Жағымды жаңалық
Елорданың іргесінде Қазақстанның экологиялық және аграрлық болашағы үшін аса маңызды оқиға орын алды, яғни,«KAZ AGRO CARBON» агроклиматтық карбон полигонының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл жоба Қазақстанның жаһандық климаттық өзгерістермен күрестегі ұзақ мерзімді стратегиясының негізі 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету міндеттемесін іске асыруға бағытталған.
Полигон Ақмола облысы, Шортанды ауданының құрғақ далалы табиғи ауыл шаруашылығы аумағында, Батыс-Сібір ойпатының оңтүстік бөлігіне қарай орналасқан.
Жаһандық деңгейдегі бұл міндетті орындау үшін кешенді және жүйелі жұмыстар, соның ішінде жасыл технологияларды дамыту қажет. Полигонның іске қосылуы осы кешенді жұмыстардың маңызды ғылыми негізі болып табылады. Жиынды ашқан Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев іс-шараның маңызына тоқталды.
– Құрметті әріптестер, барлық елдерде екінші ең үлкен парниктік газ шығарындыларының көзі – біздің елімізде. Қазақстан өзінің үлкен аумағымен және егістік жерлерінің үлкен ауданымен көміртегі секвестрациясы (сіңірілуі) бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие, бұл көміртегі концентрациясының азаюына ықпал етеді. Қазақстандағы климаттық саясат атмосферадағы көміртегі шығарындыларын жылына 325 миллион тоннаға дейін қысқартуды көздейді, бұл аграрлық сектордың белсенді қатысуын талап етеді. Осыған байланысты, Ресей Ғылым Академиясының Агроэкология Федералдық ғылыми орталығымен серіктестікте құрылған осы полигон азық-түлік қауіпсіздігі міндеттерін ұлттық климаттық стратегия мақсаттарымен біріктіруге мүмкіндік береді. Ел ғалымдары агроэкожүйедегі шығарындыларды азайту және парниктік газдардың сіңірілуін арттыру бойынша технологияларды әзірлеп, сынақтан өткізетін болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін полигон экологиялық және экономикалық артықшылықтарды біріктірудің маңызды құралына айналады, оларға ғылыми-зерттеулер мен сынақтардың нәтижелерін нақты өндірістік жағдайларда пайдалануға практикалық мүмкіндік береді және жинақталған көміртегіні сертификаттау жүйесіне және көміртегі кредиттерін және қосымша кіріс алу үшін шығарындыларды сіңіру тетіктеріне қол жеткізуді ашады. Елімізде карбондық жер шаруашылығын табысты дамыту үшін көміртегіні басқарудың жүйелі моделі қажет. Жалпы айтқым келетіні, Қазақстан үшін карбондық жер шаруашылығы – бұл жаңа бағыт. Мұнда ғылым озық болуы тиіс. Жаңа институт, айта кету керек, біз бағалаймыз. Көптеген елдер, әсіресе, Еуропа елдері, көміртегі есептеулерін белсенді және сәтті саудалап жатыр. Бағдарлама көміртегі сақтайтын және үнемдейтін аграрлық технологияларды енгізуді, биоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, көміртегі балансын мониторингілеу жүйесін құруды, топырақтағы органикалық көміртегі секвестрациясының нормативтерін негіздеуді, сондай-ақ, ел аумағында карбон полигондарының желісін дамытуды қарастырады.Сөзімді аяқтай келе, ресейлік әріптестерімізге Қазақстандағы осы маңызды жобаны қолдағандары үшін ерекше алғыс айтқымыз келеді, – деді А.Күрішбаев.
Конференцияға қатысушылар қатарында шетелдік қонақтардан Готфрид Вильгельм Лейбниц атындағы Ганновер университетінің Топырақтану институтының директоры Георг Гуттенберг онлайн режимде қосылды. Ал, ФАО халықаралық сарапшысы Айжан Қарабаева, А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Тимур Савин сияқты қонақтар іс-шараға арнайы келіп, мінберден сөз сөйледі. Ресей Ғылым Академиясының мүшесі Александр Беляев та жобаның екі елдің ғылыми әлеуетін біріктірудегі рөлін атап өтті.
– «KAZ AGRO CARBON» полигонын құруға 2025 жылдың сәуір айында Алматыда ашылған Қазақстан-Ресей Агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар орталығынегіз болды. Бұл орталық трансферт пен инновацияны енгізуге арналған. Полигон – көміртекті, карбонды жер шаруашылығына көшудің бастапқы алаңы болады, – деді Беляев.
Фермерлерге арнап жобалар дайындаймыз. Олар сол карбон бірліктері арқылы көміртегі кредиттерін алады. Ал, оларды мұнай-газ кешені, металлургтер және басқа да ірі компаниялар сатып алатын болады. Өйткені, олар экспортқа шығаратын өнімдері үшін көміртекті бейтараптыққа міндетті. Ең қымбат ресурс – адамдар. Бүкіл Қазақстанға екі ондық жақсы маман жеткілікті. Оларды дайындау керек. Бұл мәселемен университеттер мен ғылыми ұйымдар айналысуы тиіс, – деп түйіндеді ол.
Ауыл шаруашылығы парниктік газдарды шығаруда екінші орында немесе екінші ірі шығарынды көзі. Жобаның негізгі мақсаты –экологияны тазарту. Конференцияда сөз алған FAO жоба үйлестірушісі Айжан Қарабаева маңызды деректерді келтірді. Ауыл шаруашылығы энергетика секторынан кейінгі парниктік газдардың ірі көзі болып саналады. 2050 жылға қарай әлемдегі егістік жерлердің 10 пайызы климаттық тұрғыдан жарамсыз болу қаупі бар.
Қазақстан бұл полигонды іске қосу арқылы Ресей, Еуропа Одағы және АҚШ сияқты елдердің тәжірибесін зерделейді. Әлемдегі «Көміртек фермерлігі» тәсілі көміртегін тиімді сіңірген фермерлерді қаржылай ынталандыруға, яғни, көміртегі кредиттерін сатуға негізделген.
«KAZ AGRO CARBON» полигонының негізгі міндеті – осы механизмдерді жергілікті жағдайға бейімдеу және мониторинг, есеп беру, тексеру жүйесін дамыту. Бұл жүйе шығарындылар мен сіңірімді дәл өлшеуге және Қазақстанның халықаралық көміртегі нарықтарына шығуына мүмкіндік береді.
Болашақта парниктік газ нормасынан асып кеткендер арнайы төлем төлейді, ал бұл қаражат көміртекті сіңіруге жұмыс істейтін шаруашылықтарға бағытталады. Бұл жүйе арқылы фермерлер өнім өндіруші ғана емес, экологияны сақтаушы ретіндегі жаңа рөлге ие болады.
Қорытындылай келе, «KAZ AGRO CARBON» полигоны – Қазақстанның климаттық дағдарысқа қарсы күресіндегі стратегиялық қадамы. Оның нәтижелері елдің 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жетуіне зор үлес қосады және ауыл шаруашылығын тұрақты дамудың инновациялық жолына бағыттайды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.
![]()

