Әне-міне, бір орталықтан ауыз суды күтіп отыр

Жағымды жаңалық

Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша ауқымды жоба аяқталуға жақын. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарын толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бағытталған.

Бас мердігер «Көкшетаугидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айында бастаған еді. Бүгінде нысан  толықтай дерлік салынып бітті. Қазір құбыр желілерін сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сорғы станциясының аумағы абаттандырылып, электрмен жабдықтау бағандары мен трансформатор орнатылуда. Тайтөбе ауылының әкімі Парасат Досмағанбетовтың айтуынша, бұл жобаның тұрғындар үшін маңызы зор.

– Су тарту жұмыстары 2017 жылы басталғанымен, жауапсыз мердігерлердің кесірінен тоқтап қалған болатын. 2024 жылдың күзінде құрылыс қайта жанданып, қазір аяқталуға жақын. Осы айдың ортасына таман Тайтөбе ауылы толықтай орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылатын болады, – дейді ол.

Әкімнің айтуынша, ауылда ресми түрде 3300 адам тіркелгенімен, іс жүзінде шамамен 7 мың адам тұрады. Бұл Тайтөбенің елорданың іргесінде орналасуымен және жеке тұрғын үй құрылысының қатты дамуымен болып отырған халық өсімі. Жаңа су құбыры осы ерекшелікті ескере отырып салынуда және барлық тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге толық жеткілікті.

– Әр үйдің ауласында тереңдігі 9–11 метр болатын құдықтар бар, бірақ енді орталықтандырылған су жүйесі іске қосылған соң, мұндай құдықтарға деген қажеттілік мүлдем азаяды, – деп атап өтті өз сөзінде М.Досмағанбетов.

«Көкшетаугидрогеология» ЖШС-нің бас директоры Сансызбай Хаметовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде.

– Біз жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын су құбырын, соның ішінде ауыл ішіндегі тарату желілерін толық төсеп шықтық. Сорғы станциясын салып, үш ұңғыма бұрғыладық, аумақты абаттандырдық. Қазір суды іске қосуға және оны тазарту станциясына беруге дайындық жүргізіп жатырмыз. Осылайша, Тайтөбе ауылында енді ауыз су мәселесі біржола шешілетін болады, – дейді ол.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар