Оңды-солды таратылған жағдайлар да бар

Жерді иесіз деме!

Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жер қатынастары саласындағы қадағалау қызметінің нәтижелерін жариялады.

Оның мәлімдеуінше, есепті кезеңде прокуратура органдарының күш салуымен жалпы құны 5,3 миллиард теңгеден асатын 53 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл көрсеткіш өңірдегі жер заңнамасының сақталуына бағытталған қадағалау жұмыстарының маңыздылығын көрсетеді.

Облыс аумағының ауқымы – 14 жарым миллион гектардан астам. Оның 74 пайызы немесе 11 миллион гектарға жуығы ауыл шаруашылығы жерлеріне тиесілі. Осыған орай, жер қатынастарындағы ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар ретінде жергілікті атқарушы органдардың заңсыз жер беруі немесе жердің өз мақсаты бойынша пайдаланылмауы. Жыл басынан бері жүргізілген 42 тексеру мен талдау қорытындысы бойынша 44 қадағалау актісі толтырылып, 9 жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Баспасөз мәслихатында пайдаланбаған жерлерді мемлекетке қайтару бойынша нақты мысалдар келтірілді. Мәселен, Ақкөл ауданында демалыс базаларын ұйымдастыру үшін берілген, бірақ, бірнеше жыл бойы игерілмеген орман қорының 13 учаскесі бойынша жалға беру шарттары бұзылып, жерлер мемлекетке қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 3,6 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ, Ерейментау ауданындағы «Стаханово-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 5 528 гектар, ал, Бурабай ауданындағы олигополия субъектісі «Кипрос» ЖШС-нан 12 жыл бойы бос тұрған шыны зауытының құрылысына арналған құны 53 миллион теңге 3 гектар жер телімі қайтарылған.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылықтардың бірі – жер учаскелерін сауда-саттықсыз заңсыз беру. Жер кодексіне сәйкес, жер телімдері тек сауда-саттық арқылы берілуі керек. Алайда, Зеренді ауданында «бау-бақша салу» деген сылтаумен 1 гектардан артық 30 жер учаскесі заңсыз берілген. Бұл конкурс рәсімдерін айналып өтуге мүмкіндік берген. Бұдан басқа, Көкшетау қаласында жеке кәсіпкерге мемлекеттік қажеттілік үшін «қажетсіз» жерлерді алып, оның орнына коммерциялық тартымды екі учаске берілген факті анықталып, прокуратура актісімен бұл жерлер де қайтарылды.

Маңызды мәселелердің бірі – жайылымдық жерлердің тапшылығын азайту. Прокуратураның бастамасымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Соңғы екі жылда қабылданған шаралармен 100 мың жер учаскесін қоғамдық жайылымға беру арқылы тапшылықты азайтуға мүмкіндік туды. Мысалы, Ерейментау ауданынан қайтарылған 5 жарым мың гектар жер Бестоғай ауылдық округіне мал жаю қажеттіліктерін өтеу үшін берілген.

Брифингтегі ең өзекті тақырып – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жерлерін қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар болды. Үкімет Қаулысымен құрылған ұлттық парк жерінен 2002 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар бір мыңнан астам 300 гектарлық учаскені заңсыз берген. Бүгінде шекараны заңсыз өзгерту актілеріне енгізілген 3 талап арыз қанағаттандырылып, паркке 85,8 гектар бос жер қайтарылды.

Прокуратура қазіргі уақытта 176 учаскені иеліктен шығару туралы 142 талап арыз енгізді, оның ішінде 31,8 гектар болатын 62 учаске бойынша 34 талап арыз қанағаттандырылған. Тек қана игерілген жеке тұрғын үй құрылысы және гараждарға арналған учаскелер ғана алынбайды. Ал, игерілген коммерциялық мақсаттағы учаскелерді салынған нысандарды бұзбау үшін иелеріне ұзақ мерзімді жалға беруге қайта ресімдеу мәселесі пысықталуда.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар