді. «Қораптағы қоқыстың» алғашқы премьерасын сол кездегі қалың көпшілік жылы қабылдап, жоғары баға бергені есімізде.

Бұл жолы да қойылымның қоюшы режиссері,  театр директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жарас Қалдаров ойнап жүріп от басып, опық жеген Камиланың қиын тағдыр жолы арқылы өрбитін оқиғаны сахнаға лайықтап, көрермен қауымға ой салу үшін барын салғаны көрініп тұрды. Расында да, балалар үйінің терезесінен телмірген тастанды балалардың тағдыры кім-кімді болмасын толғандырмай қоймайды.

Албырттықпен алданып, өз сәбиін балалар үйіне тапсырған Камила өз әрекетіне кейін қатты өкінеді. Өзегін өртеген өкініш азабымен жүріп, сәбиін қайта алуға барғанда оны шетелдіктер асырап алғанын естіп есеңгірейді. Байлығымен малданып, шалқып тасыған, ойсыз, ысырапшыл кәсіпкер Дәленмен арасын суытып, мына дүниеден баз кешіп кетпекке бекінеді. Сөйтіп,  қаңғыбастармен бірге қоқыс аралап күн көре бастаған Камила құдайдың құдыретімен қоқыс арасынан жаңа туған сәби тауып алады. Бұл шақалақ Камиланың тірлігін жаңа арнаға бұрып, өміріне шуақ сыйлайды. Осылайша, өрбіп отыратын шытырманға толы қойылым бүгінгі күннің ащы шындығын алға тартып, адамдықтан безген тасжүрек қоғамның бет-бейнесін айна қатесіз көз алдыңызға әкеледі.
Қойылым аяқталған соң, сахнаға Ақмола облысы әкімдігінің ықылас гүлі әкелініп, шығарма авторы Жабал Ерғалиевтың туған күніне арналған тілек-лебіз білдіруші тұлғаларға кезек берілді. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың «Алғыс хаты» мен сый-сыяпатын, ел Астанасынан жеделдетіп жеткен Қазақстан Республикасы мәдениет министрі Аида Балаеваның Құттықтау хатын табыстап, содан соң өз тарапынан бүгінде ел ағасына, мемлекет деңгейіндегі тұлғаға айналған ардақты жанның шығармашылық, мемлекетшілдік және қайраткерлік жолына қысқаша шолу жасап, өзінің игі тілегін жеткізді. Одан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова да қойылым авторына мықты денсаулық, қажымас қайрат пен күш-қуат тіледі.

Жиында белгілі меценат, мәдениет және ұлт жанашыры Досымхан Аралбаев та сөз сөйлеп, «Қораптағы қоқыс» қойылымына қатысқан шығармашылық ұжым мүшелерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы беретінін жеткізді. Белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек те бауырлықтың үлгісін паш етіп, өзінің арнау өлеңін оқып берді.

Содан соң, сахна төріне көтерілген «Демеу сенім» қоғамдық қорының жетекшісі, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Құралай Жұмабекова мен тастанды балаларды асырап алған ата-аналардың бір тобы бүгінгі қойылым жайында өз ойлары мен шығарма авторына деген ақ тілектерін жеткізді. Құралай Жұмабекованың айтуынша, аталған қоғамдық қор тарапынан атқарылып жатқан игі істер жыл санап артып келеді. Мәселен, осы уақыт аралығында қордың ықпал етуімен 38 бала өзінің жаңа отбасымен қауышып, өмірге жаңаша қадам басыпты. Бұл дегеніңіз терезеден телміріп, ата-анасын күтумен күн өткізетін балақайлардың енді шын мәнінде өз ата-анасы, бауырлары бар дегенді білдіреді. Лайым солай болғай, балақайлар мұңаймасыншы … Бұған дейін Ақмола облысында бәрі дерлік жабылған балалар үйлері енді болмасын деп тілейміз.

– Біздің мүддеміз бала асырап алғысы келетін ата-аналарға көмектесіп, жетім балалардың санын азайту, тіпті, мүмкіндік болса, облысымыздағы балалар үйі атаулыны толық жауып, жетімдерді жылатпау, оларға қамқор болатын жүрегі жомарт жандарды іздеп тауып, балаларды солардың бауырына салу. Бір қуанарлығы, соңғы үш жыл көлемінде облыс бойынша тастанды балалар туралы дерек тіркелген жоқ. Бұл да болса, қоғамымыздың ептеп түзеліп келе жатқанын білдіреді, спектакльдегі бұл  тақырып бүгінгі күннің трагедиясы. Сондықтан, осы сәтті драмасымен бәрімізге тағы бір үлкен ой салған шығарма авторына зор алғыс білдіремін. Бүгінгі туған күніңізде  қаламыңызға қуат, өзіңізге денсаулық тілеймін, – деді Құралай Жұмабекова жиында тебірене сөйлеген сөзінде.

Содан соң, жиын соңында қойылым авторы Жабал Ерғалиевтың өзі де сөз алып, осы спектакльге келген барша қауымға өз алғысын жеткізді.

– Бұл шығарма ертеректе жазылып еді. Оның бүгінде өз өзектілігін жоймай отырғанын ескеріп, театр сахнасына сәтті әрі ұтымды алып шыққан өнер ұжымына, осы спектакльді көруге келген көрермен қауымға алғысымды айтамын. Біз ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елдің баласымыз. Сол себепті, мұндай сұмдықтар қоғамымызда орын алмауы керек. Біз қайткен күнде де мұның алдын алуға тиіспіз. Бұл жайында шығармалар жазылып, қойылым қойылуы жеткіліксіз. Осы ретте, балалардың тағдырына алаңдап, көптеген жандарға қол ұшын созып келе жатқан Құралай қарындасымыздың ісі қуантарлық іс. Сіздердің алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, барша балалар өз ата-анасының жанында бақытты ғұмыр кешсін, сәбилер жыламасын деп тілеймін, – деді ол өзінің қорытынды сөзінде.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар